Суретпен таныстыр амын
Мәтін және оның түрлері

17. Суреттерге қара. Әрқайсысының мазмұнына лайық мәтіндер таңдап ал.

Не істеді?

Қандай?

Неліктен?

1. Сынып оқушылары терезе алдындағы гүлдің топырағын қопсытады. Оған уақтылы су құйып тұрады.
2. Құмырадағы гүл өте әдемі. Оның қып-қызыл гүлдері көздің жауын алады*. Хош иісті гүлдері мұрныңды жарады.
3. Айболға мұғалім ескерту жасады. Өйткені ол гүлді жұлып алып, мұғалімге ұсынған еді.

•  Бірінші мәтінде кім және не туралы айтылған? Балалар алдымен не істейді? Содан кейін ше? Болған оқиғаның ретін көрсетіп тұрған қимылды білдіретін сөздерді ата. Осы мәтінге қандай сұрақ қоюға болады?

  Бірінен кейін бірі болатын әрекет, оқиға баяндалатын, хабарланатын мәтін әңгімелеу мәтіні деп аталады. Хабарлау мәтініне не болды? не істеді? сұрақтары қойылады.

•  Қай мәтіннің сөйлемдері қандай гүлдер? деген сұраққа жауап береді?

  Заттың немесе құбылыстың сын-сипаты берілген мәтін сипаттау мәтіні деп аталады. Сипаттау мәтініне қандай? сұрағы қойылады.

•  Үшінші сурет пен оған мазмұны сәйкес келетін мәтінге назар аудар. Айбол неліктен ескерту алды?
•  Сен Айболдың орнында болсаң, мұғалімнен кешірім сұрар ма едің?

Үшінші сурет бойынша пайымдау мәтінін құрастыруға болады. Пайымдау мәтіні үш бөліктен құралады:
бірінші бөлікте түсіндіруді, дәлелдеуді қажет ететін ой айтылады: Айболға мұғалім ескерту жасады.
екінші бөлікте түсіндіру, дәлелдеу пікірі беріледі: Өйткені ол гүлді жұлып алып, мұғалімге ұсынды.
үшінші бөлікте қорытынды пікір беріледі: Ол кінәсін мойындап, мұғалімнен кешірім сұрады.
  Пайымдау мәтініне неліктен? сұрағы қойылады.

18. Суреттерге қарап, «Біздің сынып» тақырыбында әңгімелеу, сипаттау мәтіндерін құрастырып көріңдер.

•  Қай мәтін түріне сурет берілмеген?

Әңгімелеу
       Не істеді?

Сипаттау
      Қандай?

Пайымдау
      Неліктен?

•  Пайымдау мәтініне қандай сурет салуға болады?
•  Сызбаны пайдаланып, пайымдау мәтінін құрастырып жаз.

19. Өлеңді мәнерлеп, түсініп оқы.

Алуан бояу іріктеп алды,
Асықпай Марат суретті салды.
Үстелге жайып қағазды аппақ,
Сарымен сұлу жасады бақбақ.

Қызылдан кірпіш қағазға толды,
Зәулім үй келіп аулаға қонды.
Шатырын әсем бояды көкпен,
Жасылмен дуал* жасады еппен.

Өз орнын тапты әртүрлі бояу,
Бәрінен шебер Мараттың ойы-ау!

Тұрсынхан Әбдірахманова

•  Қарамен жазылған сөздердің мағынасын түсіндір. Бұл сөздерді бірінің орнына бірін алмастырып қолдануға бола ма?
•  Сұрақтарға жауап жаз.

1. Марат бояумен не істеді?
2. Ол қандай сурет салды?
3. Неліктен әртүрлі бояу өз орнын тапты?

•  Осы сұрақтар мен жауаптардың көмегімен өлеңді мәтін түрлеріне ажырат.
•  Өлеңдегі сипаттау мәтіні бойынша сурет салып көр. Салған суретің қандай үй? сұрағына жауап болатындай болсын.

20. 90-беттегі суреттерге қара. Оқушылар бұл заттарды дұрыс салыстыра алды ма?
Олардың қателерін тауып, өз жауабыңды ұсын.

1. Алма қызыл, ал қарбыз үлкен.
2. Шарлардың түрі мен түстері әртүрлі. Шиелердің түрі мен түсі бірдей.
3. Бір қасық үлкен, екіншісі – темір.

  Сипаттауда заттың бірнеше белгісі – түсі, түрі, көлемі көрсетіледі. Ал салыстыра сипаттауда заттардың ұқсастығы мен ерекшелігі олардың нақты белгілері бойынша таптырылады. Мысалы: алма – қызыл, қияр – жасыл.

21. Сипаттау үшін өзің ұнататын заттың суретін таңда.

•  Осы затты сипаттауға тырыс. Ол үшін сипаттау мәтінін «Мен … туралы айтқым келеді, …» деп баста. Ары қарай ол заттың негізгі белгілерін (түр-түсін, көлемін, қасиетін) сипатта. Ол затқа деген сезіміңді білдіруді ұмытпа.

22. Сендер сиқырлы қарындаш болатынын білесіңдер ме? Бұл қалай?
 Түк қиындығы жоқ. Берілген пішіндерді сыныптағы заттарға айналдырып салып көріңдер.

×
×

Корзина