§9-10. ХХ ғасырдағы Қазақстан экономикасының дамуы

Оқу мақсаты:
- Қазақстанның экономикалық даму ерекшеліктерін талдау үшін «экономикалық жүйе», «дәстүрлі (аграрлы) экономика», «жоспарлы (социалистік) экономика» ұғымдарын пайдалану;
- ХХ ғасырда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын анықтаған факторларды талдау.

  1. ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқы дәстүрлі шаруашылығының күйреуі. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында өмір сүру жағдайы айтарлықтай күрделене түсті. Қазақстан Ресей экономикасы үшін шикізат базасы мен өнімін өткізу нарығы және отаршылдық саясат жүргізу аймағына айналды.
  Өлкенің экономикасы бастапқыда Ресей империясының, кейіннен оның заңды мұрагері болып табылатын кеңестік биліктің мүддесіне сай құрылды. Қазақ зиялыларының көрнекті өкілі Ахмет Байтұрсынұлы сол кезеңдегі өлкенің шаруашылық отарлануының салдары мен қазақ ауылдары қасіретінің ауқымын сипаттай келе, «Қазақ ұлты өмір сүруінің өзі проблемаға айналды», – деп жазды.
  1907 жылы Ресей империясының II Мемлекеттік Думасында қазақ депутаттары жер мәселесінің түбегейлі және әділетті шешімі үшін белсенді түрде әрекет етті. Орал облысының депутаты Б. Қаратаев: «Қырғыздарды (қазақтарды) өздері мекендеген жақсы жерлерінен ғана емес, тұрғын үйлерінен, жылы ұяларынан қуып жатыр», – дегенді айтып, араша түсті.

Б. Қаратаев

Ойлан
А. Байтұрсынұлының пікірімен қаншалықты келісесіңдер?

  Ол кезеңде Қазақстан Ресей империясының негізгі малшаруашылық аймағының бірі болды. Отаршылдық биліктің жүгенсіздігі салдарынан жергілікті тұрғындардың шұрайлы жерлері тартып алынып, туған жерлерінен қуылды. Олардың қыстақтары мен шаруашылық құрылыстарын да иемденді. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі қатты сезілді. 1917 жылы далалықтар 45 млн десятина шұрайлы жерлерінен айырылды. 1920–1921 жылдары жұттың орын алуына байланысты шаруалардың мал басын аман сақтап қалу мақсатында көктеу мен жайлауға көшу мүмкіндігі де шектелді. Мал басының саны күрт азайды, жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайы ауыр деңгейге жетті.

  Оңтүстік облыс аймағының суармалы және шұрайлы жер телімдерінің айтарлықтай бөлігі казактар мен қоныстанушы шаруалардың иелігінде болды. Қоныстанушы шаруалардың қазақ жайылымдарын еркін иемденуі дәстүрлі шаруашылық жүйесін күйретіп қана қоймай, жергілікті тұрғындардың басым бөлігінің кедейленуіне әкелді. Тартып алынған жерлерді қайтадан қарапайым қазақтарға жалға беріп, оған қоса жергілікті тұрғындардан түрлі алым-салықтар жинау дағдыға айналды. Ауқатты орыс шаруалары қарапайым халықты ашық тонап, мал айдайтын өткелдер мен жолдарды пайдаланғаны үшін де қосымша ақы төлеуді талап етті.
  1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезінде өңірдің барлық облыстарынан жиналған өкілдер қазақ ауылының экономикалық жағдайына қатысты жинақталған мәселелерді шешуге тырысты. Мысалы, осы съездің қаулысында «Қазақ халқы өзіне қарасты жерге орналасып болғанша олардың жері ешкімге берілмесін» деген талап көрсетілген. Бұрын қазақтардың пайдасынан алынып қойған жерлерді, яғни дворяндық, монастырлық, гарнизондық, демалыс орындары т.б. кері қайтару талап етілді. 

  1917 жылдың қараша айында «Қазақ» газетінің беттерінде жарияланған «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасында дала тұрғындарын шұғыл жерге орналастыру мәселесі көтерілді: «Жер үлесі алдымен жергілікті халыққа бөлінетін болады; қырғыздар (қазақтар) тұрғылықты орнынан жер үлесін алып, жайғаспайынша, қоныс аударушы шаруалар көшіп келмеуі тиіс». Жерді сатып алу – сату шарасының жүргізілуі барысында қазақтардың өз жерінен айырылыпқалу қаупі туындағандықтан, «Алаш» партиясының бағдарламасында жердің сатылуына қатаң түрде тыйым салу мәселесі көтерілді.

