Жай және құрмалас сөйлем

· Жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің бір-бірінен өзгешелігін білетін боламын.
· Сөйлем түрлерін айыруды үйренемін.
· Сөйлемдерді жай немесе құрмалас сөйлемге ажырата аламын.
· Құрмалас сөйлемнің тыныс белгісін білемін.
· Құрмалас сөйлемнің тыныс белгісін қойып жазамын.
· Сызба бойынша құрмалас сөйлем құраймын.

54. Бағанның екі жағындағы сөйлемдерді оқып, өзара салыстыр.

Оқушылар тәртіпті.

Ауылдан атам келді.

Әжем жіп иірді.

  Оқушылар тәртіпті болса, ұстаз қуанады.

  Ауылдан атам келді, мен  оны қарсы алдым.

  Әжем жіп иіріп, одан кеудеше тоқыды.

• Бағанның екі жағындағы сөйлемдердің бір-бірінен өзгешелігі неде деп ойлайсың?
• Бағанның екі жағындағы сөйлемдердің әрқайсысында қанша ой берілгенін анықта, олардың тыныс белгілеріне көңіл бөл.

Екі немесе одан да көп жай сөйлемнен құралған сөйлемді құрмалас сөйлем дейміз:
Шолпан келіп, мені театрға ертіп кетті.

55. Мерей мен Әлидің диалогін оқы.

  – Қазақтың аса көрнекті жазушысы Ы. Алтынсариннің әңгімелерінде құрмалас сөйлемдер өте көп қолданылған. Оның «Надандық» атты әңгімесінің мәтінінде үш жай сөйлем кездеседі. Қалғандары – құрмалас сөйлем.
  – Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?
  – Күрделі ойды білдіру үшін, көбінесе, құрмалас сөйлемдер қолданылады екен. Жай сөйлем қанша жайылма болғанымен, күрделі ойды жеткізе айтып, ұғымды етіп беруге жарай бермейді. Сондықтан ауызша сөйлеуде де, көркем әдебиетте де құрмалас сөйлем көп қолданылады.
  – Құрмалас сөйлемде қандай тыныс белгісі қойылады?
  – Құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдердің арасына жазуда көбінесе үтір қойылады.

56. Мәтінді оқы.

  Ол – кішкентай бала. Мұнда алыстан, қаладан келді.
  Жергілікті бала Кәрім дөрекі, тентек. Балалар одан қорқады. Қылығын айтпайды.
  Кішкентай бала қорықпай, оны батыл әшкереледі.
  – Мен қорықпадым. Ұжым бір тентекке соққы бере алады ғой. Мені оған ұрғызып қоя ма… – деді ол.
  Тентек жеңілді. Кішкентай бала дұрыс істеді. Досқа адалдықпен көмектеспей, оның кемшілігін бетіне айтпай, адам дұрыс тәрбиеленбейді. «Ауруын жасырған өледі» дейді халық.

Мұқан Иманжанов

Мәтіндегі сөйлемдердің қайсысы жай сөйлем, қайсысы құрмалас сөйлем екенін айт. Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен өзгешелігін түсіндір.
Құрмалас сөйлемдерді теріп жаз.

57. Өлеңде неше құрмалас сөйлем бар екенін тап.

        Қисық бала

Қасыңнан ағып өтеді,
Қалардай жолдан кешігіп.
Қарттарды қағып өтеді,
Сұрамайды кешірім.
Осындай қисық бала бар:
Шайқайды басын ағалар.

 

Үлкеннің жолын сол бала
Ұялмай кесіп өтеді.
Іркіле тұрса сәл ғана,
Япырмау, несі кетеді?!
Осындай қисық бала бар,
Шайқайды басын ағалар.

Мұзафар Әлімбай

58. «Жалғасын тап» ойыны. Құрамалас сөйлемнің бірінші жай сөйлемі берілген. Оқушылар келесі бөлігін табады.

1. Ол бүгін ерте келіп, … .
2. Лезде аспанды бұлт торлап, … .
3. Жаз ыстық болса, … .

59. Сөйлемдерді тиісті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жаз.

