§5–6. Қазақстан қала мәдениетінің дамуындағы Ұлы Жібек жолының рөлі

Оқу мақсаты:
- картаны пайдаланып, Ұлы Жібек жолының Қазақстан аумағындағы бағыттары мен жолдарын зерттеу;
- Қазақстан аумағында қалалардың пайда болуы мен дамуындағы Ұлы Жібек жолының рөлін талдау.

Жiбек жолы. Е. Төлепбаев

  1. Ұлы Жібек жолы және Қазақстан. Ұлы Жібек жолы – елдер мен алықтардың қатынасын нығайтқан, түрлі мәдениеттерді бір-бірімен жақындатқан, Қазақстан жеріндегі қала мәдениетіне ықпалын тигізген байланыс жолы болды. Шығыс пен Батыс елдерін байланыстыратын сауда жолының бағыты ретінде бекіту үшін «Жібек жолы» атауын 1877 жылы неміс ғалымы, географ Ф. Рихтгофен ұсынған болатын. Оның «Қытай» атты еңбегінде алғаш аталған бұл тарихи термин ғылыми әдебиеттерде қалыптасып кетті. Жолдың маңыздылығы мен мыңдаған шақырымды құрайтын қашықтығына байланысты «ұлы» сөзі қосылды.

Есіңе түсір
Адамзат тарихында Ұлы Жібек жолының маңызы қандай?

  Бұл түрлі бағыттағы керуен жолы еді. Б.з.б. ІІ ғасырда Қытай жерінен басталып, Жерорта теңізіне қарай шыққан. Ұлы Жібек жолының негізгі торабы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жерін басып өткен. Жетісу өңірі – Ұлы Жібек жолының Шығысқа шығатын, ал Оңтүстік Қазақстан аймағы – Батысқа шығатын қақпаларының бірі болған. Бұл тақырыпта келтірілген картада айқын көрінеді. Шығыс пен Батысты ұштастырған бұл жолда Қазақстан мемлекеттерді өзара байланыстырушы буынға айналды. Бүкіл Еуразияға осы бағытпен білім мен технологиялар, мәдениет пен дін, тауар мен көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат тарады. Басты тауарлары жібек, араб арғымақтары, нефрит т.б. асыл тастар мен фарфор еді. Сауда дамыған сайын өнім өндіру тәсілдері артып, елдер ара- сында өтімді тауарлар: шарап, жоңышқа, кептірілген жеміс, кілем, тұрмыстық бұйымдар ағыла бастады. Мысалы, үйсін жері арқылы асыл тастар мен жібек, фарфор артылған қытайлықтардың ірі керуені өткен.

  Жібек сауданың басты тауары саналды. Ғалымдардың пайымдауынша, жібек өндіру технологиясы осыдан 6000 жыл бұрын ашылған. Жібек маталарды адамдар ерте замандарда-ақ жоғары бағалаған. Жібек – жұқа, жеңіл, жұмсақ мата. Таза және табиғи болғандықтан, зарарсыздандыру қасиеті де бар. Жібек өндіруші елдер мен оны тұтынушылар жібектен тігілген киімге жәндіктердің жоламайтынын байқаған. Жібек киімдер әдемі және ыңғайлы, сәнді еді. Сондықтан жібек жасаудың құпиясы ғасырлар бойы қатаң сақталды. Қытайдан шығарылған маталар Ұлы Жібек жолы арқылы дүниежүзінің басқа аймақтарына таралып, қазынаға мол табыс әкелген. Қытайдан кейін жібек құрты Шығыс Түркістан, Орта Азия, Үндістан, Иран, Византия елдерінде өндіріле басталды.
  Түркі ақсүйектері тек жібек матадан тігілген киімдер киді. Мысалы, Тон Жабғу қағанның (VII ғ.) жасыл жібек шапан кигені белгілі. Араб географы әл-Идриси мәліметтері бойынша, дәулетті қимақтар түрлі түсті жібек киімдер киген. XVIII ғасырдағы ғалым, этнограф И. Георги далалықтардың жібек матадан тігілген киімдер кигені туралы жазады.