Ойлан
Қазақстан не себепті Ресей империясының шикізат базасына айналды?

  2. Өлкедегі өнеркәсіп пен сауданың жағдайы. ХХ ғасырда Қазақстан Ресей империясының құрамдас бөлігіне айналды. Өлке экономикасы жалпыресейлік шаруашылық жүйесіне тартылып, түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Қазақстанның пайдалы қазбаларының бай кен орындарына отаршыл патшалық биліктің ие болуы өлке экономикасының шикізаттық бағытта дамуын белгіледі. Қазақстан өлкесі Ресей өнеркәсібінің шикізат базасына айналды. Қазақстан аумағынан табиғи байлықтарды көптеп тасып әкету үшін барлық жағдай жасалды.
  ХІХ ғасырдың соңында-ақ орыс кәсіпкерлері Қазақстан жеріндегі тау-кен орындарын арзан бағамен сатып ала бастады. Бірақ, орыс кәсіпкерлерінің тау-кен ісін игеру тәжірибесі де, техникалық құралдары және өндірілген өнімді әлемдік нарыққа шығару мүмкіндіктері жеткіліксіз еді. Осыған орай, ХХ ғасырдың бас кезінде патша үкіметі шетелдік капиталды тарта бастады, шахталар мен кен орындарының басым бөлігі шетелдік кәсіпкерлердің қолына өтті. 1904 жылы Лондонда құрылған «Спасск мыс кен орындары» акционерлік қоғамы кен орындарын сатып алуға белсенді кірісті. Спасск-Воскресенск, Успенск мыс кеніштері, Спасск мыс қорыту зауыты, Саран және Қарағанды көмір шахталары сатылды. Жезқазған мыс кеніштерін, Байқоңыр әк карьерлері мен темір кен орындарын «Атбасар мыс кен орындары» акционерлік қоғамы иеленді. 1904 жылы Риддер мен Зырян түсті металл кен орындарын австриялықтар сатып алды.
  Мұнай өндіру шетелдік кәсіпкерлердің, ең алдымен ағылшындардың қолына өтті. 1911 жылы Доссор кәсіпшілігінде мұнай өндіру басталды. Шетелдік акционерлік компаниялардың табыс көзі өсіп, жылдам байыды. Шикізаттық ресурстарымыз сыртқа есепсіз тасылып, жергілікті халыққа ешқандай табыс әкелмеді. 

Ойлан
Капиталистік қатынастардың қазақ жеріне енуі қоғамдық санаға қалай әсер етті?

  Қазақстанның солтүстік-батыс және батыс аудандарында тұз өндіру маңызды салаға айналды. Тұз Басқұншақ, Елтон, Елек және Коряков кәсіпшілігінде өндірілді. 1909 жылы Коряков кәсіпшілігінің өзінде ғана 4 миллион пұт тұз өндірілді. Бұл жерде 10 мыңнан астам жұмысшы болды. Өндірілген тұз Батыс және Шығыс Сібірге, Обь өзені бойындағы балық кәсіпшілеріне жөнелтілді.

