Атымтай жомарт
Атымтай жомарт өзі есепсіз бай бола тұрып, күн сайынбір мезгіл үстіне ескі-құсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып жұмыс қылады. Бір күні өзінің жақын таныстары сұрады дейді:
– Жомарт, құдай берген дәулетіңіз бар, ашқа – тамақ, жалаңашқа – киім, үйсіздерге үй болдыңыз, сөйтіп тұрып өз басыңызды, мәртебеңізді төмен түсіріп, кедей адамша отын кесіп, шөп тасығаныңыздың мәні не?
Жомарт айтты дейді:
– Төрт түрлі себеп бар. Әуелгісі: әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті үнемі әдет етсем, көңілге желік кіргізеді; сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиреніп, көз салмай, кем-кетікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқамын. Екіншісі: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшілік емес екенін біліп, кейінгілер әбірет* алсын деймін. Үшіншісі: күн сайын өз бейнетіммен тапқан бір-екі пұлға* нан сатып алып жесем, бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі, сіңімділігі болады екен. Төртіншісі: құдай тағаламның берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын.