Мақала жаза аламын

· Мақала мен хабарламаны ажыратуды;
· мақала жазуды үйренемін.
· Мәтін стилін ажыратуды;
· репортаж алуды үйренемін.

46. Мәтіндерді оқы. Қай мәтінде болатын оқиға хабарланып тұр?
Қайсысында материал авторы өзі туралы баяндайды?

  1. Бүгін, 20 қазан күні, біздің мектептің акт залында Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан жарыс өтеді.
  2. Мен осы неге мектепке кешіге беремін? Енді кешікпеймін деп уәде берсем де, кешігемін. Не істеуім керек? Бүгін жаңбырдан кейін қаптап кеткен жауынқұртын тамашалаймын деп мұғалімнен кезекті ескерту алдым. Кеше балалармен футбол ойнап кешіктім. Мен әдейі істемеймін ғой. Шындығында, менің сабаққа кешіккім келмейді.
  – Шағын газет жанрының бірі – хабарлама. Хабарлама үшін фактілер мен тілдік құралдарды іріктеу өте маңызды. Хабарламада сан есім мен жалқы есімдердің алатын орны ерекше. Мұндай жанр түрінде ақпараттың қайда, қашан, не болғаны 1–3 сөйлеммен берілуі қажет.

47. Оқы. Хабарламада не айтылған?

  30 қарашада Ақмола облысына қарасты «Балқарағай» демалыс орнында ел тарихында тұңғыш рет халықаралық қансонар* өтті.

«Жас қазақ» газетінен

48. Көп нүктенің орнын хабарлама шығатындай мәліметтермен толықтырып жаз.

… №… мектепте … олимпиада өтті. Оған … мен … қатысты.
– Мен хабарлама жазуды үйреніп алдым. Енді ақпараттық мақала жазуды меңгеріп алғым келеді.
– Маңызды фактілер, қызықты оқиғалар туралы мақала жазуда оқиғаны хабарлап қана қоймай, оған өз пікіріңді білдіруің керек. Мақала жазуда қашан? қайда? не? кіммен? және қалай өтті? сұрақтарын басшылыққа алсаң, қателеспейсің.

49. Бір тақырыпқа жазылған хабарлама мен ақпараттық мақаланы
оқы. Ақпараттық мақаланың хабарламадан ерекшелігі неде?

Хабарлама

  Үстіміздегі жылдың 10 қазанында қаладағы №173 мектеп-лицейде «Әлемге танылған Абай» атты кеш өтті.

Ақпараттық мақала

  Үстіміздегі жылдың 10 қазанында қаладағы №173 мектеп-лицейде «Әлемге танылған Абай» атты кеш өткізілді.
  Әдемі безендірілген зал іші көңіліңе қуаныш ұялатады. Абай шығармалары қойылған көрме алыстан көз тартады.
  Балалардың өз өнерлерін ортаға салатын уақыт та келіп жетті: Абай өлеңдері жатқа мәнерлеп оқылды, Абай әндері шырқалды.
  Әсел, Санжар, Анар есімді балалардың өнеріне көпшілік тәнті болды.
  Зал ішін ақын рухы кернеп, болашаққа бағыт-бағдар көрсетіп тұрғандай.

50. Өзіңді қабырға газетінің редколлегия мүшесімін деп ойла. Сенің
материалыңа газетте азғана орын қалды. Ұсынылған материалды мақала
шығатындай етіп жаз.

  15 қазан күні 4 «А» сыныбында «Алтын сақа» ертегісі бойынша қойылым болды. Балалар бұл іс-шараға жақсы дайындықпен келді. Ертегі кейіпкерлерінің образын сомдаған оқушылар әртістерден кем түспеді. Сынып мұғалімі оқушыларының белсенділіктеріне риза болды. 4 «А» сынып оқушылары үшін мұндай қойылымдар үйреншікті нәрсе. Сондықтан олар қонақтардан еш қысылмады.

51. Бірдей тақырыпқа берілген мәтіндерді оқып, өзара салыстыр.
Қайсысы ғылыми мәтін, қайсысы көркем мәтін?

Жіпсіз байлау

  Бір күні бір бай:
  – Әй, Алдар! Жіпсіз, түйінсіз байлауға бола ма? – дейді Алдарға.
  – Байеке, күте тұрыңыз. Мен мына үйге кіріп шығайын. Сонан соң айтармын, – дейді Алдар.
  Бай далада сарылып әрі тұрады, бері тұрады. Алдар үйден шықпай қояды.
  – Е, «күте тұрыңыздың» аяғы жіпсіз байлау екен ғой, – деп өкінеді бай сонда.

Алдаркөсе

  Алдаркөсе – қазақ ауыз әдебиетіндегі халық арасына көп тараған ұнамды, күлдіргі кейіпкер. Әр кезде өмір сүрген ақылды да айлакер, тура да тапқыр, жарлы-жақыбайдың* қамын жеген әділ адамның жиынтық бейнесі. Ол бірде жұмыртқадан жүн қырыққан* дүниеқоңыз Шықбермес Шығайбайдың* басын шыр айналдырса, бірде тиыннан теңге құраған саудагердің өзін мұзға отырғызып кетеді*.
  Халық пасық, надан байларға, суайт* саудагерлерге өз өкілі Алдаркөсені қарсы қояды. Сөйтіп, ел өз көзқарасын, тілегін Алдаркөсе арқылы танытып отырған.

«Ол кім? Бұл не?» кітабынан

Дереккөздерден Алдаркөсе туралы аңыз әңгімелер жинақта

52. Мектепте «Мен әлемді танимын» тақырыбында зерттеу жұмыстарының
мектепішілік байқауы өтіп жатыр. Сен тілші ретінде осы байқау туралы
репортаж ал.

Бұл үшін төмендегі ақпаратты басшылыққа ал.

  Репортаж – оқиға орнынан жедел және көркем етіп беретін сұхбат жанры. Мұнда тілші сұхбатты тікелей оқиға орнынан алады.

Сұрақтарға жауап жаз.

  – Саған кімнің зерттеу жұмысы ұнады? Несімен ұнады?
  – Ғылыми жұмыста нені жақсарту керек деп ойлайсың?
  – Айтар сөзіңді тыңдарманға жеткізе алдың ба?
  – Уақытты дұрыс пайдалана білдің бе?

Алған репортажыңды (сұхбатыңды) сыныптың қабырға газетіне, балалар журналына немесе балаларға арналған сайтқа жариялауыңа болады.

53. Жарнамадағы хабарландыруларды оқып, қайда баратыныңды ойланып шеш.

×
×

Корзина