У әрпінің жазылуы

22. Мәтінді тыңда.

  Жануарлардың мерекелік киімдерін дайындау – қызықты жұмыс. Тауық, тауыс, маймыл, қу түлкі сияқты жануарларды адамға ұқсату үшін оларды киіндіру керек. Егер олардың өз бейнесін нақты көрсетсек, мерекелік костюм қызықты болып шықпайды. Сондықтан костюм жануарлардың өзіндік ерекшеліктерін көрсететіндей болуы қажет.

•  Мәтін не туралы? Сен өз қолыңмен осындай костюмдер әзірлеп көрдің бе?
•  Жануар, ұқсату сөздеріндегі у дыбысының айтылуы мен жазылуын салыстыр.

23. Суреттегі жануарларды ата. Оларды қандай белгілеріне қарап таныдың?

•  Тауықтың мерекелік киімін қағаздан жасап көр немесе суретін сал.
•  Тауық, тауыс сөздерін буынға бөліп айтып көр. У дыбысы қай буында тұр? Дауысты ма, әлде дауыссыз ба?
•  Тауық сөзіндегі әріптерді пайдаланып, бірнеше сөз жаса. Құрамында дауысты у дыбысы бар сөздерді бір бағанға, дауыссыз у дыбысы бар сөздерді екінші бағанға топтап жаз.

24. Көп нүктенің орнына тиісті әріпті қойып, сөйлемдерді көшіріп жаз.

  1. Оқушылар қойылымға қажет жан…арлар костюмдерін таңдады. 2. Қойылымда қ… түлкі а…ыл маңын торыды*. 3. Та…ыстың киімі әдемі-ақ. 4. Қырға…ыл киімін киген Дә…ренді алғашқыда танымай қалдық.

25. Көбелек киімін киген Дулаттың қанатындағы сөздерге назар аудар. Осындағы ұқсастықтар мен айырмашылықты тап.

  Ы, і дыбыстарына аяқталған сөздерге у дыбысы қосылса, ы, і дыбыстары түсіп қалады: тасы – тасу, оқы – оқу, торы – тору.

26. Мәтінді оқы. Сандуғаштың қандай көйлек таңдағанын ребус шешуінен біле аласың.

  Сандуғаш анасымен дүкенге келді. Сатушы алуан түрлі көйлектерді көрсетті. Сандуғаш … көйлекті таңдады.

•  Сандуғаш көйлектің бұл түрін не үшін таңдағаны туралы өз ойыңды жазбаша білдір. Ол үшін өлеңді басшылыққа ал. Ойыңды «Менің ойымша, …» деп бастауды ұмытпа.

27. Өлеңді көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып оқы.

Биші болам

… көйлек киемін,
… бүрмелі.
Кестелеген жиегін
Кең даланың гүлдері.

Жарасады бөркіме
… үлпілдеп.
Ел қарайды көркіме:
– Неткен әсем, шіркін! – деп..

Оразақын Асқар

Керекті сөздер: аппақ, қос етегі, үкілері.

28. Ертегіні түсініп оқы.

Байлық пен ақыл

  Ертеде бір шал төрт ұлын шақырып, былай депті:
– Кімнің ақылы мен байлығы сай болса, сол мұрагерім* болады. Маған байлықтарың мен ақылдарыңды көрсетіңдер, – депті.
  Үлкен ұлы асыл тасты жүзік салған қолын көрсетіп:
– Міне, менің байлығым. Кім бай болса, сол ақылды, – депті.
  Екінші ұлы асыл киімдерін киіп келіп:
– Мына киімді көргендер ақылым мен байлығымның алдында бас иеді, – дейді.
  Үшінші ұлы асыл тастармен әшекейленген белдігін буынып:
– Мұндай белдікті ешкім де буынып көрген жоқ, – дейді,
  Әкесі үлкен балаларына қарап басын шайқайды. Ең кіші ұлына қарап:
– Сен қандай байлығыңмен мақтанасың? – дейді.
Сонда кенжесі:
– Менде тек еңбексүйгіш екі қолым, қайрат-жігерге толы жүрегім бар, – депті.
  Шалға кенже ұлының жауабы ұнайды. Ол өзінің мұрагері болады деп кенже ұлын атапты.

Орфографиялық Сөздік

мұрагер

•  Ертегі мазмұны бойынша сұрақтарды толықтыр және жауап беріп көр:

1) Шал балаларына не деді?
2) Үлкен ұлы не деп жауап берді?
3) …
4) …
5) …
6) …
7) …

•  Мәтіннен у дыбысы бар сөздерді тап. Сол сөздерге үлгі бойынша дыбыстық талдау жаса.

Бұл – дауысты у дыбысы, өйткені ол дауыссыз дыбыстан кейін тұр (немесе ол сөз басында дауыссыз дыбыстан бұрын тұр).
Бұл – дауыссыз у дыбысы, өйткені ол дауыстыдан соң тұр (немесе сөз басында дауыстыдан бұрын тұр).

29. Өлеңді көшіріп жаз, қарамен жазылған сөздердің астын сыз.

Сиса көйлек үстіңде
Тоқуменен табылған.
Сауысқанның тамағы
Шоқуменен табылған.
Өнер, білім – бәрі де
Оқуменен табылған.

•  Жауаптардың сұрақтарын тауып айт.
•  Өлеңдегі оқу, тоқу, шоқу сөздерін оқы, тоқы, шоқы сөздерімен салыстыр. Қандай өзгеріс байқадың?

– … ?
– Өлеңнің авторы – Ыбырай Алтынсарин.
– … ?
– Өлеңде киім тоқумен, сауысқанның тамағы шоқумен,
өнер-білім оқумен табылатыны туралы айтылған.

30. Сөздерге у әрпін қосып жазып, сол сөздермен сөйлем құрап жаз.

Су, бу, қу, жау, сау.

31. Сызық бағытымен екі әріп тастай отырып, мақал құрастырып көр.

•  Құрастырған мақалыңның қандай мағына беретіні жайлы өз ойыңды парталасыңмен бөліс.

×
×

Корзина