Ауызша және жазбаша сөйлеу

· Сызба арқылы мәтін мазмұнын болжауды;
· өз ойымды дәлелдеуді үйренемін.

6. Сызба арқылы тыңдайтын өлеңіңнің не туралы екенін болжап көр.

Үш бақытым

Өлеңнің не туралы екенін қалай анықтадың?
Өлеңді мұқият тыңда.

Үш бақытым

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін*.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым* менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі* тіліммен тілімдедім,
Кей-кейде дүниеден түңілсем* де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

 

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Кім мықты? – десе біреу, – Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда* жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен.

Мұқағали Мақатаев

7. Өлеңнің екінші шумағын жатқа жаз. Сөйлеудің қай түрін қолданасың?

Өлеңдегі «тілімдедім» сөзі қандай мағына береді?

8. Мақал-мәтелдерді оқы. Олардың мағынасын бір-біріңе түсіндіріп көр.

  1. Жақсы сөз – жарым ырыс. 2. Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді. 3. Ойланбай сөйлеген ауырмай өледі. 4. Айтқан сөз атылған оқпен тең. 5. Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен болмаса, кішіден сұра. 6. Біліп тұрсаң да, сұрап ал. 7. Жақсы кітап – жақсы дос, үнсіз ұстаз.

Жазбаша сөйлеу туралы айтылған мақалды анықта. Оны көркем жаз.

9. Өлеңді түсініп оқы.

Сөз қуаты шығарар ел төріне,
Жер бетінен самғатар көк шегіне.

Екі нәрсе тірі адамға керегі –
Бірі – көңіл, бірі – тілдің желегі*.

Көңіл – тілдің иесі, сүйенеді сөз тілге,
Сөз күйресе, күйгені көңіл мен тіл, көркің де.

Жүсіп Баласағұн

Өлеңдегі «сөз қуаты» тіркесі қандай мағына беретінін анықта.

Таңдауыңның дұрыс екендігін дәлелде.

10. Мәтінді оқы. Еркебай әжесіне не деді? Әжесі немересіне не деп жауап берді?

  Бірде Еркебай күні бойы ойнап, сабағына дайындалмастан ұйықтап қалды. Таңертең әлденені сылтауратып, мектепке барғысы келмей жүріп алды.
  Мұны әжесі байқады да, киімін кие бастады.
  – Әже, сіз қайда барасыз? – деді Еркебай.
  – Мектепке.
  – Онда не істейсіз, әже?
  – Сенің орныңа оқып келемін.
  Еркебай қатты ұялды.
  – Әже, әжетай, бармай-ақ қойшы, өзім барамын!
Сол күннен кейін Еркебайдың сабағы жөнделе бастады. Күні бойы ойнағанды қойды. Әжесінің рұқсатымен біраз ойнап келеді де, сабағына кіріседі.

«Балдырған» журналынан

Еркебайдың өзгеруіне не әсер етті?

×
×

Корзина