Қысқарған сөздер

· Қысқарған сөздердің жасалу жолын білемін.
· Күрделі атауларды қысқартып жаза аламын.

52. Мәтінді мұқият оқы. Мәтінде неше кейіпкер бар? Әр кейіпкер сөзінің алдынан қандай тыныс белгісі қойылған?

  Бір топ оқушы үзіліс кезінде ата-аналарының кәсіптері туралы айтысты.
  Гүлжан: – Менің анам – адам құқығын қорғайтын заңгер: Ал әкем – аудармашы. Қазір АҚШ-та іссапармен жүр.
  Сұлтан: – Менің әке-шешем – қарапайым мамандық иелері. Екеуі де құрылыста жұмыс істейді. Анам – сылақшы. Әкем – тас қалаушы.
  Нұрболат: – Менің ата-анам білім беру саласында қызмет етеді. Әкем Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, ал анам – медакадемия оқытушысы.
  Айгүл: – Менің анам – Қазпоштада сұрыптаушы. Әкемнің мамандығы ерекше. Ол – IT маманы.
  Қоңырау соғылып, балалар орындарына жайғасты.
• Сенің ата-анаң қандай мамандық иелері?
• Қарамен жазылған сөздерге назар аудар. Олардың толық атауын білесің бе?

  Бірнеше сөзден тұратын атаулар қысқартылып айтылады: БҰҰ, ҚР, «Қазспорт», педкеңес. Бұлар қысқарған сөздер деп аталады.

53. Өлеңді жатқа жаз.

– Бір,
Екі,
Үш,
Төрт,
Бес,
Немене екен
ГЭС?
– Бір,
Екі,

Үш,
Төрт,
Бес,
Түсінбедім еш.
– Түсінбесең
ГЭС-ке,
Түсінесің кешке,
Бәрімізге керек бір,
ГЭС-тен келер электр.

Көпен Әмірбек

• Дереккөздерден ГЭС қысқарған сөзінің толық атауын тауып оқы.
• ГЭС-те қандай мамандық иелері жұмыс істейді?

54. Сөздерді оқы және әрқайсысының тұсына қысқарған түрін жаз.

  Біріккен Ұлттар Ұйымы, Америка Құрама Штаттары,Ұлттық ғылым академиясы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы.
Үлгі: Біріккен Ұлттар Ұйымы – БҰҰ.
• Сөздердің қалай қысқартылып тұрғанын өзің пайымдап айт.

55. Сөйлемдерді көшіріп жаз.

  1. Қазақстан Президенті АҚШ-қа ресми сапармен барып қайтты. 2. Гауһардың әкесі ҚазҰУ-да сабақ береді. 3. Қазақстан – БҰҰ-ға мүше ел. 4. ТМД елдерінің басшылары үнемі кездесулер өткізіп тұрады.
• Қысқарған сөздердің астын сыз, олардың толық атауларын және қалай қысқартылып тұрғанын айт.

56. «Бұл қай мамандық иесі?» ойынын ойна. Ол үшін төмендегі сөйлеу мәнерлері кімге тиесілі екенін тап.

  – Абайлаңыздар. 1-жолға №3 Алматы–Астана пойызы келіп тоқтайды. Пойыз толық тоқтағанша, вагондарға жақындамаңыздар.
  – Маусымның 10-ыншы жұлдызында Астанада күн ашық, жауын-шашын жоқ. Таңертең 9–19º, күндіз 19–21º, кешке 11–21º, түнде 9–12º аралығында жылы болады.
  – Алматыдан Қызылордаға ұшатын КС 621 рейсіне отырғызу басталды.
• Өз тобыңмен ата-аналарыңның мамандықтары туралы суреттер жина. Оларды қағазға жапсырып, хабарлама дайында. Оқушыларға таныстыр.

×
×

Cart