Сезім мүшелері туралы не білемін ?
Я әрпінің жазылуы

47. Мәтінді тыңда.

Дене мүшелерінің таласы

  Бірде дене мүшелері өзара айтысып қалыпты.
Айтысты Аяқ бастапты. Одан соң Қол, Құлақ, Көз өз пайдалары туралы айтыпты. Ең соңында Мұрын тұрып былай дейді:
– Адам үшін мен пайдалымын, мен болмасам адам иісті сезе алмас еді!
Сол кезде Адам бәрін ортаға шақырып, былай депті:
– Босқа дауласпаңдар, адам үшін бәріңнің де пайдаларың бар.
Аяқ болмаса, адам баратын жеріне жете алар ма еді?!
Қол болмаса, адам тамақ ішіп және әртүрлі жұмыстар атқарар ма еді?!
Құлақ, Көз және Мұрын болмаса, адам ести, көре және ауа жұтып, иісті сезе алар ма еді?!
Бәрің де адамға керексіңдер! Бір-біріңді сыйлап өмір сүріңдер!

•  Мәтін мазмұнын өз сөзіңмен айтып бер.
•  Көз, Құлақ, Қол, Аяқ не деп таласқанын өзің айтып көр.
•  Аяқ сөзінің айтылуы мен жазылуын салыстыр.

Сөзде йа дыбыстары естілгенімен, жазуда олардың орнына я әрпі жазылады: мая, сая, таяқ.

48. Әр сұрақтың жауабын тауып, сәйкестендір.

Екі көзің не үшін керек?
Екі қолың не үшін керек?
Құлақ деген не үшін керек?
Ал аяғың не үшін керек? 

Елге көмек беру үшін.
Жақсыларды көру үшін.
Ақыл-кеңес тыңдау үшін.
Туған жерге қайту үшін.

Орфографиялық Сөздік

аяқ

49. Сөйлемдерді көшіріп жаз.

Балқия тісін жуды. Оның тісі ағарды. Інісі Аянның тісі ауырды.

•  Я әрпі бар сөздерді тап.
•  Я әрпі қай дыбыстардың орнына жазылып тұрғанын айт.
•  Тіс неге ауырды? Сен тісіңді немен тазалайсың?

50. Берілген әріптер қатарында жасырынған сөздерді тауып оқы.

1. ЛАШАЯНМСҚРҰ
2. ТҰЯҚПАЛЖСЯЗ
3. ДРОМАЯЛДАМА
4. ЫБЛҚИЯУСКУН
5. ҢІЮСИЯШЛҚЫ

•  Тапқан сөздеріңнің бәріне ортақ әріптің айтылуы мен жазылуында қандай өзгеріс барын айт.

51. Мәтінді мәнерлеп оқы.

Жақсы бала

  Аян тәтесінің баласы екеуі саябаққа барды. Олар жолда Әлиямен кездесіп қалды.
  Әлия қасындағы кісінің қолынан ұстап алыпты. Ал қарт кісі таяғының ұшымен жерді сипалап келеді. Аян бірден «Е-е, мына кісінің көзі көрмейді екен ғой» деп ойлады.
– Атаң ба? – деп сұрады Аян қартты иегімен нұсқап.
– Иә, көрші тұрамыз, – деп, Әлия басын изеді.
  Осы кезде қария:
– Бұл қай бала? – деп құлағын тосты. Аян сасып қалып:
– Ассалаумағалейкүм, ата! – деді дауыстап.
– Аман бол, балам, көп жаса! – деді қария.
– Шамасы Әлияны білесің ғой деймін.
– Иә, ата, – деді Әлия. – Біздің сыныпта оқиды. Жақсы бала.
  «Жақсы бала» деген сөз Аянның құлағына жағып кетті.

Қ. Жаманбаевадан

•  Мәтіндегі негізгі ойды анықта.
•  Мәтіннің неше бөліктен тұратынын айт.
•  Мәтіннен мәндес сөздерді тап.

52. Оқыған мәтіннің мазмұнына сәйкес келетін мақалды көшіріп жаз.

1. Әдепті бала – арлы бала.
2. Ақылды қария – ағып жатқан дария.
3. Сәлем – сөздің анасы.

•  Жазған мақалдағы дыбыс саны мен әріп саны бірдей сөздерді бір бөлек, дыбыс саны мен әріп саны бірдей емес сөздерді бір бөлек топтастыр.

Сөздегі и әрпінен соң а жазылмайды, я жазылады: мия, тақия, Әлия.

53. Берілген тірек сөздерді пайдаланып, мәтін құрап жаз.

Әдепті қыз, қария, Сая, ұят, үлкен кісі, сыйлайды..

54. Саяның себетінде я әрпі кездесетін сөздер бар ма?

55. Мәтінді түсініп оқы. Неше бөлімнен тұратынын айт.

  Алдияр атасынан сұрамайтын нәрсесі жоқ.
– Ата, осы ертегіде айтылатын желмая дегеніңіз немене?
– Е, балам, желмая – жүйріктің жүйрігі ғой. Мына біздің жалғыз өркешті нар түйені көрдің бе? Осының ұрғашысын қазақ мая деп те атайды. Осылардың ішінде желдей ескен жүйріктері болады, балам.

Оразбек Сәрсенбаев

Орфографиялық Сөздік

желмая

•  Мәтіннен я әрпі бар сөздерді тап.

56. Мәтінді дауыстап оқы.

Бақтияр неге ұялды?

  Бақтияр мен Саят жолда шелегі суға толы әжейді кездестіреді.
  Саят әжейге көмектескісі келеді. «Елдің бәріне бірдей көмек беру мүмкін емес қой!» – дейді Бақтияр. Бірақ Саят оны тыңдамай, әжейдің шелегін апаруға көмектеседі.
  Бақтияр бірде орманда жалғыз келе жатып, бір үйді көреді. Шөлдеген ол сол үйден су ішкісі келеді. Есікті ашқанда, баяғы қарияны көреді.
– Іш, балам, іш, – дейді, әжей су беріп тұрып.
  Бақтияр ұялғанынан суды ішпестен, далаға жүгіріп шығады.

«Балдырған» журналынан

•  Мәтін не туралы?
•  Саят қандай бала? Бақтияр ше?
•  Саят пен Бақтиярға мінездеме бер.
•  Бақтияр неге ұялды деп ойлайсың?
•  Мәтіндегі қарамен берілген сөздерді көшіріп жаз.

57. Сөздерді көп нүктенің орнына тиісті әріпті қойып жазып, оның себебін түсіндір.

Пи…з, дари…, Ұрқи…, си…, зи…н.

58. Сызба арқылы сөздерді тап.

59. Жұмбақты оқып, шешуін тап. Шешуіндегі сөзбен әңгіме құра.

Қалқиып ұзын құлағы,
Елеңдеп қорқып тұрады.

•  Жұмбақтың шешуіндегі сөзге дыбыстық талдау жаса.

60. «Құстарға қамқорлық» тақырыбында берілген тірек сөздермен әңгіме құрап жаз.

Балалар, жем шашу, құстар, ұя жасау.

×
×

Корзина