Қысқарған сөздер

· Қысқарған сөздердің жасалу жолын білемін.
· Күрделі атауларды қысқартып жаза аламын.

52. Мәтінді мұқият оқы. Мәтінде неше кейіпкер бар? Әр кейіпкер сөзінің алдынан қандай тыныс белгісі қойылған?

  Бір топ оқушы үзіліс кезінде ата-аналарының кәсіптері туралы айтысты.
  Гүлжан: – Менің анам – адам құқығын қорғайтын заңгер: Ал әкем – аудармашы. Қазір АҚШ-та іссапармен жүр.
  Сұлтан: – Менің әке-шешем – қарапайым мамандық иелері. Екеуі де құрылыста жұмыс істейді. Анам – сылақшы. Әкем – тас қалаушы.
  Нұрболат: – Менің ата-анам білім беру саласында қызмет етеді. Әкем Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, ал анам – медакадемия оқытушысы.
  Айгүл: – Менің анам – Қазпоштада сұрыптаушы. Әкемнің мамандығы ерекше. Ол – IT маманы.
  Қоңырау соғылып, балалар орындарына жайғасты.
• Сенің ата-анаң қандай мамандық иелері?
• Қарамен жазылған сөздерге назар аудар. Олардың толық атауын білесің бе?

  Бірнеше сөзден тұратын атаулар қысқартылып айтылады: БҰҰ, ҚР, «Қазспорт», педкеңес. Бұлар қысқарған сөздер деп аталады.

53. Өлеңді жатқа жаз.

– Бір,
Екі,
Үш,
Төрт,
Бес,
Немене екен
ГЭС?
– Бір,
Екі,

Үш,
Төрт,
Бес,
Түсінбедім еш.
– Түсінбесең
ГЭС-ке,
Түсінесің кешке,
Бәрімізге керек бір,
ГЭС-тен келер электр.

Көпен Әмірбек

Дереккөздерден ГЭС қысқарған сөзінің толық атауын тауып оқы.
ГЭС-те қандай мамандық иелері жұмыс істейді?

54. Сөздерді оқы және әрқайсысының тұсына қысқарған түрін жаз.

  Біріккен Ұлттар Ұйымы, Америка Құрама Штаттары,Ұлттық ғылым академиясы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы.
Үлгі: Біріккен Ұлттар Ұйымы – БҰҰ.
Сөздердің қалай қысқартылып тұрғанын өзің пайымдап айт.

55. Сөйлемдерді көшіріп жаз.

  1. Қазақстан Президенті АҚШ-қа ресми сапармен барып қайтты. 2. Гауһардың әкесі ҚазҰУ-да сабақ береді. 3. Қазақстан – БҰҰ-ға мүше ел. 4. ТМД елдерінің басшылары үнемі кездесулер өткізіп тұрады.
Қысқарған сөздердің астын сыз, олардың толық атауларын және қалай қысқартылып тұрғанын айт.

56. «Бұл қай мамандық иесі?» ойынын ойна. Ол үшін төмендегі сөйлеу мәнерлері кімге тиесілі екенін тап.

  – Абайлаңыздар. 1-жолға №3 Алматы–Астана пойызы келіп тоқтайды. Пойыз толық тоқтағанша, вагондарға жақындамаңыздар.
  – Маусымның 10-ыншы жұлдызында Астанада күн ашық, жауын-шашын жоқ. Таңертең 9–19º, күндіз 19–21º, кешке 11–21º, түнде 9–12º аралығында жылы болады.
  – Алматыдан Қызылордаға ұшатын КС 621 рейсіне отырғызу басталды.
Өз тобыңмен ата-аналарыңның мамандықтары туралы суреттер жина. Оларды қағазға жапсырып, хабарлама дайында. Оқушыларға таныстыр.

×
×

Корзина