  Біздің сынып шәкірттері тәртіпті, білімді болса ұстаз қуанады туған жерге туың тік туған жердей жер болмас туған елдей ел болмас мен өз елімді сүйемін бірлік болмай тірлік болмайды.

 Сөйлемдердің қайсысы жай сөйлем, қайсысы құрмалас сөйлем екенін айт.
 Жазған кезде құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдердің арасына қандай тыныс белгісін қойдың?

59. Сөйлемдерді тиісті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жаз.

  1. Асқар мектепке келді. Сабақ басталып кетіпті. 2. Автобуста адам көп екен. Сәуле қарт адамға орын берді. 3. Маржан гүлге су құйды. Гүл жайқалып өсті.

61. Сөйлемдерді көшіріп жаз.

  1. Орманды үскірік жел кезді, бұталар судыр қақты. 2. Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады. 3. Қарлығаш төмен ұшса, күн жауады.

Кестені пайдаланып, ойыңды дәлелдей білуге үйрен

62. Мақалдарды толықтырып, олардың құрмалас сөйлем екенін дәлелде.

  1. Досы көпті жау алмайды, …
  2. Ойнап сөйлесең де, …
  3. Бірлігі жоқ ел тозады, …
  4. Ел боламын десең, …

  Дәлелдеу үлгісі: Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды – құрмалас сөйлем, өйткені ол екі жай сөйлемнен тұрады: бірінші жай сөйлем – Досы көпті жау алмайды, екінші жай сөйлем – ақылы көпті дау алмайды. Жай сөйлемдер мағыналық жағынан байланысқан.

63. Құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдердің арасына тиісті тыныс белгісін қойып, мәтінді көшіріп жаз.

  Бір қарлығаш ұя салыпбалапандарын асырап жүреді. Бір күні жауыз жылан балапандарды жегісі келіп ұя салынған ағашқа өрмелеп шыға бастайды. Қарлығаш жыланды көргенде қатты қорқып балапандарын қорғап қалатын арашашы іздейді.

Әрбір жай сөйлемнің баяндауышын тап.
Құрмалас сөйлемдерді жай сөйлемге айналдырып айт, оларды өзара салыстыр.
Бұл қай ертегіден алынған үзінді екенін айт.
Ертегіні өзің одан әрі жалғастыр.

64. Мақалдарды оқып, жатқа жаз.

  1. Еңбек түбі – береке, көптің түбі – мереке. 2. Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер – жанның тынысы. 3. Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы.
Сөйлемдердегі тыныс белгілерінің қойылу себебін түсіндір, әр тыныс белгісінің өзіндік ерекшелігін айт.
Құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдерді сөйлем мүшелеріне талда.

65. Мәтінді түсініп оқы.

  Бір топ бала іске жұмыла кірісіп, коньки тебетін мұзайдын жасап жатты. Олар алаңның қарын күреп, тегістеді. Мұзайдын дайын болғаннан кейін балалар конькилерін аяқтарына байлап, сырғанақ тебуге кірісті. Одан кейін екі топ құрап, хоккей ойнамақшы болды.

Мәдіхат Төрежанов

Құрмалас сөйлемдерді көшіріп жаз, олардың жай сөйлемнен өзгешелігін түсіндір.
Әңгімені әрі қарай жалғастыр.

66. Берілген сызба бойынша сөйлем құрап жаз. Оның жай сөйлем немесе құрмалас сөйлем екенін айт.

67. Сөйлемдерді тиісті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жаз.

  Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей жақсы адамға жау жоқ адал достық алтыннан қымбат еңбек адамның бағын ашады спорт адамның әрін ашады.
Сөйлемдердің қайсысы жай сөйлем, қайсысы құрмалас сөйлем екенін айт. Жазған кезде құрмалас сөйлемнің құрамындағы сөйлемдердің арасына қандай тыныс белгісін қойдың?

68. Сурет бойынша әңгіме құра.

Осындай келеңсіз жағдайды көрсең, не істер едің?
Суреттегі балалардың әрекетіне өз пікіріңді білдір.

×
×

Корзина