СЫЗЫҚТЫҚ ПЕРСПЕКТИВА

     Суретші жазық қағаз парағын қалайша кеңістікке айналдыратынын ойланып көрдің бе? Ол «сызықтық перспектива» деп аталатын құпияны біледі.
    Сызықтық перспектива – алыстағы заттар кішірейіп, ал жақындағыларыүлкен болып көрінетін бейнелеу тәсілі. Суретші табиғат көрінісін бейнелегенде, сызықтық перспективаны қолданады.

1. Суретші Питер Брейгельдің (Үлкені) «Қар үстіндегі аңшылар» картинасына зейін қойып қара. Сеніңше көрерменге не жақын орналасқан, ал алысырақ орналасқан не? Оны қалай білдің?
2. Суретші неліктен алдыңғы жақтағы ағаштарды артқы жақтағы ағаштарға қарағанда үлкенірек етіп салған?
3. Бұл пейзажда қандай перспектива бар?

Перспективалық бейнелердің өз ережелері бар. Онымен танысу үшін тәжірибе жүргізіп көрейік.

Бірінші тәжірибе
1. Үлкендігі бірдей екі алманы ал. Оларды өзіңнен алысырақ қой. Алмалардың көлемін салыстыр.

2. Алманың біреуін үстелдің шетіне қарай ысырып қой. Енді екі алманы салыстыр. Қай алма кішірек көрінеді? Қорытынды жаса.

Екінші тәжірибе
     Мектеп дәлізінің түпкі қабырғасына сүйеніп тұрып, еден мен жоғарыға қара. Жиек сызықтары қалай өзгерді? Қорытынды жаса.Теміржол рельстеріне, тасжол немесе телеграф желісіндегі сымдарға қарап та осыны байқай аласың. Егер сен дұрыс қорытынды шығарсаң, онда перспектива ережелері туралы мынадай ой түйеміз. Оларды есіңе сақта.
1. Егер көлемі бірдей заттар әртүрлі қашықтықта орналасса, онда алыста орналасқан затқа қарағанда жақындағы зат үлкен болып көрінеді.
2. Сызықтар алыстаған сайын тарылып, көкжиекте бір нүктеде түйіседі.

×
×

Корзина