Мәтіннің тақырыбы және мәтіндегі негізгі ой

· Мәтіннің тақырыбы мен ондағы негізгі ойды анықтаймын.
· Мәтіндерге ат қою ерекшеліктерін үйренемін.
· Мәтіннің тақырыбы мен ондағы негізгі ойды анықтаймын.

5. Өлеңдерді оқы. Өлеңдерге ат дұрыс қойылған ба? Ойыңды дәлелде.

Ұмытшақ па, әлде еріншек пе?

Атасының шалғысын қайрасады,
Әжесіне құлынын байласады.
Бөлесінің* алмасын теріседі,
Нағашының арбасын майласады.

Кішіпейіл бала

Үйдегі қоқыс шелегі
Төгілмей үш күн тұр күтіп,
Ұмытып Ұмсын келеді,
«Ертең!»– деп, күнде сырғытып.

Мұзафар Әлімбай

«Кішіпейіл бала» атауын және оған сәйкес өлеңді жатқа жаз.

6. Көп нүктенің орнына керекті сөздерді қойып, сөйлемдерді көшіріп жаз.

  1. Мәтінге … – оның тақырыбы мен ондағы негізгі ойды қысқаша атау. 2. … – мәтінде баяндалатын оқиға мен ойдың түйіні. 3. Мәтіндегі … – автордың айтқысы келген басты пікірі.
  Керекті сөздер: тақырып, негізгі ой, ат қою.

7. Мәтінді рөлге бөліп оқыңдар.

  – Рақат апай бар ғой, ол кісі менің желінбей қалған, әркімдер көшеге тастаған нандарды жинап, фермаға апаратынымды да біледі екен. Атайға соны айтып еді, ол кісі: «Нан қадірін білген адам ғана – нағыз адам, жаның жомарт, алақаның ашық, пейілің кең болсын. Тілеген тілегіңе жет, балам», – деп, сол арада екі алақанын жайып, бетін сипады.
  – Ой, құлыным, мұнан артық не керек бізге. Ақкөңіл, адал жүрегімен батасын берген екен ғой! – деп, Ажар жүрегі жарыла қуанып, немересін аймалап сүйе бастады.
  – Шәйімкүл-ай, Шәйімкүл, мұнда кел. Қуан. Той жаса. Құлынымыз мақтау қағазымен қоса, Дәрмен атасынан бата алып келіпті.
  Ермек аң-таң.
  – Әже, бата деген не? – дейді қысыла, күмілжи сұрап.
  – Ой, жаным, ол атаңның ақ тілегі емес пе! Ол үлкен алғыс емес пе, құлыным-ау!

Сансызбай Сарғасқаев

  Мәтін не туралы?

Мәтінге ат таңда.

  – Мерей, сен қай атауды таңдадың және неліктен?
  – Менің таңдауым – «Бата». Өйткені тақырып бата туралы болғандықтан, мәтінге тақырыптың қысқаша атауы қойылады.

8. Сынып қабырға газетіне берілген мақалалардың атауларын оқып көр.

  1) «Жазғы демалыс»; 2) «Таңғажайып саяхат»; 3) «Балық аулағанда»; 4) «Еңбегіне қарай»; 5) «Сараң»; 6) «Бозторғай».
  Алдымен мәтіндегі оқиғалар туралы айтылатын атауды (тақырыптың қысқаша атауын), содан кейін автордың сол немесе басқа оқиғаға білдірген ойы айтылатын атауды (негізгі ойдың қысқаша атауын) ата.

9. Мәтінді оқы. Мәтіннің тақырыбы мен ондағы негізгі ойды анықта.

  Қожанасыр досының үйіне келсе, ол үйін тазалап жатыр екен. Қожанасыр одан:
  – Е, достым, не істеп жатырсың? – деп сұрайды.
  – Ә, Қожа, мынау ескірген киім, қағаз, кітап – бәрін өртейін деп жатыр едім, – дейді досы.
  – Қой, достым! Киім ескіргенімен, кітап ескірмейді. Кітаптың сырты ескіргенімен, ішіндегі ақыл сөзі ескірмейді, – депті сонда Қожанасыр.