  Балық кәсіпшілігі едәуір дамыды. Қазақстанда балық аулаудың дәстүрлі орталықтары Арал және Каспий теңіздері, Зайсан және Балқаш көлдері, Орал, Ембі, Ертіс, Іле, Шу, Сырдария өзендері еді. Балық аулаудың қарқынды дамуына Орынбор-Ташкент теміржолының салынуы елеулі ықпал етті.
  Ауылшаруашылық шикізатын өңдейтін шағын кәсіпорындар бой көтерді. Қазақстанда тері өңдейтін, сабын қайнататын, май қорытатын, спирт-арақ, сыра ашытатын, жүн түтетін зауыттар жұмыс істеді. Зауыттар мен фабрикалардағы жергілікті жұмысшылар қатары азшылықты құрады, техникалық жабдықталу деңгейі тым төмен еді. Қазақтар ең ауыр жұмыстарға жегіліп, оларға жалақының ең төменгі мөлшері белгіленді.
  Қазақстанда химия өнеркәсібінің алғашқы кәсіпорны – Шымкент дермене (сантонин) зауыты болды. Бүкіл Ресей империясындағы жалғыз бұл сантонин зауытының өнімі Англия, Америка, Германия, Үндістан, Жапония елдеріне шығарылды. Мақта тазалайтын зауыттар Шымкент және Түркістан қалаларында орналасты. Верный қаласында темекі фабрикасы жұмыс істеді.
  Қазақ жеріне капиталистік қатынастардың терең енуі сауданың дамуына да айтарлықтай өзгерістер әкелді. Ресей сауда капиталы өлкенің шалғай аудандарына дейін жетіп, қазақ ауыл- дарын Ресей, Орта Азия, Батыс Еуропаның сыртқы нарықтарымен байланыстырды.
  ХХ ғасырдың басында сауда капиталының Қазақстанға енуі өлке экономикасының дамуына әсер етті. Қазақ халқы шаруашылығының тауар-ақша сипатына көшуі аймақтар арасындағы байланысты біршама кеңейтті. Ауыл нарыққа тартыла бастады. Мал сауданың негізгі тауары болып қала берді. Жаңа нарықтық қатынастар көшпелі қазақтарды отырықшылыққа кеңінен тартты. Сондықтан сауда кәсіпкерлігінің мал және мал өнімдерінен басқа тағы бір тауары астық болатын. Астық саудасының айналымдары қарқынды өсті. Ірі орталықтары Орал, Орынбор, Семей болды. Қостанай, Ақтөбе, Торғай уездерінен астық тасымалданды.
  1913 жылы өлкедегі жұмысшылардың саны жалпы тұрғындардың 0,6%-ын құрады. Ресейдің өндірісі дамыған еуропалық бөлігіндегі орыс жұмысшыларының саны жалпы халықтың 6%-ына жеткен еді.

  Жәрмеңкелік сауда жалпыресейлік маңызға ие болды. Ең ірі жәрмеңкелер Қарқаралы уезіндегі Қоянды-Ботов, Петропавл уезіндегі Тайыншакөл, Ақмола уезіндегі Константинов, Атбасар уезіндегі Петров, Верный уезіндегі Қарқара жәрмеңкелері болды. Олардағы сауда айналымы жылына 2–3 миллионға дейін жеткен. Қоянды-Ботов жәрмеңкесі 1924 жылға дейін өткізілді.

Ойлан
Қазақстанда жұмысшыларсаны неліктен аз болды?

  Қазақстан аймағы Ресей отары ретінде өнім өткізетін шикізат қоры болып қала берді. Қазақ жерінің байлығына патшалық Ресей монополиялық иелігін орнатып, капиталистік қатынастардың ұлттық аймақтарда кеңейіп дамуына әсер етті. Көптеген бай кен орындары мен жұмыс күшінің арзандығы орыс және шетел капиталын өзіне тартты.

Қарқара жәрмеңкесі

Пікірің қажет
Теміржол байланысы елдің экономикалық өмірінде қандай рөл атқаратынын зерделеңдер.

  Қазақстандағы өнеркәсіптің дамуы, шикізатты белсенді тасымалдау теміржол желілерінің құрылысы есебінен мүмкін болды. Патша үкіметі Қазақстандағы теміржолдарды әскери-стратегиялық мақсаттарға бағындырды. 1906 жылы Орынбор-Ташкент теміржолы іске қосылды.
  Бай табиғи қорының болуына қарамастан Қазақстан өнеркәсібі әлсіз болып қала берді. Оның негізгі себептері өлкенің жалпы экономикалық артта қалуы мен Ресейдің отаршылдық саясаты еді.