  Алтынмен бірге жібек халықаралық валютаға айналды, айырбас өлшемі ретінде бекітілді. Жібек сыйға тартылды, жалдамалы әскерлерге және қызметкерлерге ақы ретінде төленді. Ортағасырлық түркілердің аттарын жібекке айырбастап отырғаны белгілі.
  Жібек жолының бойымен Еуропадан Қазақстан жеріне әйнек және теңгелер, айна, шыны ыдыстар, түймелер мен қапсырмалар жеткізілді. Қазақстан жерінен тері мен жүн, жылқы, қой тасылған.
  Ежелгі заманнан бері Ұлы Жібек жолында тауарды түйе және есектермен тасымалдады. Әсіресе түйені шөл даланың кемесі ретінде жоғары бағалады. Олар су көздерін өздігінен таба алады. Бір өркешті түйеден гөрі қосөркешті түйе көбірек пайдаланылды.

  Соғыс уақытында жол тораптарында сауда бәсеңдеп, бейбіт күндері қайта жанданып отырған. Ежелгі Қытай деректерінде б.з.б. І ғасырда жібек артылған керуендердің Батыс елдеріне жеткені айтылады. VI ғасырда қуатты Түрік қағанаты құрылған кезде Қытайдан Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жері арқылы өтетін Жібек жолы тармағы барынша өркендеді.

Пікірің қажет
Қазіргі уақытта Ұлы Жібек жолын жаңғырту мүмкіндігі бар ма?

  VI–XIII ғасырларда Ұлы Жібек жолының негізгі бағыты Сирия – Иран жері – Орта Азия – Оңтүстік Қазақстан – Талас, Шу алқабы – Ыстықкөл, Шығыс Түркістан арқылы өткен.
  Келесі бір тармағы Византиядан Дербент арқылы Каспий маңы даласы – Маңғыстау – Арал бойы – Оңтүстік Қазақстан жерін байланыстырған. Тағы бір бағыты Орталық Қазақстан аумағынан Шығыc Қазақстан мен Батыс Сібірге жеткен.
  Ұлы Жібек жолының негізгі бағыты Арал теңізін жағалай Сырдария, Шу өзендері арқылы Жетісудан Жоңғар қақпасына жеткен. Соныменен Батыс пен Шығыс елдерін байланыстыратын жол Қазақстан жері арқылы өтіп, сауда қарым-қатынас аясы кеңейе түскен.

Сауда керуені

  Түрік қағандары Жетісу аумағын басып өтетін сауда керуендерін қол астына қаратып, толық бақылауына алды. Түрік билеушілері мен ауқатты түркілер ағылып келіп жатқан тауарлардың ірі тұтынушысы еді. XIII ғасырда Ұлы Жібек жолын Моңғол империясы тиімді пайдаланып, өз бақылауына алады. 

Талқыла
Сауданың дамуы қоғамды қандай өзгерістерге жеткізді?

  Бұл кезеңде керуен жолы біршама гүлденіп, халықаралық сауда мен мәдени байланыстарға өз үлесін қосып тұрды. Моңғолдар сауданың дамуын қолдап, дінге қысым көрсетпеді. Моңғол билеушілерінің ордалары ірі сауда қалаларында орналасты. Ұлы Жібек жолының кедендері мен транзиттік бекеттерінде жолаушылар азық-түлік қорын толықтырып, болдырған аттарын алмастырды, қажет жағдайда жолсерік қызметі де көрсетілді. Жол бойында жаңа қалалар мен керуен-сарайлар бой көтерді. Керуеншілерге қызмет түрін ұсынып отырған керуен-сарайлардың жолаушылар үшін маңызы зор еді. Көпестер үшін керуен-сарайлар тауар өткізетін және тауар сатып алатын маңызды сауда орталығы саналды. Керуен-сарайлар ауыр және алыс жолдағы керуеншілердің рухани мұқтажын өтейтін мәдени орталықтарға айнала бастады.
  Жібек жолын бақылауға алған империялар сауданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен керуендерге және діни миссияларға арнайы өкілеттік құқық пайзалар табыс еткен. Олардың тоналуына жол бермеген. Жолды қорғау үшін қарулы күзет қойылып, байланысшылар хабарды дер кезінде жеткізіп отырған.
  Әмір Темір мемлекетінің тарих сахнасына шығуымен XIV ғасырдың соңында Ұлы Жібек жолындағы сауда қатынастары біршама құлдырады. Әмір Темірдің әскери ұрыс қимылдары мен шапқыншылық жорықтары нәтижесінде қалалар қирады, жерлер тоналды, көрші елдердің экономикасы талқандалды, транзиттік сауда желісі үзілді.
  Теңіз жолдарының ашылуы да Ұлы Жібек жолының құлдырауына әсер етті.
  Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы кезінде Ұлы Жібек жолының Ұлы даламен өтетін тармағындағы сауда жандана түсті.
  Ұлы Жібек жолының қазақстандық бағытындағы сауданың дамуы ақша жүйесінің қалыптасуына әкелді. Жол бойында әр елдердің теңгелерін айырбастау орындары болды. Отырар, Испиджаб, Тараз, Жент, Қойлық қалаларында теңге сарайлары жұмыс істеді. Теңгелер (пұл), мыс пен күміс ақшалар, дирхем, алтын динар соғылды.
  Жошы ұлысында теңгелер Сарайшық, Сығанақ және т.б. қалаларда шығарылды. Қолөнершілер шаруашылыққа қажетті құрал-саймандар, сәндік бұйымдар жасаумен айналысты. Ұлы Жібек жолы Шығыс пен Батыс елдері арасындағы экономикалық, мәдени, дипломатиялық байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқарды.

