Шығарманың жанрын анықтау үшін «Суретші өз шығармасында нені бейнеледі?» деген сұраққа жауап беру керек. Сен бейнелеу өнерінің кейбір жанрларымен таныссың. Кәне, еске түсіріп көрейікші.
Пейзаж
Егер картинада табиғат бейнеленсе, бейнелеу өнерінің бұл жанры пейзаж деп аталады. Пейзаж графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы өнер, мүсін түрінде де бола алады.
Т. Ысқақов.Шарын алқабы
К. Хокусай. Дүлей толқын
К.Моне Көкнәр алқабындағы жол
Д.Хокни.Николс шатқалы
ПОРТРЕТ
Егер суретте бір немесе бірнеше адам бейнеленсе, ол жанр портрет деп аталады.
Әлемдегі ең танымал портрет 16 ғасырда итальяндық суретші Леонардо да Винчи салған «Джоконда» болар. Шебердің «Джоконда» картинасы Париждегі атақты Лувр мұражайында тұр. Өнерді бағалайтын миллиондаған адам жыл сайын бұл жерге дүниежүзілік жауһарларды тамашалауға келеді.
Портреттер мүсін, графика және кескіндеме түрінде болады.
Керей ханның
ескерткіші.
Тараз қаласы
П. Пикассо. Әйелдің
портреті
Пинтуриккьо.
Баланың портреті
НАТЮРМОРТ
Егер суретте жеміс-жидек, көгөніс, ваза және т.б. қозғалмайтын заттар бейнеленсе, онда бұл жанр натюрморт деп аталады.
П.Сезанн . Алма мен алмұрт бейнеленген натюрморт
Д.Митрохин . Натюрморт
Ш. Ноғайбаев . Алмұрттар
Мына көңілді тақпақтар жанр атауларын есте сақтауыңа көмектеседі.
Картинадан көрсең сен Қарағайлы тау шыңын, Немесе бұлақ – тау суын, Немесе жасыл бақшаны, Нұрланып тұрған аспаны Немесе көлдің жағасын, Немесе егіс даласын – Салынған мұндай суретті ПЕЙЗАЖ ғой деп қарарсың.
Картинадан көрсең сен Әжеңнің ожау-тостағын, Атаңның қара торсығын, Немесе алмұрт, алманы, Қасында тұрған – шабдалы, Әдемі гүлді табарсың, Қызығып жақын барарсың – Салынған мұндай суретті НАТЮРМОРТ деп қарарсың.
Картинадан көрсең сен Егер ақын Абайды, Немесе ұстаз Ыбырайды, Немесе өз әкеңді, Немесе өз анаңды, Суретін жақын досыңның, Өзі екен деп қаларсың. Салынған мұндай суретті ПОРТРЕТ деп қарарсың.
Бейнелеу өнерінің басқа жанрлары да бар. Олар: анималистік, тұрмыстық, тарихи және т.б. Олар туралы жоғары сыныптарда нақтырақ білетін боласың.