  3. Кеңес өкіметі орнауының бастапқы кезеңіндегі Қазақстанда экономиканың дамуы. 1917 жылы Қазақстан екі революцияны бастан кешті. Ақпан буржуазиялық революциясы патша өкіметін құлатып, қосөкімет орнатты – Уақытша үкімет пен жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының Кеңестері. Алайда екі қарсылас үкімет органдары билікті қатар бөлісіп отырмады. Саяси дағдарыс экономиканың шиеленісуімен жалғасты. Ақыры осы құлдыраудың соңы елде орын алған келесі үлкен төңкеріс – қазан революциясы нәтижесінде Уақытша үкімет құлатылды да, билік дербес Кеңес өкіметінің қолына өтті. Қазақ даласының дәстүрлі малшаруашылығы социалистік құрылысқа көше бастады. Ресей империясының құрамындағы Қазақстан ендігі өмірін Кеңес өкіметінің құрамында жалғастыратын болды. Капитализмнен бас тартып социализм жолының таңдалуы ең алдымен кәсіпорындарды мемлекеттің меншігіне өткізу шараларынан басталды. Экономикалық жүйенің басты қағидасы – жоспарлы экономика болып бекітілді. Материалдық қорлар, барлық кәсіпорындар мемлекеттік меншік ретінде есептеліп, мемлекеттік билік тарапынан жоспарлау, басқару және бақылау назарға алынды. Қазақстан кәсіпорындары шикізаттық өнім ғана өндіру сипатында қала берді. Мұнай, газ, металл өңдеу, машина, станок, құрал жасау салалары бойынша кәсіпорындар мүлдем болған жоқ. Қазақстан жоғары дамыған өнеркәсіптік аудандарға шикізат қоры міндетін атқарып келді.
  Бірінші дүниежүзілік соғыс және одан кейін жалғасқан Азамат соғысы халықшаруашылығын ауыр күйзеліске ұшыратты. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан Қазақстан экономикасының біржақты шикізаттық бағыттылығы кеңес за- манында да жалғасын тауып, тәуелсіз еліміздің дамуында салдары сезілді.
  Мемлекет меншігіне өткен өндіріс орындары жұмыс істемеді. Экономикалық қиындықтарды шешу үшін 1919 жылы Кеңес өкіметі әскери коммунизм саясатын қабылдады. Оның негізгі мақсаты «азық-түлік салғыртын» енгізу еді. Мемлекет пайдасына және соғыс қажеттілігіне ауылшаруашылығының «артық» өнімдері алынатын болып белгіленді. Кеңес үкіметі бұл саясатты төтенше жағдайда өткір тұрған азық-түлік мәселесін шешу керектігінен деп түсіндіріп келді. Артық азық-түлікті тартып алу, әрине, шаруалар наразылығын тудырып, еңбек нәтижесіне деген ынтасын түсірді. Азамат соғысы аяқталған соң, Кеңес үкіметі саяси-экономикалық дағдарысқа қарсы жаңа бағдарлама қабылдау қажеттілігін сезінді.
  1921 жылы большевиктер партиясының Х съезінде жаңа экономикалық саясат (ЖЭС) қабылданды. Әскери коммунизм саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу бағдарламасы бойынша өндіріс орындарын мемлекеттік меншікпен қатар, жекеменшік иелігіне беру мүмкіндіктері ашылды. Меншіктің түрлеріне, жекеменшікке де рұқсат берілгенімен, іс жүзінде Кеңес үкіметі экономикаға өзінің бақылауын жүргізуді тоқтатпады.
  Жаңа экономикалық саясат азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастырды. Оның басты айырмашылығы – мемлекетке тапсыратын азық-түлік салық мөлшері нақты белгіленіп, өнімнің артығын өз еркімен пайдалануға, сатуға рұқсат етілді. Осыған байланысты енді шаруалар еңбек өнімділігін арттыруға ынталы болды. Азамат соғысының аяқталуымен еңбек міндеткерлігі жойылды. Ақысыз еңбек орнына ақшалай жалақы төлеу енгізілді. Жаңа экономикалық саясат бойынша жеке саудаға, жалдамалы еңбекті пайдалануға және кооперативтерге рұқсат берілді. Өнеркәсіпті жаппай мемлекет меншігіне өткізу декреті күшін жойып, шағын кәсіпорындар жеке тұлғаларға жалға берілетін болды. Шетелдік капиталды тарту арқылы аралас акционерлік қоғамдар мен кәсіпорындар құруға мүмкіндіктер берілді. Көлік, байланыс жүйесі мен коммуналды қызметті пайдалану үшін төлемақы алынды. Жаңа экономикалық саясат мемлекет бақылауымен халықшаруашылығында біршама капиталистік қатынастарға уақытша жол беруді қарастырды.

ЖЭС кезiнде қазақтардың мемлекетке астық тапсыруы. 1921 жыл

  Өнім өндіру деңгейі соғысқа дейінгі көрсеткіштердің 2/3 бөлігін құрады. Өнеркәсіп орындарының 60%-ы қайта іске қосылды, көлік қызметі қалпына келтірілді. Егістік алқаптар 3 млн га жерді құрады, астық өнімі артты. Мақта өндіру қарқынды дамыды. Мал саны 1922 жылмен салыстырғанда екі есе өсіп 26 млн-нан асты.
  Жәрмеңке саудасы қайта жанданды. Ойыл, Темір, Қоянды сияқты 130-ға жуық жәрмеңке саудасының айналымы 20 млн-нан астам сомды құрады.

