Диалог. Монолог

10. Өлеңді дауыс ырғағымен оқы.

– Бүлдірген тереміз, балақай.
– Алақай!
– Ат жарыс көреміз, балақай.
– Алақай!
– Айға ұшып барамыз, балақай.
– Алақай!
– Кел, ағаш жарамыз, балақай.
– Әй, ата-ай!

Орфографиялық Сөздік

бүлдірген

диалог

Қадыр Мырза Әли

  Өлеңдегі кейіпкерлерді анықта. Олардың саны нешеу?

Екі немесе бірнеше адамның сөйлесуі диалог деп аталады.

11. Өлеңді түсініп оқы.

Мен қазақтың тілімін!

Мен қазақтың тілімін,
Беретін көп білімім.
Достасатын сендермен
Жаңа пәннің бірімін.

Үйретем тіл заңдарын,
Сөзіме құлақ сал бәрің,
Менімен тез іске асар
Ойға алған арманың.

Оразақын Асқар

  Өлең не туралы? Ол кімдерге арналған?

Өзіне немесе тыңдаушыға қаратып айтылған бір ғана адамның сөйлеуі монолог деп аталады.

12. Мақалды көшіріп жаз.

Аз сөйле, көп тыңда.

•  Мағынасы қарама-қарсы сөздерді тауып, астын сыз.
•  Жұп болып, бір-біріңе мақалдың мәнін түсіндіріп көріңдер.
•  Жазған мақалың монолог бола ала ма? Болса, дәлелдеп көр.

13. «Түлкі мен Қырғауыл» ертегісінен үзінді оқы.

– Сәлеметсіз бе, Қырғауылым, халіңіз* қалай?
– Жақсы, өзіңіз ше?
– Жерге түсіп сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді.
– Жерге түсуге қорқамын, жерде әртүрлі аңдар бар, жеп қоюы мүмкін.

Орфографиялық Сөздік

монолог

хал

•  Ертегі үзіндісі диалог пе, әлде монолог пе? Дәлелде.
•  Сәлеметсіз бе сөзін қай кезде қолданады? Тағы қандай амандасу сөздерін білесің?

14. Диалогті көшіріп жаз.

– Армысыз, әже!
– Бар бол, балам!
– Күйлі-қуаттысыз ба, әже?
– Аллаға шүкір, жақсымын, балам..

Сыныптас досыңмен ата мен бала арасындағы амандасу жағдаятын құрастырып, ойнап көріңдер.

×
×

Корзина