  2. Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар. Ұлы Жібек жолы тармақтарының Қазақстан жерін басып өтуі ірі және шағын қалалардың құрылуы мен дамуына игі әсер етті. 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз – ең ірі қалалардың бірі. 568 жылы түрік қағаны Дизабул Византия императоры ІІ Юстиниан жіберген дипломатиялық елшілікті қабылдаған. Тараз – түргештер, кейін қарлұқтар мен қарахандықтар үшін маңызды әкімшілік орталығы саналған.

Ойлан
Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың стратегиялық маңызы неде?

Қолөнершiлер. Б. Ақанаев

  Бұл – Тараздың сауда және әскери стратегиялық маңызды қала екенінің айқын дәлелі. Деректер бойынша қаланы ежелгі кезде ғұндар әскери бекініс ретінде орнатқан. Қала тұрғындары мықты жауынгерлер, жол бойымен өтетін керуен күзетін атқарып тұрған. ХІ ғасырдағы парсы ғұламасы Тебризи қалалықтарға: «Тараздықтар сияқты батыл, арабтар сияқты жомарт», – деген мінездеме берген. Тараз маңында қорғасын, күміс, темір және алтын өндіретін металлургиялық орындар дамыған.
  Араб ғалымы ибн Хаукаль: «Тараз – мұсылман түркілердің сауда жасайтын орны» немесе «Тараз – көпестер қаласы» деп атады. Қала ішінде су құбырлары жүргізілген.

  Жетісудың аса ірі сауда және әкімшілік орталығы Суяб – Батыс Түрік, кейін Түргеш, Қарлұқ қағанаттарының астанасы болды. 629 жылы Суяб қаласында болған будда монахы Сюань Цзянь Түркі қағанымен кездесуін былай сипаттайды: «Бұл жатжерліктердің жылқылары әдемі. Қаған жасыл жібек шапан киген, басы ашық, жібек мата ғана ораған. Оған сәнді шапан киген, шаштарын бұрым етіп өрген екі жүзден астам тархандар еріп жүрді. Түйелер мен жылқыларға мінгендердің санында есеп жоқ, көзбен шолу мүмкін емес»

Жоғарыда көрсетілген картадан Ұлы Жібек жолының Қазақстан аумағынан өткен тармақтарын анықтаңдар.

VIII ғасырда қала халқының саны үнемі өсіп отырған. Ортағасырлық қалалардың бірі Баласағұн – Қарахандардың астанасы есептелді.
  Ұлы Жібек жолының тармақтары Іле Алатауының етегіндегі шағын қалалар арқылы өтті. Солардың бірі транзиттік сауда орталығы Талхиз (Талхир) бен Алмалық қаласы. Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі қалалар қатарында Испиджаб (Сайрам) аталады. Орта ғасырларда Испиджаб сауда және дін орталығына айналды. Деректерде қала атауы алғаш рет VII ғасырда кездеседі. Махмұт Қашғари «Сайрам – ақ қаланың аты, оны Испиджаб атайды» деп көрсетеді. Жергілікті көпестер ақ маталар, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар мен ыдыстарды басқа жерлерге жеткізіп тұрды. Қалада теңге сарайы, базарлар, мата сататын орындар (тимдер) және керуен-сарайлар көп салынған. Қаладағы керуен-сарайлар жолаушы көпестер үшін маңызды рөл атқарды. Керуен-сарайлар құрылыстарын бай көпестер тұрғызды. Олар, әдетте, биік дуалдармен қоршалды. Керуен-сарайларда сауда жүргізіліп, қажетті ақпарат алмасатын орталық жұмыс істеген.

