Қазақстан пайдалы қазбаларға бай. Оны жерасты байлығының «қоймасы» деп бекер айтпаған. Қазақстанда жер жүзінде кездесетін пайдалы қазбалардың барлық түрі бар. Пайдалы қазбаларды өндіру үшін алдымен оның шығатын орнын табу керек. Мұндай кен орындарын іздеумен геологтер айналысады. Олар әртүрлі техникалық құралдарды пайдаланады. Табылған пайдалы қазбалардың шығатын жерін шартты белгілер арқылы картаға түсіреді.
«Дүниетану» кітабынан
• Неліктен Қазақстан жерасты байлығының «қоймасы» деп айтылады? • «Қазақстанның пайдалы қазбалар картасымен» танысып, одан пайдалы қазбалар шығатын жер-су атауларын тап.
31. Жер-су атаулары мен олардан шығатын пайдалы қазбаларды сәйкестендір. Біріккен сөздерді тап.
Арқалық Ерейментау Ақсу Жезқазған Кентау Қаражал Жалғызтөбе
мыс кені алтын алюминий полиметалл кендері темір кені
• Үлгі бойынша 3-4 сөйлем құрастырып жаз. Үлгі: Арқалықта алюминий өндіріледі.
32. Өлеңді мәнерлеп оқы.
Жезқазған – жер қайнарым, Мыс балқып, қойнауында тулайды ағын, Көзіндей батыр мінез бабалардың Ұлы – мәрт*, қызы – көркем нұрлы аймағым!
Дүниені жайласа да дауылды ағын, Ерлерше сақтап қалған мәнін, жанын. Жігерін жұқартпаған жезді өлкеде Жер қазып, мыс балқытқан бауырларым.
Фариза Оңғарсынова
• Өлең не туралы?
• Өлеңнен біріккен сөзді тауып, оның қалай жасалғанын түсіндір. • Мыстан не жасайды? Дереккөздерден сұрақтың жауабын тауып жаз.
33. Тірек сөздермен монолог құрап жаз.
Тақырыбы: Мен геологпін. Тірек сөздер: Мен, геолог, жерасты қазбалары, іздеп табу, оның қорын анықтау, кен байлықтары, халықтың игілігіне жарату, армандау, Ерейментау, Ақсу, Жезқазған, Кентау, мақтан ету.
34. Дереккөздерден төмендегі сұрақтарға жауап ізде.
1. Қаныш Сәтбаев кім? Геолог мамандығына оның қандай қатысы бар? 2. Темір кені Қазақстанның қай қалаларында өндіріледі? 3. Алюминийден не жасайды? • Тапқан ақпаратыңды сыныптастарыңа таныстыр. Ақпаратыңда кездескен біріккен сөздерді дәптеріңе теріп жаз.