1) Тарих дегеніміз тек өткеннің сабағы ғана емес, ол – болашақтың да көрінісі.
2) Тарих жолы қашанда тайғақ.
3) Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақшы.
4) Халықтың тілінде оның тарихының іздері айқын көрінеді.
5) Тіл – әрі тарих, әрі мәдениет көрсеткіші.
Шешендiк өнер, шешендiктану және шешендiк сөз ұғымдары бiр-бiрiмен тығыз байланысты болғанмен, айырмашылықтары бар. Шешендiк өнер – актiнiң, яғни iс-әрекеттiң атауы, ол әлеуметтiк қызмет атқарады. Шешендiктану (риторика) – өзiнiң зерттеу нысаны, теориясы, категориялары, тарихы бар жеке ғылым саласы. Ал шешендiк сөз – шаршытоп алдында сөйленетін мазмұны терең, тілі көркем сөз. Көпшiлiк алдында сөйленетiн шешендiк сөз мынадай талаптарға жауап беру керек:
1) белгiлi бiр әлеуметтiк мәнi бар тақырыпты қозғайтын және шаршытоп алдында айтылатын сөз болуы;
2) әңгiме өзегiнiң дәлелi мен дәйегі болуы;
3) тыңдаушыларға бiр нәрсенi әуелi түсiндiрiп, содан соң ой салып, ақырында белгiлi бiр әрекетке ұмтылдыруды көздеуi;
4) тыңдаушыларға жақсы әсер етiп, құлақ құрышын қандырып, сүйсiндiретiн эстетикалық сипаты болуы;
5) нақты бір шындықты, ақиқатты тануға ұмтылдыруы тиiс.
Бүгiнде шешендiк сөздiң қолданылатын өрiсi кеңiдi, ол қоғамның саяси-әлеуметтiк өмiрiнiң барлық саласында, идеологиялық-тәрбиелiк iс әрекеттердiң, оқу-бiлiмнiң, заң мен ғылымның, ел басқару iстерiнiң ең бiр пәрмендi құралына айналды. Жиналыс, мәжiлiс, құрылтайларда, пiкiрсайыста, жиын, семинар мен симпозиумдарда шешен сөйлеу өте қажет. Онда қолданылатын шешендiк сөз – тек әдемi сөйлеудiң\ үлгiсi емес, жоғарыда аталған бес талапқа сай сөз амалының бірлігі. Мазмұн сипаты жағынан елеулi айырмашылықтары бола тұра, бұрынғы билердiң шешендiк өнерi мен қазiргi шешендердiң сөздерiн жақындастыратын бiрнеше фактор бар. Олар:
– сөздiң көркем әрi әсерлi болуы;
– көркемдеу тәсiлдерiнiң шеберлікпен қолданылуы;
– әлеуметтiк мүдденi қорғауы;
– тыңдаушыға психологиялық жағымды әсер туғызуы және т.б.
Сонымен, шешендiк сөз – белгiлi бiр оқиғаға байланысты тапқырлықпен, көркем тiлмен айтылған және жұртшылықтың ойына қозғау салатын үлгiлi ойлар мен тұжырымдар. «Шешендік өнер» кітабынан
І. 1) Тiл тас жарады, тас жармаса, бас жарады. 2) Жақсы сөз – жарым ырыс. 3) Сөз жүйесiн тапса, мал иесiн табады. 4) Жанды жаралайтын да сөз, емдейтiн де сөз. 5) Шешеннiң сөзi ортақ, шебердің бізі ортақ. 6) Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар. 7) Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың.
ІІ. 1) Сөзге тапқырлық – жақсы адамгершілік қасиет (Әл-Фараби). 2) Шешендік қасиет – екінің бірінде кездесе бермейтін қасиет (Ж. Баласағұн). 3) Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: ақылға, қиялға, көңілге (А. Байтұрсынұлы). 4) Шешендiк батылдықты тiлейдi (П.С.Пороховщиков). 5) Шешендiк – ақылмен билеу өнерi (Платон). 6) Басымда ойым көп, бiрақ шешен болмағандықтан, оларды айтып бере алмаймын дейтiн адам – өзiн-өзi түсiнiп алмаған адам (М.Монтень). 7) Ойдағы қателiк сөздегi қателiктi тудырады, сөздегi қателiк iстегi қателiктi тудырады (Д.И. Писарев).
Қазақ жазуының тарихы көне дәуірлерден бастау алады. Көне түркі кезеңінде қалыптасқан руна жазуы – ата-бабаларымыздың рухани мұрасы.