Ортағасырлық Испиджаб қаласы

  Керуен-сарайлардың біраз бөлігін ірі қалалардан келген көпестер иеленді. Испиджаб қаласының төңірегінде ондаған шағын қалашықтар мен тұрақтар орналасқан. Қала халқының саны адамдардың қалаға ағылуы есебінен өсті.
  Ұлы Жібек жолы бойындағы атақты қалалардың бірі – Отырар (Фараб). Орта ғасырларда Отырар Сыр өңірінің ірі сауда және мәдениет орталығына айналды. Қалада монша, мешіттер мен медреселер көп тұрғызылған. Отырарда Шығыстың екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келді. Отырықшы қала тұрғындары мен көшпелі халық арасында мықты байланыс орнатылды. Жау шапқыншылықтары кезінде олар бірігіп отырды. Көшпелі халық қаланың берік қамалында жасырынды.
  Ұлы Жібек жолы тармағында көне Түркістан (Йасы) қаласы орналасқан. XIV ғасырдың соңы – XV ғасырдың басында қала Оңтүстік Қазақстан өңірінде маңызды әкімшілік, сауда, саяси және мәдени орталық ретінде санала бастайды. Ол әйгілі ғұлама Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тұрғызылуымен байланысты еді. Қазақ хандары Түркістан қаласын саяси астана ретінде бекітті. Ортағасырлық тарихшы ибн Рузбехан мәліметтері бойынша, қала Орта Азия мен Қытай аралығында атақты сауда бекетіне айналған: «Йасы қаласына тауарлар мен қымбат бағалы заттар жеткізіледі де, сол жерде сату басталады. Қала көпестердің теңделген жүктерін шешіп, саяхатшылар тобын әр елге аттандыратын орын есептелінді». Кейінгі ғасырларда Түркістан ірі егіншілік аймағының орталығы болып қала берді.
  Түркістаннан солтүстік-шығысқа қарай ортағасырлық ірі сауда қалаларының бірі Сауран орналасты. Қала туралы алғашқы мәліметтер Х ғасырға жатады. Сол кезде өмір сүрген араб географы әл-Макдиси қаланы былай деп сипаттайды: «Сауран – бірінен кейін бірі жеті қабырғамен қоршалған үлкен қала, оның рабады бар, үлкен мешіт ішкі қалада орналасқан». XVІ ғасырда ибн Рузбехан Сауран шаһары туралы: «Бұл қала керемет көркем, ауасы өте таза, адам жанын көркейтіп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақшалар мен әртүрлі ағаштарға толы, қаланы айналдыра биік дуалдар қоршап тұр, ал оның етегіне терең ор қазылғандықтан жау ала алмайды», – деп жазады.
  Қала сумен кәріздер жүйесі арқылы қамтамасыз етілді. Сауранның жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары оны мықты бекініс ретінде танымал етті.
  3. Керуендердің қауіпсіздігін қорғау. Ұлы Жібек жолы бойындағы керуендерге қарақшылар үнемі қауіп төндіріп тұрды. Сондықтан саудагерлер жолға аса дайындықпен шығатын. Көпестер жеке қауіпсіздігі мен тауар сақталуын қамтамасыз ету үшін арнайы күзетшілерді жалдап отырды. Ұлы даланың қыр-сырын білетін көшпелілердің ең мықты күзетшілер болғаны анық. Әр қаладан бір бағытқа шыққан керуендер бірігіп те отырған. Ежелгі кезден бастап орта ғасырларда да керуендерді тонау ең ауыр қылмыстар қатарына жатты. Себебі сауда керуендері мемлекет тарапынан жасақталып жіберілді. Ал олардың тоналуы елдер арасындағы қақтығыстарға әкелуі мүмкін еді. Жолды қорғау мақсатында ел билеушілері қарауылдарын қойып, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұрды. Керуендер мемлекеттік қазынаға мол табыс әкелген.
  Араб саяхатшысы ибн Фадлан оғыздарға жатжерліктердің келу тәртібі туралы: «Оның достарының ішінен белгілі бір адамды сенімді серік етіп тағайындамайынша, ол елді аралап шыға алмайды. Оған қажетті киім-кешек, ал әйеліне көрпе, бұрыш, тары, мейіз, жаңғақ т.б. азық-түлік әкеліп береді. Сенімді серігі қонағы үшін арнайы киіз үй тігеді және оған қажетінше мал жеткізіп береді», – деп жазды. Бұл дерек түркілер жерінен өтетін Ұлы Жібек жолы тармағының сенімді де қауіпсіз болғандығын көрсетеді.