Пікірің қажет
Қазақстан экономикасының шикізаттық бағыты патша үкіметінің құрамындағы кезеңмен
салыстырғанда Кеңестік биліктің алғашқы онжылдығында елеулі өзгеріске ұшырады ма?

  Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикалық қатынасқа біртіндеп өту 20-жылдардың ортасында үдемелі даму бағытын айқындады. 1925 жылға қарай халықшаруашылығы қайта қалпына келтірілді. Бұл тәжірибе экономиканы мемлекет тарапынан жоспарлы түрде дамыту және әкімшілік басқарумен салыстырғанда нарықтық қатынастардың артықшылығы мен тиімділігін дәлелдеді. Дегенмен Кеңес өкіметінің әкімшіл-әміршіл жүйесі жоспарлы экономиканың қағидаларына сүйеніп, ЖЭС жетістіктерін біртіндеп жоя бастады.

Ойлан
Әскери коммунизм саясатын енгізудің қажеттілігі болды ма?

  1925 жылы большевиктер партиясының XIV съезінде елде индустрияландыруды бастау шешімі қабылданды. Съезде, ең алдымен, ауыр өнеркәсіпті дамыту, КСРО-ны машина жасайтын және оны сыртқа шығаратын елге айналдыру міндеттері белгіленді. Өнеркәсіп экономиканың жетекші саласына айналды. Қазақстан қорғасын өндіруден бірінші орын, түсті металдар өндіруден екінші орын, көмір және мұнай өндіруден үшінші орынды иеленді.

  Жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылды: Балқаш мыс балқыту, Шымкент қорғасын, Мерке, Жамбыл қант зауыттары, Алматы еткомбинаты т.б. Олар тек жергілікті аймақтарды ғана өз өнімімен қамтамасыз етті. Зырянов, Риддер полиметалл, Балқаш комбинаттары салынды.
  Дегенмен кәсіпорындардың барлығы шикізат өнімін шығаратын сипаттағы өндіріс орындары болып қала берді. Қазақстандағы индустрияландыруды жүзеге асыру Кеңес өкіметі үстемдігі саясатының жалғасы болып табылды.
  Қазақстаннан тек арзан шикізатты өндірістік аймақтарға тасымалдап, ол жақтан қымбат дайын өнімді елімізге қайта алып келуін көздеген орталықтың саясатына ұлт зиялылары С. Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев және т.б. қарсы шықты. Олар өнеркәсіп орындарын шикізат көзіне жақын орналастыру қажет деген ұсыныстарын алға тартты. Қазақстанға қатысты орталық ұсынған индустрияландыру саясатының даму бағытына келіспей, ашық пікірлерін білдірген зиялылар тобы «ұлтшыл», «шовинистер» деп айыпталды. Социалистік индустрияландыру бағытын желеу етіп, Кеңес үкіметінің шет аймақтарды орталыққа бағындыру, тәуелді ету саясаты жалғасын тапты. Индустрияландыру саясаты КСРО құрамындағы одақтас республикалардың ауыр өнеркәсібін дамытуға бағытталмаған да еді. Олар Ресейдің шикізат базасы болып қала берді.
  Индустрияландыру барысындағы ең ірі жоба – Түркістан–Сібір теміржол торабын салу болды. Теміржол 1927–1930 жылдары салынып, Сібір, Орта Азия және Оңтүстік Қазақстан аймақтарын байланыстырды. Бұл жол Қазақстан жерінің біраз өңірін кесіп өтті. Түрксіб құрылысы жалпыодақтық маңызға ие болды. 1927 жылы Петропавл–Көкшетау теміржолы салынып, 1931 жылы Ақмолаға дейін жалғасты. 1939 жылы Қазақстаннан шикізат тасымалдау үшін Ақмола–Қарағанды, Елек–Орал, Рубцовск–Риддер, ал 1940 жылы Қарағанды–Жезқазған теміржолы іске қосылды. КСРО бойынша теміржолдардың 30%-ы Қазақстанға тиесілі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында елімізде 700-ге жуық кәсіпорын салынып, пайдалануға берілді. Аграрлық республика енді аграрлы-индустриялды елге айналды.

Түрксіб. Ә. Қастеев

Қазақстандағы индустрияландыру

  Қазақстан түсті металлургия, көмір, мұнай, отын-энергетикалық ресурсы, химия өнімдерінің бай қоры ретінде КСРО-ның ірі өнеркәсіп орталығына айналды. Индустрияландыру кезінде қаланған өнеркәсіптік кешен Ұлы Отан соғысында кеңес халқының жеңісіне қомақты үлес қосты. Қалалар мен қала тұрғындарының саны артты. Большевиктердің индустрияландыру саясаты Қазақстанның экономикалық даму бағытын толық өзгертті.

