Елордасы – Астана

1-тапсырма. Тыңдау. Талдау.

  «Астана – жас қала», «Астана – әсем қала», «Арайлы Астанам», «Сүйікті Астанам», «Астана – болашақтың қаласы». Міне , осындай әдемі теңеулер халқымыздың бас қаламызға деген сүйіспеншілігін, құрметін көрсетеді.
  Елордасы Астанамыз жыл санап өсіп-өніп, көркейіп келе жатыр. Қаншама әдемі ғимараттар, көрікті орындар салынған, сансыз өлеңдер мен әндер арналып, бейне таспалар жазылған. Сен қалай ойлайсың, осындай керемет өзгерістер адамдарды шығармашылыққа шақыра ала ма?

Ғаламтор желісінен «Астана – Қазақстанның Елордасы» деген бейне тасп аны көріп, мына сұрақтарға жауап бер:
• Астана қаласы қай жылы астана атанды?
• Астанада музыка өнерінің қандай көрікті орындары бар?

2-тапсырма. Тыңдау. Талдау. Әнді үйрену.

Арман қала – Астана

Өлеңі мен әнін жазған:

М. Омаров

1. Ағылып Атыраудан, Алатаудан,
Көш қонды Қараөткелден таласа ауған.
Жайнайды Астана ару алқасындай,
Ғажайып ғимараттар жаңа салған.

Қайырмасы:
Сарыарқа сауырындай,
Ерке Есіл бауырындай.
Келеді бой көтеріп Арман қала.
Арман қала, Асыл дала,
Жаңа Астана, Астана.

2. Төріне туған жердің туын тігіп,
Ерекше ел еңсесі бүгін биік.
Астана – ақ ордасы қазағымның,
Алтын тәж ақ маңдайға қонған сүйіп.

Қайырмасы:
Сарыарқа сауырындай,
Ерке Есіл бауырындай.
Келеді бой көтеріп Арман қала.
Арман қала, Асыл дала,
Жаңа Астана, Астана.

Әннің мазмұнына көңіл бөл. Бірінші шумақтың: «Ағылып Атыраудан, Алатаудан, Көш қонды Қараөткелден таласа ауған», – деген бірінші және екінші жолдары қандай ойды білдіреді?
• Әнді «ән орындау» талаптарын сақтап айт.
• «Арман қала, Асыл дала,
Жаңа Астана, Астана», – деген қайырмасындағы жолдарды екі топқа бөлініп, «жаңғырық» түрінде сыныппен бірге әндетіп, мәнерлеп орында.

3-тапсырма. Тыңдау. Талдау.

Шабыт

Т. Тоқжановтың күйі

• «Шабыт» деген сөздің мағынасы не ?
• Күй қандай көңіл күйде орындалды?
• Күйді тыңдағанда қандай се зімде болдың?

4-тапсырма. Орындау және талдау.

«Дарқан Дала» (авторлары: С. Мәуленов – С. Еркімбеков) әнімен жұмысты жалғастыр. • Әнді сыныппен бірге қайталап орында, өлең жолдарын анық, мәнерлеп , әуенін таза, айғайламай әндетіп айт.
• Әннің қайырмасын канон түрінде орындауды үйрен. Канон түрінде айту үшін сен қайырмасын жаттап ал: «Дарқан жатқан Далам менің, Далам менің, Анам менің, Далам менің, Анам менің!»
• Орындау ережесі: Оқушылар хор ұжымы болып қайырманы бастап кетеді және аяғына дейін өз нақышында орындайды. Мұғалім балалармен бірге ретімен , сәл кідіріп, қайырманы жалғастырады. Үлгіге қарап, сыныбыңмен бірге топқа бөлініп орында:

  Канон (өнерде) – өзгертілмейтін (тұрақты), дәстүрлі ережелер жиынтығы.
  Канон түрінде әнді орындау дегеніміз – әннің негізгі әуенін бірнеше әнші немесе хор ұжымындағы топтардың бірінен кейін бірі қайталап орындауы.

5-тапсырма. Бағалау.

1. «Арман қалам – Астана» әнін қалай орындадым?
2. Орындағанда қандай қиындықтарға тап болдым?
3. Т. Тоқжановтың «Шабыт» күйін тыңдағанда қандай әсер алдым?
4. «Дарқан Дала» әнінің қайырмасын канон түрінде қалай айттым? Орындағанда жаңылыстым ба?
5. Таныстырылымымды қалай жақсартар едім?

×
×

Корзина