Жолдағы сауда керуені

  4. Ұлы Жібек жолының әлеуметтік-мәдени маңызы. Ұлы Жібек жолы тармақтарының Қазақстан қалалары арқылы өтуі мәдениет пен өнердің дамуына септігін тигізді. Саудамен қатар, Қытай, Алдыңғы Азия, Еділ Бұлғариясы т.б. елдермен дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнатқан жол болды. Жібек жолы жаңа технологиялар мен жаңалықтар, мәдени, ғылыми жетістіктер алмасу жолы да еді. Қазақстан осы жол арқылы қағаз және оқ-дәрімен танысты. Бүкіл әлем соғыс арбаларын жасауды игерді, басқа да әскери өнер жаңалықтары тарады. Сақтардың «аң стиліндегі» алтын бұйымдарының таңғажайып үлгілері осы жол арқылы бүкіл әлемге паш етілді. Жібек жолымен Қазақстанға басқа елдердің сәулет құрылыстары, бейнелеу өнері, би, музыка сияқты мәдени ауысулары ағылып жатты. Жергілікті халық киім-кешек пен қару-жарақ, сауыт-сайман, дәмдеуіштер мен кептірілген жемістер сатып алды. Батыс пен Шығысты түйістіріп тұрған сауда жолымен христиан, буддизм, ислам, манихейлік діни ағымдар тарады. Қазақстан аумағын мекендеген халықтар ғасырлар бойы әртүрлі діндер мен конфессияларға төзімді және келісімді өмір сүріп келгені – ежелден келе жатқан дәстүр.

  Ұлы Жібек жолының ортаазиялық бағытында халықаралық сұхбат үрдісі орнықты. Батыс пен Шығыс, Еуропа мен Азия түйісетін Ұлы Жібек жолында біріне бірі ұқсамайтын мәдениеттердің өзара құндылықтар алмасулары үшін қолайлы жағдай қалыптасты.
  1987 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту жобасы қабылданды.

Ойлан
Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың құлдырауына қандай себептер әсер етті?

  1996 жылы Ташкентте түркі мемлекеттері президенттерінің бірлескен декларациясында Ұлы Жібек жолы басты нысан етіп алынды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлы Жібек жолы бойында туризм инфрақұрылымын дамыту туралы түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Ташкент декларациясын, ЮНЕСКО мен ДСҰ жобасын іске асыру» туралы Жарлыққа қол қойды.

  1998 жылы «Жібек жолы тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Қазіргі таңда Қытай мен Орталық Азия елдері бойынша «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағдарламасы, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар біздің жерімізден «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі өтеді. Бұл жоба тасымалданатын жүктердің транзитінен Қазақстанға қаржылай мол табыс әкеледі.

Пікір білдір
Ұлы Жібек жолының жаңғыруы осы жол бойында орналасқан мемлекеттерге қандай мүмкіндіктер береді?

1. Ұлы Жібек жолы бойындағы сауданың түркі кезеңінде жандану себебін түсіндіріңдер.
2. Мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастарды нығайтуда Ұлы Жібек жолы қандай рөл атқарды?
3. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қай қалалар бүгінгі күнге дейін сақталған?
4. Ұлы Жібек жолының Қазақстан тарихына қосқан үлесіне баға беріңдер.

Көпес – кәсіпкерлікпен, негізінен, сауда-саттықпен айналысатын әлеуметтік топ өкілі. Тауарды екінші бір мемлекетке апарып сатып немесе сол жердегі халықтың қолөнер бұйымдарына айырбастап отыратын меншігінде сауда жасайтын кәсіпорны бар бай саудагер.
Рабад –
ортағасырлық қалалардың қарапайым халық тұратын шеткі бөлігі. Қаланың шетіндегі мекенжай.
Пайза –
моңғол қағандарының куәлікке беретін ерекше белгісі.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. Көп нүктенің орнына «көпестер, саудагерлер, елшілер, миссионерлер, саяхатшылар» деген көмекші сөздердің бірін қойып, сөйлемді жалғастырыңдар.
Ұлы Жібек жолы бойымен өткен … мақсаты:

2-тапсырма. Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың пайда болуы мен дамуына PEST талдау жасаңдар.
P – political (саяси)
E – economical (экономикалық)
S – social (әлеуметтік)
T – technical (техникалық)

  Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтиненталды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды.
  Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды.
  Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды.
  Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді..
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан үзінді. «Егемен Қазақстан», 21 қараша, 2018 жыл.

  Елбасы өз мақаласында Ұлы Жібек жолына арнайы тоқталуының қаншалықты маңызы бар деп ойлайсыңдар?

×
×

Корзина