Көне түркі жазулары немесе көне түркі әліпбиі – дыбыстық жазу түрі, яғни сөздегі дыбыстарды таңбалап жазады. Көне түркі Орхон- Енисей әліпбиінде 35 әріп бар, әрбір әріптің түрлі графикалық нұсқалары қолданылады. Бұдан тыс 4 арнайы жазу таңбасы (лт, нт, нч, рт) кейбір дауыссыздардың тіркесін беру үшін пайдаланылады. Жазудың бағыты оңнан солға қарай.
Көне түркі тіліне қатысты кейбір материалдар топонимика мен ономастика тарихында, көршілес елдердің жылнама жазбаларында кездеседі. Басты мәліметтер көне түркі жазба ескерткіштерінде сақталған. Көне түркі жазба ескерткіштері арқылы қазіргі түрік халықтарының көне тілін, тарихын, географиясын, рухани мәдениетін, жазба дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен дүниетанымын білуге болады. Көне түркі жазба ескерткіштері табылған аймақтарға Сібірдегі Енисей, Лена өзендерінің аңғарлары, Моңғолиядағы Орхон, Онгин, Селенга өзендерінің алқабы, Орта Азия мен Қазақстандағы Талас пен Сыр бойы, Ертіс пен Іле қойнауы жатады.
Әрбір тілдің тарихи дамуына сәйкес сөз жасау, сөйлем құрауда ерекшеліктері болады. Соның негізінде тілдің белгілі бір грамматикалық құрылысы қалыптасып, жетіледі.
Көне түркі жазбаларын қазақ тілінің заңдылықтары өлшемімен талдап көрейік. Грамматиканың ең негізгі бір саласы морфология болып саналады. Дүниежүзінде тілдер морфологиялық құрылымы жағынан бірнеше топқа, типке бөлінеді. Түркі тілдері (соның ішінде көне түркі тілдері және қазақ тілі) агглютинативті (жалғамалы) тілдер қатарына жатады. Көне түркі ескерткіштеріндегі сөздер негізгі және көмекші сөздер болып бөлінеді. Негізгі сөздер қазақ тіліндегідей сөйлем ішінде де, жеке тұрып та толық мағынаға ие бола алады. Мысалы: кічі/кіші – кісі, ел/ил – ел, тағ – тау, оғул – ұл, алты – алты. Ал көмекші сөздер қазақ тіліндегі сияқты толық мағынаға ие бола алмайды. Олар негізгі сөздермен тіркесіп, күрделі мүше не сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыру үшін жұмсалады. Мысалы: йеме – және, үчүн – үшін, тегі – дейін, шейін. Тағы бір айтатын жайт, ескерткіштерде қос сөздер жиі кездеседі. Олар: иір-суб (жер-су), көзі-қашы (көзі-қасы), іні-иіген (іні-жиен) т.б.
Сонымен, кез келген ел өзінің тек бүгінгі мәдениетімен ғана емес, тамыры тереңде жатқан төл мәдениетімен де толыққанды ел болып саналады.
«Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы» басылымынан
Түрік халқының аты
Құмға сіңген судай
Құрымасын деп,
Асып тұрған айбыны
Шөптей жұлынбасын деп
Әкемді қаған,
Шешемді
Ханша еткен Тәңірі
Мені де қаған етті.
Жеріме қорған,
Еліме қамал етті…
Інім Күлтегін екеуіміз,
Әкеміз бен ағамыз
Ел еткен елді,
Жер еткен жерді
Сақтап қаламыз деп
Түнде ұйықтамадық,
Күндіз отырмадық.
Қызыл қанымызды төктік,
Қара терімізді жүгірттік.
Сеңдердей сатырладық,
Сарыаяздай сақылдадық.
Күлтегін екеуіміз
Өліп-өшіп жүріп
Дұшпанның қанын
Белуардан кешіп жүріп
Елді қайтадан –
Ел еттік,
Жерді қайтадан –
Жер еттік.
Тәңірім жарылқап,
Таусылған құтым
Қайтадан құйылды.
Шашылған ырысым
Қайтадан жиылды.
Азды көп қылдым,
Кедейді бай еттім.
Көріксізін Күн,
Ажарсызын Ай еттім.
Төрт тарап түгелімен
Аяғыма келіп
Бас ұрып жатты.
Елімнің даңқын көтеріп,
Айбынын асырып жатты…
Еркін әдеби нұсқасын жасаған
Т. Медетбек
Шығармаға қойылатын талаптар:
– тақырыптың ашылуы;
– ой жүйелілігі;
– көркемдегіш құралдардың қолданылуы;
– автордың өзіндік пікірінің болуы.
1) Маған … қызық болды.
3) Мен енді …
2) Мен … білдім.
4) … таңғалдым.