Адам досымен мықты

– «этика» ұғымы мен әдептілік қағидалары туралы білетін боласың.
– адамдар арасындағы достықтың маңызды- лығын үйренесің.

  Достық деген не? Достар деп кімдерді айтамыз?
  Достық туралы бірнеше мақал-мәтелді есіңе түсіріп, айтып бер. Олардың мағынасын ашып түсіндір.

«Достық» сөзінің мағынасы өзара сыйластық пен ортақ мүддеге құрылған жақын қарым-қатынасты білдіреді.

  Достық туралы хикаяны оқы. Сұрақтарға жауап бер. Достықтың мәні неде? Сенің ойыңмен сәйкес келе ме?

  Екі дос бір егістікте жұмыс істейтін. Бірі – үйленген, отбасы бар. Екіншісі – бойдақ. Күн батқанға дейін жұмыс істеп, достар тапқан өнімді тепе-тең етіп екіге бөліп алатын. Бойдақ жігіт: «Түскен пайданы тепе-тең етіп бөлгеніміз дұрыс болмады. Мен жалғыз тұрамын, сондықтан да көп шығыным да жоқ», – деп ойлайды. Осындай ойымен, бір қап бидайды жасырын түрде досының қорасына апарып тұрады. Досы да ішінен: «Түскен өнім мен пайданы бірдей бөлгеніміз дұрыс емес, менің отбасым бар – қартайғанда олар маған қарайды. Досымның болса ешкімі жоқ, қартайған кезінде оған қарайтын адам болмайды», – дейді. Осылайша ол да түн жамылып досының қорасына бір қап бидай апаратын болды. Осыған қарамастан екі қорадағы қаптар саны неліктен еш азаймағанын екі дос та түсінбей жүреді. Тағы бірде екеуі бір-бірінің қорасына қап апара жатқанда, жолда кездесіп қалады. Сонда ғана олар болған жайды түсінеді. Қаптарын жерге қоя салып, екі дос бір-біріне деген адал ниетті екендерін біліп, көздеріне жас алады.

  Саған достарыңның арасында өзіңді әдепті ұстай білуге этиканың қандай ережелері көмектеседі?
  Сол ұстанымдар мен ережелерге мысал келтір.

  Сыныптастарыңның барлығы саған дос бола ала ма?
  Досыңның қандай жақсы қасиеттері бар?

  Достарыңмен бірге сабаққа дайындалғанда және басқа да уақытта әдептілік ережелерін сақтаған абзал. Тәртіп – адам бойында қалыптасатын тәрбиенің үлгісі. Мәселен, сен және сенің достарың мектепке кешікпей келесіңдер, мұғалімдерге орындарыңнан тұрып, ізет көрсетесіңдер, міне, осының бәрі әдептілік үлгілері саналады.
  Суреттерде қандай әдептілік үлгілері бейнеленген?

  Достықты сақтау үшін мінез-құлықтың әдептілік қағидаларын сақтаудың маңызы зор. Өзіңе өзгелердің қандай қарым-қатынаста болғанын қаласаң, өзің де өзгелерге сондай құрметпен қара.

×
×

Корзина