Глобус және карта

СЕН:
– глобус пен карталардың не үшін қажет екенін білетін боласың.
– глобус пен картадан негізгі нысандарды көрсетуді үйренесің.

Есіңе түсір!

  «Карталар – адам ойынан пайда болған ұлы туындылардың бірі» деген ойды талқыла. Егер сен осы пікірмен келіссең, өзіңнің жауабыңды дәлелде. Карта бойынша нені білуге болатынын есіңе түсір.

  Карталар Жер туралы ғылыммен, яғни географиямен тығыз байланысты. География Жердің табиғатын, ондағы халықтар мен шаруашылықтарды зерттейді.
  Географтармен бірге біздің ғаламшарымызға саяхатқа шығайық. Негізгі географиялық нысандар – құрлықтар және мұхиттармен танысамыз. Біздің саяхатымызға глобус пен карта көмектеседі.

Глобус – Жер шарының кішірейтілген моделі.

Проблемалық мәселелерді шешеміз!
Диалогті оқып, оқушылардың қайсысы дұрыс айтқанын түсіндір.

Майра: Меніңше, глобус Жерге онша ұқсамайды. Ол өте кішкентай әрі неше түрлі материалдардан жасалған.
Арман: Ал меніңше, қалай дегенмен ұқсастық бар. Оның пішіні мен түстеріне қарашы!
Глобус – біздің ғаламшарымыздың дәлме-дәл үлгісі. Онда географиялық нысандардың барлығы бейнеленген.

  Әуесқойлық адам баласын алға тартып келеді. Бұдан мыңдаған жылдар бұрын саяхатшылар беймәлім аймақтарды барған сайын тереңдеп зерттей түсу арқылы алғашқы карталарды жасады.

Географиялық карта – бұл Жер бетінің кішірейтіліп,
шартты белгілермен жазықтыққа түсірілген бейнесі.

  Осы заманғы географиялық карталардың түрлері өте көп. Физикалық және саяси карталар бар. Кейбір карталарда бүкіл Жер шары бейнеленсе, келесі біреулерінде оның бір бөлігі ғана бейнеленеді.
  Ғалымдар глобусты шартты түрде ортасынан бөліп, картаға түсірген. Соның нәтижесінде Жер шарының батыс және шығыс жартышарлары бар карта жасалды. Одан Жер шарының бүкіл келбетін көруге болады.

Сұрақтар мен тапсырмалар

Глобусты және жартышарлар (132-бет) картасын салыстыр. Олардың қандай ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар? Сенің көзқарасың қандай?

Қосымша ақпарат.

  Глобуста Жердің шар тәрізді пішіні сақталады. Жер бетіндегі табиғи болмыстардың пішіндері өзгермейді.
  Бірақ глобустың кемшілігі бар: ол кішкентай масштабта ғана жасалады. Картадан мұхиттар мен құрлықты табыңдар.

Картадан (95-бет) ірі құрлықтар мен мұхиттарды табыңдар.

Құрлық – бұл жан-жағын мұхиттар мен теңіздер
қоршап жатқан орасан зор ауқымды жер бөлігі.

  1. Жер бетінде төрт мұхит бар.
    Үнді мұхиты – мұхиттардың ішіндегі ең тұздысы.
    Атлант мұхиты – шабақ балықтарымен әйгілі.
    Солтүстік Мұзды мұхит – үнемі мұз астында жатады.
    Тынық мұхиты – терең әрі ең үлкен суайдыны.

Мұхит – бұл Жер бетіндегі ойпаттарға жиналған табиғи суайдыны.

Қарап көр де, ойлан

Құрлықтар мен мұхиттар картасы

  Жер бетінде аралдар көп. Көптігі сондай, санап тауыса алмайсың.
Ал үлкен құрлықтардың саны алтау – Африка, Америка (Солтүстік және Оңтүстік), Австралия, Еуразия, Антарктида.

Топтық жұмыс

Глобусқа немесе жартышарлар картасына қарап, басқа елдерге (Солтүстік Америка, Африка) барар жолда қандай құрлықтар мен мұхиттар кездесетінін айтып беріңдер. Ол жаққа көліктің қандай түрімен жетесіңдер? Неге?

1. «Мен глобусқа қарап, Жер туралы не айта аламын?» деген тақырыпта шағын әңгіме жаз.
2. Қолда бар материалдармен глобус жасап көр. Құрлықтар мен мұхиттардың суреттерін сал және аттарын жаз.

Шығармашылық жұмыс

×
×

Корзина