Өте ертеде бір дана қария дүниеден өтерінде* қасына ұлын шақырып алып: – Балам, менің дүниемен қоштасар* күнім жақын. Өзіңе қалдырып бара жатқан асыл қазынам бар. Сен соны іздеп тап, ұқыпты пайдалан, ұқсатып қолдан*, – депті. Күндердің күнінде бала әке қалдырған қазынаны іздеймін деп әбден шаршайды. Бірақ әкеден қалған қазына таптырмайды. Амалы таусылған бала ел ішіндегі көпті көрген бір қариядан ақыл сұрай барады. – Әкеңнің сөзі рас, балам. Оның саған қалдырған қазына – мұрасы – тіл. Ол сөзге шешен кісі еді ғой. Бәріміз де сөз асылын сенің әкеңнен үйрендік. Тілден қымбат қазына жоқ, – деп, кемеңгер қария аталы сөздің шешуін айтыпты.
«Ол кім? Бұл не?»кітабынан
1. Мәтін не/кім туралы?
· асыл қазына туралы · тіл туралы · дана қария туралы · тілден қымбат қазына жоқ екендігі туралы
2. Негізгі ой айтылған бөлікті көшіріп жаз. 3. Мәтінге негізгі ойдың қысқаша атауы түріндегі атты таңда.
· Тіл – қымбат қазына · Әке аманаты · Аталы сөздің шешуі
12. Мақалдарды жатқа жаз.
1. Өнер алды – қызыл тіл. 2. Сөзден асқан байлық жоқ, Тілден асқан жүйрік жоқ. 3. Сөз қадірін айтқан білер, Жол қадірін жортқан білер.
• Жоғарыдағы мәтіннің мазмұнына бұл мақалдардың қайсысы сәйкес келеді?
13. Мәтінді оқы.
Мен – Қазақ тілімін. Мен – сөздік қорға бай, өте көркем тілмін. Мейлінше оралымды, таза тілдердің қатарындамын. Қазір мен мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болдым. Жыл өткен сайын қанатымды кеңге жайып, өрістеп келемін. Елбасының өзі маған ерекше ықылас танытып отыр. Қазақ елі менімен мақтанады және мені құрметтейді. – Бұл мәтін диалог пе, әлде монолог пе? – Монолог туралы білетінімізді еске түсірейік.
Монолог – сөйлеушінің өз ойын бір немесе бірнеше адамға арнап айтатын ауызша сөйлеу әрекеті. Монолог жазбаша түрде де кездеседі. Екі жағдайда да монолог – бір адамның сөйлеуі немесе бір адамның ойы.
14. Тірек сөздерді пайдаланып, «Мен – тәуелсіз елдің ұланымын» тақырыбында монолог құрап жаз.
Тірек сөздер: мен, тәуелсіз ел, ұланы, Қазақстан, 1991 жыл, егемендік, тәуелсіздік, ата-баба арманы, Елбасы, бақытты балалық шақ, әлемге танылу.