Қос сөздер

· Пікір білдіруге бағытталған сұрақтар құрастырамын.
· Қос сөздерді қолдануға жаттығамын.
· Шешім табуға бағытталған сұрақтар құрастыруға және жауап беруге жаттығамын.
· Қос сөздердің жасалу жолдары мен емлесін үйренемін.

40. Мәтінді мұқият тыңда.

  Әке-шешем қойшы болды. Айдалада ақ боз үй. Айналаның бәрі бұйра-бұйра құм. Сексеуіл, жусанды дала. Бір отар малды шеген* құдықтан суарады. Бір отарда мыңға жуық қой бар. Құдықтың басындағы айналмалы ағаш шығыр* арқылы түйеге арқан байлап, қауға* тартамын. Бір қауғаға 30 литрдей су сыяды. Әкем қауғадағы суды ағаш науаға құйып тұрады. Мың қойды суару үшін қанша рет қауға тарту керек. Әр қой кемінде бір литрге жуық су ішеді. Қанша қауға тартқанымды санап отырамын. Жүзге дейінгі санды қауға тартып жүріп үйрендім.

Көпен Әмірбек

  Мәтін бойынша пікір білдіруге бағытталған сұрақтар құрастыр. Сұрақтарға жауап беріп көр. Сұрақ құрастыруда «Қалай ойлайсың?», «Сенің ойыңша…», «Неліктен?», «Не себепті?» сұрақтары мен тіркестерін пайдалануды ұмытпа.
  • Көпен Әмірбек кім? Ол санауды қалай үйренді? Оның әке-шешесі кім?
  • Мәтіннен күрделі сөздері бар сөйлемдерді теріп жаз. Күрделі сөздердің астын сыз.

41. Өлеңді оқы.

Қора-қора қой жатыр,
Қарын-қарын май жатыр,
Түйе-түйе жүн жатыр,
Ауыл-ауыл ел жатыр.

Ахмет Байтұрсынұлы

Күрделі сөздерді тап. Олардың қалай жасалып тұрғанын байқа. Мағынасын түсіндір.
Күрделі сөздің бір сыңарын алып тастап айтып көр. Сонда нені байқадың?

  Екі сөздің қайталанып айтылуынан жасалған күрделі сөздерді қос сөздер деп атайды. Жазуда қос сөздің арасына дефис (-) қойылады: мая-мая, әке-шеше, көре-көре, құрал-сайман.

42. Мақалды оқып, жатқа жаз.

Көре-көре көсем боларсың,
Сөйлей-сөйлей шешен боларсың.
Қос сөздердің астын сыз.
Қос сөздің бір сыңарын алып тастаса, сөйлем мағынасында қандай өзгеріс болады?

43. Берілген қос сөздердің суреттегі қай мамандық иесіне қатысты екенін тап.

Киім-кешек, көйлек-көншек, тіге-тіге, құрал-сайман; ыдыс-аяқ, ет-мет, шай-пай, сүт-мүт.

Өз отбасы мүшелеріңнің мамандықтары туралы әңгімеле.

44. Қос сөздерді оқып шығып, көшіріп жаз.

  Биік-биік, ыдыс-аяқ, кіп-кішкене, көйлек-көншек, анда-санда, қарқ-қарқ, жап-жасыл.
  Қос сөздердің құрамындағы сөздерге назар аудар.
  Өзің қалаған қос сөздерді қатыстырып бірнеше сөйлем құра.

45. Қарамен жазылған сөздерді қос сөзге айналдырып, сөйлемдерді көшіріп жаз.

  1. Балалар қардан аққала жасап ойнап жүр. Үсті-бастары қар. 2. Биік таулар алыстан көз тартады. 3. Айгүлдің шашы желмен желп етті. 4. Жанат бұған қуана келісті.
  • Қос сөз сөйлемге қандай мағына үстегенін байқа.
  Қос сөзді құрап тұрған сыңарларды салыстыр.

46. Кестеге қара және түсіндір.

47. Берілген мәтінді оқы. Оның түрін анықта. Ойыңды дәлелде.

  26 желтоқсан. Бүгін Айша апай ата-аналарымыздан сұхбат алып келуді тапсырды. Қоятын сұрақтарымызды анықтап алдық: «Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? Мамандығыңызды ұнатасыз ба? Балаңыздың қай мамандық иесі болғанын қалар едіңіз?»
  Сұхбат алуды әкемнен бастадым. Бірінші, екінші сұрақтарды жап-жақсы қойғаныммен, үшіншісінде тұтылдым. Қайта-қайта жаттап, сұхбатты толық аламын дегенше, ұйқыға жататын уақыт та болды. Анамнан сұхбат алу мүмкіндігім болмады. «Анам ауруханада жатыр» деп айта салмақшы болдым.
Қарамен жазылған ата-ана, жап-жақсы, қайта-қайта сөздерінің емлесін есіңе сақта. Олардың жасалу жолдарын салыстыр.

  Қос сөздер бір сөздің қайталануы (қайта- қайта), екі түрлі сөздің қосарлануы (ата-ана) және сөздің алдына күшейткіш буын қосу арқылы да (жап-жақсы) жасалады.

Оқушы күнделігіндегі жағдаятқа сәйкес шешім табуға бағытталған сұрақтар құрастыр. Осы сұрақтарды парталас жұбыңа қой. Оның қойған сұрақтарына жауап бер.
Оқушының шешімі дұрыс па? Неге олай ойлайсың?

48. Төмендегі сөздерді кестеге орналастыр.

  Ата-баба, кезек-кезек, тау-тас, күте-күте, быт-шыт, тап- таза, қырқа-қырқа*, іркес-тіркес, тып-тыныш, салдыр-гүлдір, үп-үлкен.
Осы сөздермен 4-5 сөйлем құрастырып жаз.

49. Қос сөздері бар паровозға көптік, тәуелдік жалғаулары бар вагондарды тіркеп көр.
Қос сөздердің бәріне көптік, тәуелдік жалғаулары жалғана ма? Дәлелде.

50. Диалогті оған тән тыныс белгісімен толықтыр.

  – Әли,сен білесің бе? Менің ағам Түркияға ұшпақшы.
  – Онда сенің әжең тоқымқағар жасайды екен ғой.
  – Ол не? Мен түсінбедім.
  – Жас жігіт алғаш рет жолға шыққанда жасалатын басқосу. Онда мал сойылып, ойын-сауық, өлең-жыр айтылады.
  – Егер ағам маған сыйлық әкелсе, ең жақсысын саған беремін. Сен менің нағыз досымсың ғой.
  – Алыс сапарға шыққан адамдар туыстарына, балаларға ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны базарлық деп атайды. Бұл – жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі.
Екеуара сұхбатқа түс. Күрделі сөздерді тауып, түрлеріне ажырат.
«Тоқымқағар», «базарлық» сөздерінің шығу төркіні айтылған сөйлемдерді теріп жаз.

51. Диалог мазмұны бойынша екі сұрақ құрастыр. Парталас жұбыңның дайындаған сұрақтарына жауап бер.

×
×

Корзина