Ғажайып әлем (жалғасы)

Көркем шығарманы көркем фильммен салыстырасың.

1. Мәтінді тыңда. Ихтиандр Кристоға достары туралы не айтты?

  – Екеуіміз менің теңіз тұлпарыма мініп, серуендер едік қой, шіркін!
  – Теңіз тұлпары дейді? Ол не пәле тағы?
  – Дельфин. Өзім ғой оны үйретіп алған. Дауыл бірде оны жағаға шығарып тастаған екен де, қанатын қатты жаралап алыпты. Мен оны сүйретіп әкеп, суға қайта түсіргем. Ол жүзе алмады, демек, қорегін тауып жей алмайды деген сөз. Мен оны ұзақ, бір ай бойы балық беріп асырадым. Сол уақыттың ішінде ол маған үйреніп қана қоймай, тіпті үйір болып кетті. Біз дос- тасып алдық. Басқа дельфиндер де мені біледі. Ал теңіз бетінде дельфиндермен қосылып асыр салу деген ғажап! Толқындар, шашыранды су, күн, жел, шуыл! Теңіздің түбі тіпті тамаша! Өзіңді көгілдір ауа ішінде жүзіп жүргендей сезінесің. Тып-тыныш. Денеңнің салмағына шейін білінбейді. Ол мейлінше еркін, жеп- жеңіл, қалай қимылдасаң да, еркің. Менің теңізде талай достарым бар. Мен сіздің құстарды жемдейтініңіз тәрізді кішкене шабақтарды жем беріп асыраймын, ал олар үйір-үйірімен соңымнан қалмай шұбап жүргені.
  – Енді сен маған мынаны айтшы. Сен неге тентектік жасадың, балықшыларды ренжіттің, олардың ауларын қиып, қайыққа тиелген балықтарын аударып тастадың?
  – Өйткені олар балықты шектен тыс көп аулады,жеулеріне жетерліктей ғана алмады. Оларға не, жер бетіндегі құс пен аң жетіспегені ме, шынымен-ақ? Олар неге мұхитқа қол сұғады?
  – Мұны саған бірден айтып түсіндіру қиын, – деді Кристо, өзі есінеп тұрып. – Ұйықтайтын уақыт болды. Байқа, әлгі хауызда жатып жүрме, әкең ренжір, – деді де, Кристо кетіп қалды.
  Ертеңгісін ерте келсе де, Кристо Ихтиандрды орнынан таба алмады. Тас еден су-су болып жатыр екен. Сірә, теңізге кеткен болар.

Александр Беляев
Аударған Хайдолла Тілемісов

2. Мәтінге сүйеніп, қандай сурет салатыныңды айт және әңгімеле.

3. Жазушы қиялындағы адам-балық саған ұнай ма? Неліктен?

4. Сен Ихтиандрға қандай тілек айтасың? Тілегіңді жаз.

5. Жазушының осы кітабы бойынша түсірілген фильмді көрдің бе? Көрсең, оны шығармамен салыстыр.

×
×

Корзина