Кейіпкер портреті

Кейіпкерлердің портретін сипаттайсың.

1. Міржақып Дулатұлы туралы не білесің? Бір-біріңе 3 сұрақ қойып, ой бөлісіңдер.

2. Түсініп оқы.

Аяулы Жақаң

  Міржақып менен көп кіші, әрі інім, әрі баламдай қолымызда тәрбиеленді. Дәнеш шешелері баласын апыл-тапыл жүре бастағанында-ақ арқасынан түсірмей, ауыл сыртында молдадан оқып жатқан шәкірттердің жанына барады екен. Баласы жығылып қалмасын деп, күңшаш деген жұмсақ шөпті жіп тәрізді есіп, белінен байлап, өзі бір ұшынан ұстап, балалардың арасына қоя беріп, қызығына қарап тұратын болса керек. Олардың қағаз-қаламдарына жармасқан баласын көрген шешесі мәз болып: «Менің жаным да ержетіп, оқымысты болады, көрген аян түсім бар, сол келеді» деп қуанады екен. Бірақ анасы Дәнештің өмірі ұзақ болмады. Міржақып бар болғаны екі жасқа толғанда, жетім қалды.
  Міржақып өзі қатарлас балалардан бойы аласалау болып өсті, бірақ денесі тығыршықтай жұмыр, шапшаң қимылды болды. Үстін таза ұстап, жинақы жүретін.
  Әкеміз Міржақыпты жастайынан оқуға берді. Оның алғаш сауатын ашқан кісі – Мұқан Тоқтыбаев. Міржақып ауыл мектебін үздік бітіріп, оқуын әрі қарай жалғастырып, Торғайдағы екіжылдық мұғалімдер училищесіне түсті. Мұны бітіргеннен кейін де өз білімін толықтыру үшін көп ізденетін. Сол кездегі белгілі орыс, татар жазушыларының кітаптарын оқитын. Газет беттерінде жарияланып жүрген екі кісінің жазғандарын қатты ұнататын. Авторларын сырттарынан ғана білетін. Бұл кісілердің бірі – ақын Ахмет Байтұрсынов, екіншісі – белгілі қайраткер Әлихан Бөкейханов болды. Міржақыптың бар арманы осы екі ағасымен кездесу еді…
  Оның тұңғыш өлеңдер жинағы «Оян, қазақ!» аты- мен жарық көрген. Міржақып қолына кітабы тиісімен, ең алдымен, өзіме, одан кейін туыстарға сыйлыққа таратқан болатын. Қуанышым қойныма сыймай, барлық ағайын-жекжаттардың басын қосып, мал шалып, өзімше той жасадым. «Оян, қазақ!» қолдан-қолға тимей, аз уақыттың ішінде тез тарап кетті.
  Міржақып «Оян, қазақ!» кітабында ұран салып, халқын өнер-білімге шақырған. Қазақ елінің басқа жұртпен терезесі теңеліп, іргелі ел болуын көксеген.

Асқар Дулатов

3. Ойды аяқтап айт.

Берілген шығарма естелікке жатады. Өйткені …

4. Мәтіннен бала Міржақыптың портреті суреттелген жолдарды тауып оқы.

5. «Жұмбақ портрет» ойыны. Аты-жөнін жұмбақтап, сыныптасыңның 
портретін сөзбен сипаттап көр. Сыпайы сөйлеуді ұмытпа.

6. Әйтеке бидің шешендік сөздерін жаттап ал.

  «Төңкерілген пирамида» әдісін пайдаланғанда сөйлейтін сөзіңді бір сөйлемнен бастайсың. Екінші мәселеге – екі сөйлем. Үшінші мәселеге – 3 сөйлем. Соңында қорытынды – 4 сөйлемнен кем емес.

×
×

Корзина