Ертеде кедей жігіт қой бағып жүріп, бір төбенің басына жатып, ұйықтап қалады. Түс көреді. Түсіне бір байдың хас сұлу қызы енеді де, жігіт оған ессіз ғашық болып қалады. Соны сезген хас сұлу: «Егер маған үйленгің келсе, анаңның жүрегін әкеліп бер», – деп талап қояды. Аруға ессіз ғашық болған жігіт анасының алдына барып, болғанжағдайды баяндап жылайды. Баласына жаны ашыған анасы кеудесінен жүрегін суырып береді. Жүректі алған жігіт сүйгеніне жүгіре өнеледі. Асыққан жігіт сүрініп құлап, жүректі қолынан түсіріп алады. Бір кезде бұтаққа ілініп қалған жүрекке тіл бітіп, аналық мейірім, махаббатымен:
«Айналайын жан балам,
Құладың-ау сен жаман.
Ауырған жоқ па бір жерің,
Сен аман бол, жан балам!»
Жігіт жасаған ісіне қатты өкініп, жер тепкілейді. Оянып кетсе, түсі екен. Дереу үйіне қарай жүреді. Анасының амандығын көріп, қуанғанынан құшақтап жылайды.