Жоғарыда берілген картадан индустрияландыру жылдары салынған кәсіпорындарды көрсетіңдер.

  4. Қазақстандағы ұжымдастыру. Индустрияландыруға қажетті қыруар қаражат ауылшаруашылығы есебінен алынды. Большевиктердің келесі бағдарламасы – ауылшаруашылығын ұжымдастыру болды. Бұл экономикалық жобаны іске асыру нәтижесінде малшаруашылығы дағдарысқа ұшырап, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі жүйе қиратылды.
  1928 жылы әкімшіл-әміршіл үкімет ірі бай шаруашылығын тәркілеу туралы Декрет қабылдады. Заң жобасы бойынша 700 бай қожалық тәркіленуге тиіс болды, алайда қазақ өлкесінде бұл уақытта ірі байлар осыншама көп емес еді. Сондықтан жүктелген міндетті орындау үшін жергілікті органдар орта шаруаларды да тәркілеуге кірісті.

Ізден
Қазақстанда ұжымдастыру науқаны қалай жүргізілді?

  Ауылдың ең ауқатты бөлігі саналатын рубасыларды талқандаған соң, большевиктер ендігі кезекте орта және кедей шаруаларды ұжымшарларға тартып, күштеп отырықшыландыруға көшті. БК(б)П ХV съезі (1927) ауылшаруашылығын ұжымдастыруға бағыт алуды жариялады. Мыңдаған жылдар бойы көшпелі және жартылай көшпелі малшаруашылығымен айналысқан қазақтар бір күннің ішінде отырықшы шаруаға айналуға тиіс болды. Барлық киіз үйлер бір жерге жиып тігілді.

Мал мен құрал-сайман ортақ деп жарияланды. Қараусыз, күтімсіз, су мен жайылымсыз қалған малдар топ-тобымен қырылды. Шаруалар малдарын тірідей сақтай алмайтындарына көздері жеткенде жаппай сойып тастап отырды. Сойылған малдың көптігінен ет бұзылып, жарамсыз болып қалды.

Ауылда бай мүлкiн тәркілеу. 1929 жыл

  Қазақстанда өкімет орындарының саясатына наразылықтар елде жаппай шаруалар көтерілістеріне ұласты. 1929 жылы Сырдария, Қостанай округтерінде көтеріліс бұрқ ете түсті. Қазақстанның оңтүстігіндегі Созақ ауданында шаруалардың ірі бой көрсетуі болып өтті. Бұл 30-жылдардың басындағы неғұрлым ірі көтерілістердің бірі еді. Көтеріліске 5 мыңдай адам қатысты.
  Сол уақытта осындай көтерілістер Жетісудағы Ақсу және Балқаш аудандарында да болды. 1930 жылы наурызда 200 көтерілісші Қапал станциясын басып алды. ОГПУ (Біріккен Мемлекеттік Саяси басқарма) отрядымен шайқас 28 наурыз күні өтті. Шайқаста 15 адам өліп, 76 көтерілісші тұтқынға түсті.

Шығармашылықпен айналыс
«Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру науқанының салдары қандай болды?» тақырыбына эссе жаз. Тірек сөздер: Декрет, тәркілеу, аштық, зиялылар, жазалау.