«Қожанасыр әңгімелерінен»

Мәтінге екі ат қой: бірі – тақырыптың қысқаша атауы, екіншісі – негізгі ойдың қысқаша атауы.
Негізгі ой берілген бөлікті тауып жаз.

10. Мәтінді оқып, ат қой.

  Шоқыны* өрлеген соқпақ* ап-анық еді, бара-бара өше бастады. Қойтастар* көбейді. Арасында құбыжық* тығылып жатқандай сұсты. Мені биіктен гөрі маңайдың меңіреу тыныштығы* алаңдатады. Мұндайда қай-қайдағы еске түседі екен. Апамның қасқырлар апанын терең құздарға қазады дегенін ойлап, денем қалтырады. Кейін қайтсам ба екен? Қайтайын десем, намыс жібермейді. Балалар естісе, ұят болар.
  Көзімді көлегейлеп аспанға қарадым. Күн арқан бойы* көтеріліпті. Енді біраз жүрсем, шоқының басына шығатын сияқтымын.

Шәкен Күмісбаев

Өзің таңдаған мәтін атауын сыныптастарыңның қойған атауларымен салыстыр.
Кімнің қойған атауы ұнады? Неліктен ұнағанын түсіндір.

11. Оқы. Мәтін атауына сәйкес келмейтін сөйлемді тап. Осы
сөйлемді алып тастап, мәтінді атымен бірге көшіріп жаз.

Ердос

  Ердостың атасы – шопан. Бірде атасының қызуы көтеріліп, жатып қалды. Адамның қызуы көтерілген кезде дәрігер шақыру керек. Шашқан шөпті лезде тауысқан қойлар маңырай бастады. Атасының тынышы кетті.
  Ауырғанына қарамай, киініп сыртқа шықты. Қорада мал да, ерттеулі ат та жоқ. Ол өсіп тұрған гүлді үзіп алды. Қарт алысқа көз салды. Малды өріске айдап бара жатқан немересін көрді. Ол Ердос еді.

«Балдырған» журналынан

Мәтіннің аты тақырыптың қысқаша атауы екенін дәлелде.

12. Оқы. Күздің қай айының аты көп нүктемен берілген?

  … айы – қыстың хабаршысы. … айында жердің топырағы тоң болып қатады. Бұл айды … деп атайды. Қара суық күшейеді. Су бетіне қабыршық мұз қатады. Күн қысқарып, түн ұзарады. Кей жерлерді қар басады. Кей жерлерде жауған жаңбырдың арты қарға айналады.
  Мәтіннің тақырыбын анықта. Қандай сөздер мен сөз тіркестері күз айының атын табуға көмектесті? Мәтінге ат қойып, көшіріп жаз.

13. Өлеңдерді оқы. Олар қандай тақырыпқа жазылған?

Жүгерідей аппақ,
Ұстап көрсең қатты-ақ.
Су боп еріп кетеді,
Қойсаң тығып сақтап.
Сатыр-сұтыр етеді,
Шекеңе тисе өтеді.
Ауызға салсаң лезде
Кәмпиттей еріп кетеді.

Рза Қунақова

Төбемізден төнеді,
Төбемізден төгеді.
Табиғаттың маржаны
Тіпті неткен көп еді!
Табанымды жаралап,
Тердім жарды жағалап –
Тізер едім моншақ қып,
Еритіні жаман-ақ!

Несіпбек Айтов

  • Автор өлеңді қандай көңіл күймен жеткізеді? Мұндай көңіл күйді сезінуге қандай сөздер көмекке келді?
  • Осы көңіл күйді өлеңді оқу барысында беруге тырыс.

14. Қалай ойлайсың, төмендегідей атпен берілген мәтіндерде не туралы
айтылады? Олардың мазмұны бірдей ме, әлде әртүрлі ме?

Өзіңе ұнаған тақырыппен мәтін құра.

×
×

Корзина