Бағдарлау – бұл жергілікті жердің көкжиек тұстарын анықтау.
Көкжиектің қандай негізгі төрт тұстарын білесің?
Көкжиектің күн шығатын тұсын – шығыс деп атаған. Ал күннің батып, өз ұясына қонатын тұсын – батыс деп атайды. Көкжиектің Күн тал түсте болатын тұсын оңтүстік деп атайды. Ал қарама-қарсы жағы солтүстік деп аталады.
Суреттерді қара. Күннің қай уақыты бейнеленген? Күн арқылы көкжиектің негізгі тұстарын қалай анықтауға болады?
Сызбаны зертте. Көкжиектің аралық тұстарын қалай белгілейді?
Адамдар бағытын дұрыс таба білу үшін тұсбағдарды қолданады.
Жергілікті белгілерге қарап бағдарлау
Жергілікті жерге саяхатқа шыққанда тұсбағдарды үнемі алып жүру мүмкін емес. Егер бейтаныс жерге бара қалсақ, жол табу қиынға соғады. Мұндайда Күн арқылы көкжиек тұстарын анықтауға болады. Жеке өскен ағаштың солтүстікке қараған жағының бұтақтары қысқа әрі сирек келеді. Оңтүстік бөлігінің бұтақтары ұзын, жайқалып тұрады. Қайыңның қабығы оңтүстік жағы солтүстікке қарағанда ақшыл әрі тазарақ келеді.
Себебін түсіндіріп көріңдер.
Кесілген тамырдың жылдық шеңберлері нені аңғартады? Олардың жақын, алыс орналасуында не мән бар?
Жылы жаққа ұшатын құстар көктемде солтүстікке, ал күзде оңтүстікке қарай бағыт алады.
Бұл бақылаушы адамның жергілікті жерді бағдарлауға көмектесетін белгілері.
Суретке өзің анықтама жүргізіп, оңтүстігі мен солтүстігін дәптеріңе белгіле. Өз ойыңды түсіндір.
Табиғатты бағдарлай білуге қандай қорытынды жасай аласың?
1. Ойлан, әр адамға жергілікті белгілерге қарап бағытты анықтау не үшін қажет?
2. Тағы қандай көкжиек тұстарын анықтауға болатын табиғи белгілерді білесің?
3. Күн арқылы өз үйің, саяжай, мектептің көкжиек тұсының қай жағында орналасқанын анықта.