Мен мектебім мен сыныптастарымды жақсы көремін.

Мәтіннің құрылымдық бөліктері

10. «Құмырсқа мен Қарақоңыз» мысалын түсініп оқы.

  Құмырсқа мен Қарақоңыз бір сыныпта оқиды. Құмырсқа күнде бестік алып, Қарақоңыз екі ала беріпті.
  Қарақоңыз Құмырсқадан:
– Сенің жақсы оқуыңның сыры неде? – деп сұрапты.
– Оның сыры – уақыт кестесінде.
  Қарақоңыз өзінің уақыт кестесін жасайды. Қалай жасаса да, уақытын ойыннан артылта алмапты. «Құмырсқа ойынға жетпеген уақытты сабақ дайындауға қалай жеткізіп жүр екен?» деп таңданыпты.

Сансызбай Сарғасқаев

•  Сұрақтарға жауап бер.

1. Мәтінде не туралы айтылған?
2. Құмырсқаның жақсы оқуының себебі неде екен?
3. Қарақоңыз неліктен уақыт кестесін дұрыс жасай алмады?
4. Өзің уақыт кестесін қалай жасар едің?

•  Мәтіннің тақырыбы мен ондағы негізгі ойды анықта. Мәтіннің аты тақырыптың қысқаша атауы ма, әлде негізгі ойдың атауы ма?
•  Мәтіннің басын, негізгі бөлігін және соңын тап. Суреті берілген бөлікті көшіріп жаз.

  Мәтіннің басы оқырманды* оқуға даярлайды. Негізгі бөлікте автор айтқысы келген басты пікірін білдіреді. Мәтінді соңғы бөлік аяқтайды.
  Мәтіннің әрбір бөлігі азат жолдан бастап жазылады.

11. Мәтінді оқы. Жоспарға сүйеніп, оның бөліктерін анықта.

Жоспар

1. Көңілсіз суреттер
2. Жан біткен суреттер

  Меруерт табиғат көрінісін салмақшы болып, қара қарындашын алды. Салған суреттері бір түрлі көңілсіз, солғын болып шықты.
  Бір кезде қолына түрлі түсті қарындаштарды алды. Аспанды қара бұлт торлады. Шатыр-шұтыр сары найзағай ойнады. Аспаннан көк тамшылар төпеп берді. Жерде ақ түсті шалшық сулар пайда болды.

•  Мәтінде неше бөлік бар? Олар мәтіннің қай бөліктері? Қай бөлік берілмеген?
•  Мәтіннің соңғы бөлігін өзің тауып айтып көр.
•  Сен Меруерттің орнында болсаң, қандай сурет салар едің?

12. Мәтін тақырыбына сай келмейтін бөлікті алып тастап, мәтінді қайта құрастыр.

  Ермектің осындай достары бар. Ол достарын жақсы көреді.

  Меруерт сабақ үстінде ұялы телефонын шұқылаумен болды. Оның бұл қылығы сынып мұғаліміне ұнамады.

  Бүгін оған Алмас пен Нұрлан келді. Хал-жағдайын сұрап, Ермекке әкелген суретті кітапшаларын ұсынды.

  Балалардың бәрі сабақта. Ал Ермек болса ауырып, үйде қалды. Жалғыз өзі әбден зерікті.

Орфографиялық Сөздік

ұялы телефон

хал-жағдай

•  Құрастырған мәтініңе ат қой. Мәтіннің соңғы бөлігін дәптеріңе көркем етіп көшіріп жаз.

13. Мәтінді оқы. Мәтіннің басқы және негізгі бөліктерінің жігін ажырат.

  Сабақтан келісімен Оспан сөмкесін лақтырып тастады да, үстел үстінде тұрған тамақты апыл-ғұпыл ішіп, ойнауға кетті. Ол кешке дейін доп қуып жүргенде, үйдегі інісі Мұрат та қарап отырған жоқ. Әуелі Оспанның сөмкесін ала мысықтың мойнына байлап біраз сүйретті. Сонан соң …

Сансызбай Сарғасқаев

•  Мәтіннің негізгі бөлігін 1-сурет арқылы толықтыр. Соңғы бөлігінде не болғанын өзің ойлап тап. Ол үшін 2-сурет арқылы оқиғаны болжап көр.

14. Оқы. Парталас жұбыңмен мақалдың мазмұнын талқылаңдар.

Жаман жолдас жолда қалдырады.

•  Бұл мәтін емес, сөйлем екенін дәлелде.
•  Көшіріп жаз. Өз-өзіңді тексер.
•  Осы мақал мәтіннің аты болатындай шағын мәтін құрап жаз.

15. 85-беттегі суретке қара. Мәтінді оқы.

  Ербол бүгін жарыста болып, сабаққа бармай қалды.
  Кешкісін Жантастың үйіне барып, үйге берген тапсырманы сұрады. Ол көшіріп алуға дәптерін берді. Сол кезде Жантастың үйіне Ермек келіп қалды. Ол Ерболдың асығыс көшіріп жатқанын көріп: «Сен оны текке көшірме, мен саған шығару жолын түсіндірейін, сонан соң өзің де үйреніп аласың», – деді.
  Ербол досының сөзін мақұлдап, оған ризалығын білдірді.

Орфографиялық Сөздік

мақұлдау

•  Мәтін кімдер туралы?
•  Мәтіндегі негізгі ойды анықта. Мәтінге ат қой.
•  Мәтінді қанша бөлікке бөлуге болады? Қай бөлікке суреттер берілген? Тағы қандай сурет салуға болады?
•  Мәтіннің соңғы бөлігін көшіріп жаз.

16. Оқы.

  Біздің Айша апай тәрбие сағаттарын қызықты өткізеді. Бірде ол келесі тәрбие сағатында өзара сынға түсетінімізді хабарлады. Өзара сында әрбір сынаушы сынайтын досының әуелі жақсы жағын, содан соң кемшілігін дәлелдеп айтуы қажет екендігін ескертті.
  Серік Арнұрмен өзара сын айтысына түсті. Айтысты Серік бастады.
– Достым, Арнұр! Мен сенің әдептілігің мен кішіпейілдігіңді үлгі тұтамын. Дегенмен, сенің жеңе алмай жүрген кемшілігің бар. Ол – жалқаулық. Сен жалқау болмасаң, үштік бағаларың болмас еді.
  Арнұр …

«Балдырған» журналынан

Орфографиялық Сөздік

кішіпейіл

•  Мәтін неше бөліктен тұрады? Аяқталмай қалған бөлік қайсысы?
•  Арнұрдың не деп айтқанын жалғастырып көр.
•  Сыныпта бір-бірлеріңмен өзара сынға түсіп көріңдер.

×
×

Корзина