  Неғұрлым табанды әрі ұзаққа созылған көтеріліс Ақтөбе, Қостанай және Қызылорда округтерінің аумағын қамтыды. Өкімет орындарының саясатына наразылық Шығыс Қазақстан, Маңғыстау аумағында да орын алды. ОГПУ-дің деректері бойынша 1929 жылы Қазақстанда жалпы саны 350 адамнан тұратын 31 көтерілісшілер отряды болды. 1930–1932 жылдары көтерілісшілер 2 мыңға, 1932–1933 жылдары 3,2 мың адамға жеткен. Республикада 80 мыңдай адам қатысқан шаруалардың 372 бой көрсетуі болып өтті. 5 мыңнан астам көтерілісші Кеңес өкіметіне қарсы шыққаны үшін қатаң жазаланып, сотталды, ГУЛАГ лагерьлеріне қамалды, олардың мыңға жуығы атылды.
  Қазақстанда сталиндік әміршілдік жүйенің күшпен, зорлық-зомбылықпен жүргізілген ұжымдастыру науқаны қазақ халқының жартысына жуығын жалмаған ашаршылыққа алып келгенін білеміз. Нәтижесінде республика экономикасы әсіресе малшаруашылығы құлдырап кетті. Қазақтардың үлкен бөлігі Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға қоныс аударды, шегара алып, Қытайға дейін өтіп кетті.
  5. Қазақстанның Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы экономикалық дамуы. Ұлы Отан соғысы жылдары еліміздің экономикасы соғыс жағдайына көшіріліп, майданды қару-жарақ, мал және мал өнімдері, азық-түлікпен қамтамасыз етті.
  Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери өнеркәсіп базасы ретінде 5830 тонна астық, 745 тонна ет, қорғасынның 85%-ын, полиметалдың 70%-ын берді. 1941–1945 жылдары республикада 460 зауыт, фабрика, кеніштер мен шахталар салынды. Қазақстан аумағына елдің батыс бөлігінен 220 зауыт пен фабрика көшірілді. Шикізаттық қорлар республикадан орталыққа үздіксіз жеткізіліп тұрды. Экономика түгелдей әскери тәртіпке бағынатын болды. Ұлы Отан соғысы кезінде жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Республика жұртшылығының әскер мұқтаждықтарын қамтамасыз ету мен жеңіс үшін аянбай қажырлы еңбек жасауына қарамастан, алапат соғыс салдарынан халықтың тұрмыс жағдайы тым нашарлап кетті. 700 мың-ға жуық республика азаматтары төзімсіз жағдайдағы еңбек армиясына шақырылды. Олардың қатарында соғыс жылдарында күштеп көшірілген және жер аударылған этнос өкілдері де болды.

Соғыcтан кейінгі Қазақстандағы өнеркәсіп

  КСРО соғыстан әбден әлсіреп шықты. Соғыстан кейінгі жылдары елдің экономикалық дамуында бірқатар ұранды реформалар жүргізуге әрекеттер болды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс кеңес халқының рухани жігерін арттырып, социализм саяси жүйесінің тиімділігіне сенім қалыптастырды. Коммунистік партия жетекші күшке айналып, өкімет билігінде әміршіл-әкімшіл жүйе үстемдік етуін жалғастыра берді. 1946–1950 жылдардағы төртінші бесжылдық жоспары бойынша халықшаруашылығын қайта қалпына келтіру мен бейбіт өнімдерді шығаруға көшіру міндеттері белгіленді. 1947 жылы карточкалық жүйе жойылып, ақша реформасы енгізілді.

Тың және тыңайған жерлерді игеру

  Республикада халықшаруашылығының дамуы қыруар қаражат пен шикізат көзінің тартылуы арқылы жүзеге асырылды. Шешуді аса қажет ететін алдыңғы қатардағы мәселелердің бірі жұмыс күшінің жетіспеушілігі болды.

Анықта
Тың игерудің жағымды
және жағымсыз жақтарын
анықтаңдар.

  1953–1964 жылдар тарихта шартты түрде «Хрущев жылымығы» деп аталады. Сталин қайтыс болғаннан кейін билікке келген Н. Хрущев КСРО экономикасын ілгері дамытуда бірқатар реформалар жасауға әрекеттенді. Соғыстан кейінгі астық жетіспеушілігін жою үшін 1954 жылы наурыз айында КОКП ОК Пленумында тың және тыңайған жерлерді игеру туралы шешім қабылданды. Егін егетін жер көлемін 

ұлғайтып, астық өнімін көтеру тапсырылды. Бұл шаруашылық пен азық-түлік дағдарысын шешудегі экстенсивті жол болды. Астық өндіруді арттыру мақсатында 25 млн гектар жер жыртылды, оның 9 млн-ы эрозияға ұшырап, жарамсыз болып қалды. Тың игеру жылдары республикаға КСРО-ның еуропалық бөлігінен «қажетті мамандар» 2 млн адам жаппай қоныс аударды. Нәтижесінде елдегі демографиялық жағдай одан әрі күрделенді. Қазақтардың үлес салмағы өз елінде 30%-ға дейін төмендеп кетті. Сонымен қатар тың игерудің дәнді дақылдар өндірісінің артуы мен азық-түлікпен қамтамасыз етудің жақсаруы сияқты жағымды тұстары да болды.
  1965–1985 «тоқырау жылдары» экономиканың интенсивті дамуына жол ашу үшін жаңа шаруашылық реформалары жүргізіле бастады. 1965 жылы жаңа экономикалық реформа бойынша аймақтық халықшаруашылық кеңестер таратылып, өнеркәсіптер салалық одақтық-республикалық министрліктер арқылы басқаруға көшірілді.
  Жаңа жүйеге сәйкес шаруашылық есеп кәсіпорындарға дербестік берді. Өндіріс орындары шаруашылық есеп жүргізуде шығынды үнемдеу арқылы материалдық ынталандыру және марапаттау сияқты шараларға қол жеткізетін болды.

