Күндердің бір күнінде бір сиқыршы Сүлеймен патшаға мәңгі өмір сыйлайтын суды сыйға тартқан екен. Киелі суды ішу-ішпеуі жөнінде ақылдаспақ болып, күллі аң мен құстарды жинайды. Ұзамай хайуанат біткен тегіс бас қосады. Тек ұзынсирақ Көкқұтан ғана келмейді.
Сонда Сүлеймен патша тұрып, Итке тіл қатады:
– Сенің басқалардан байбаламың көптеу еді, сен барып, Көкқұтанды азғырып әкелші маған, – дейді.
Ит шынымен-ақ Көкқұтанды ертіп әкеледі.
– Уа, Көкқұтан, көнекөз кемелім, мына бір киелі суды ішейін бе, ішпейін бе, соны айтшы? – дейді Сүлеймен.
– Егер мына суың өзіңнің барша дос-жарандарыңа, туған-туысқандарыңа және ұшқан құс, жүгірген аңға жететін болса, онда бұл суды ішіп қой. Тамшысын да қалдырма. Сонда өмірден бақытты да, қуанышты да табасың. Бірақ оны бір өзің ғана ішсең, мәңгі бақи өкініп-опынумен өтесің. Жалғанда соқа басың сопайып, жалғыз қаласың, жақын-жуығыңның бәрі баяғыда кеткен соң, бір өзің не қуаныш, не қызық көріп жарытам дейсің.
– Япырым-ай, сен шынында да данышпан екенсің. Мұны маған сенен басқа тірі жан айта алмас еді, – дейді Сүлеймен риза болып.
Сөйтіп, ол киелі суды ішпейді.