Менің елім

1-тапсырма. Ойтолғау. Ақпарат іздеу. Орындау.

  Біз Қазақпыз! Біздің туған жеріміз, Отанымыз – Қазақстан! Қазақстан – кең-байтақ, ата-бабамыздан мұра болып қалған туған жеріміз. Егемендік алған елімізді әлем таниды. Жеріміздің сұлулығымен , халықтардың бірлігімен мақтанамыз. Біз бақытты халықпыз!
  Еліміздің мемлекеттік рәміздері: Ту, Елтаңба және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

Өлеңін жазғандар:

Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев
Әнін жазған: Ш. Қалдаяқов

1. Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны –
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген ,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген ,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

2. Ұрпаққа жол ашқан,
Кең-байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

Мемлекеттік Гимнді түзу, оңқолыңды жүрек тұсына қойып,сыныппен бірге тік тұрып, салтанатты түрде мәнерлеп, жатқа орында.
• Мемлекеттік Гимннің авторлары туралы айтып бер.
• Қазақстан Республикасының жаңа Гимні қай жылы қабылданды?
• «Гимн» деген сөз нені білдіреді?

Гимн – мемлекеттік рәміздердің бірі. Бұл – музыкалық шығарма. Салтанатты мерекелік іс шараларда орындалады.

2-тапсырма. Талдау. Зерттеу.

  Қазақстанға белгілі балалар ақыны Абдырахман Асылбек Отанымызға құрмет көрсе тіп, оқулықтың алғашқы бетінде сендерге арнап «Қазақстан – елім менің!» деген өлең жазды.

Ақынның өлеңін тыңдап, талда. Ақын жүрегінен шыққан қандай сөздермен еліміздің ғажап көріністерін жырлайды?
• Ғаламтор желісінен немесе бейне таспада берілген «Қазақстан – менің Отаным» деген көріністі көр. Мына сұрақтарға жауап бер:
• Отан дегенді қалай түсінесің?
• Қандай сөздер арқылы өз еліңе, туған жеріңе сүйіспеншілігіңді көрсетер едің?
• Торкөздерді толтыр. Жауаптарын ақынның өлеңінен және сабақ тақырыбынан тауып ал.

3-тапсырма. Тыңдау. Талдау. Әнді үйрену.

Дарқан Дала

Өлеңін жазған: С. Мәуленов
Әнін жазған: С. Еркімбеков

1. Туған ел, өскен жер,
Биіксің еңселі.
Құшағым жетсе егер,
Құшар ем мен сені.

Қайырмасы:
Дарқан жатқан Далам менің,
Далам менің, Анам менің,
Далам менің, Анам менің!

2. Асқар таулы,
Шалқар көлді.
Асау өзен,
Самал желді.

Қайырмасы:
Дарқан жатқан Далам менің,
Далам менің, Анам менің,
Далам менің, Анам менің!

Әнді мұғалім орындауында және үнтаспадағы жазба бойынша тыңда, әннің мәтініне көңіл бөл. Мына сұрақтарға жауап бер:
• «Дарқан Дала» әнінің атауын қалай түсінесің?
• «Далам менің» – «Анам менің» деген автордың теңеуі нені білдіреді?
• Ән қандай көңіл күйде орындалды? Түсінгеніңді айтып бер.
• Әннің орындалған түрлерін сипатта: оркестр, хор, солист және т.б.
• Әнді мұғалім қойған талаптар бойынша үйрен .

4-тапсырма. Тыңдау. Талдау.

Еркін елім

А. Жайымовтың күйі

Талдау. Күйдің атауы мен орындалуы оның мазмұнын аша ма?
• Күй қандай екпінде орындалды?
• Тыңдағанда көз алдыңа қандай көріністерді елестеттің?
• Кестеде берілген сөздерден мазмұнын анықтайтын дұрыс сөздерді тауып, түсінгеніңді айтып бер:

5-тапсырма. Бағалау.

1. «Дарқан Дала» әнін қалай орындадым?
2. Орындағанда қандай қиындықтарға тап болдым?
3. А. Жайымовтың «Еркін елім» күйін тыңдағанда қандай әсер алдым?
4. Таныстырылымымды қалай жақсартар едім?

×
×

Корзина