  Өндірісті механикаландыру мен автоматтандыру жоспарлары қабылданды. Әйтсе де реформалар, бір жағынан, экономиканы дамытуда біраз көрсеткіштерге жеткізсе, екінші жағынан, орталық өктемдік жоспарларға директивалық түзетулер мен толықтырулар енгізуді тоқтатпады. Коммунистік партияның дербес басшылығы, мемлекеттік меншік үстемдігі КСРО-ның экономикалық негізін өзгерте алмады. Халықтың табысы төмендеп, тауар тапшылығы өсті. Республика шаруашылық салаларының шикізаттық сипаты одан әрі тереңдеді. 70-жылдардың ортасына қарай кеңестік экономика жүйесінде дағдарыс белгілері айқын көрінді.

Ойлан
1965–1985 жылдар тарихта не себепті «тоқырау жылдары» деген атаумен қалды?

  Кеңес Одағы коммунистік партиясының экстенсивті және әкімшіл-әміршіл экономикасы даму тетіктерінен толық айырылып, түбегейлі өзгерістер қажеттілігіне жеткізді. Осы тұрғыда 1985 жылдан экономиканың бірқатар салаларын қамтыған «қайта құру» реформасы басталды. Кәсіпорындарға дербестік беріліп, шаруашылық есеп жүйесі енгізілді, кооперативтер ашылды.

  Кеңес билігі кезеңіндегі жоспарлы шаруашылық жүйесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасының дамуына кедергі келтірді.

1. Жоспарлы экономиканың дәстүрлі шаруашылық жүйеден айырмашылығы неде?
2. «Қазақстан – аграрлы республика» деген пікірге өз көзқарастарыңды айтыңдар.
3. Эрозияға ұшырамас үшін қандай тиімді жолдар ұсынған болар едіңдер?

Хрущев жылымығы – бұл кезеңді «жылымық» деп КСРО-ның қоғамдық-саяси өміріндегі демократияландыру, кешірім, ақтаулармен (реабилитация) байланысты аталды. Жылымық ішкі саясатта қуғын-сүргінді біршама тежеуден, әміршіл-әкімшіл қатаң басқару әдістерінің аздап жұмсаруынан байқалды. Билік басына келген жаңа кеңес басшылары сыртқы саясатты да жұмсартуға ынта білдірді.
Тоқырау жылдары – 1965–1985 жылдар аралығында Қазақстан экономикасының бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр дамуы. Өнеркәсіп, өндіріс орындарының өнім, табыс бермей дағдарысқа ұшырауы.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. SWOT талдау әдісі арқылы ХХ ғасырдағы Қазақстан экономикасының дамуын талдаңдар.
S – мықты жақтары
W – әлсіз тұстары
O – мүмкіндіктер
T – қауіп-қатерлер

2-тапсырма. Қосымша деректерді пайдаланып, 1960–1980 жылдардағы КСРО-ның қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық өмірін бейнелейтін көріністер (суреттер, карикатуралар, плакаттар т.б.) іздестіріңдер.

3-тапсырма. Кестені толтырыңдар.

  Өлкелік бақылау комиссиясына Богданов жолдасқа 
  Ақмола округі бойынша астық дайындау мен ұжымдастыру науқанында орта шаруаға қатысты бұрмалаушылықтар орын алғаны анықталды. Орта шаруаларға тұтқында ұстау, ұрып-соғу, өз еркінен тыс ауыр жұмысқа салу, мал, дүние-мүлкін тәркілеу жазалары қолданылған. Салынған салық көлемінің ауырлығы соншалық, орта шаруа қолындағы бар дәулетінен айырылған. Оның үй-жайын тартып алған, колхоздан қуып, жер аударып жіберген.

Қалыбекова М.Ш. Қазақстанға арнайы қоныс аударылғандар: құжаттар мен материалдар (1930–1956). – Алматы, 2011, 50-бет.

1. Мұндай жазалау шаралары басқа округтерде де орын алды ма?
2. Ұжымдастырудың бұл әдісін орта шаруаларға қолдану қажет пе еді?

×
×

Корзина