§11-12. Қазақстан Республикасы экономикасының дамуы

Оқу мақсаты:
- Қазақстан Республикасы экономикасының даму кезеңдерін талдау, олардың ерекшеліктерін анықтау;
- мемлекеттік стратегиялар мен бағдарламалардың мазмұнын зерттеу және Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық даму болашағын болжау.

  1. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан экономикасы. Тәуелсіздік қарсаңындағы аса ауыр жағдайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Одаққа бағынышты мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды ҚазКСР-і үкіметінің басқаруына көшіру жөнінде» Жарлық шығарды. Қазақстан дербес сыртқы экономикалық қызметін қамтамасыз етті.
  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жоспарлы экономикадан нарықтық жүйеге көшу оңай тимеді. Бұрынғы КСРО-ның одақтас республикалары арасында экономикалық байланыстар үзіліп, бір-бірінен алшақтай бастады. Республикалардың әрқайсысы шиеліністерден шығу жолында тек өз күші мен қабілетіне сүйенді. Баға босатылды. Негізгі тұтыну тауарларының жетіспеушілігі байқалды. Республика азаматтарының тұрмыс жағдайы одан әрі нашарлап, халық қарапайым тіршілік үшін күресті. Бұқара халықтың жалақысы азық-түлік алудан артылмады. Бірқатар ұлт өкілдерінің өз еліне қоныс аударуы жиілеп, республика халқы едәуір азайды. Көптеген зауыт-фабрикалар жұмысы тоқтап қалды. Осының салдарынан жұмыссыздар қатары өсті. Отбасы қатынастарының бұзылуы, ажырасулар мен әлеуметтік мәселелер көбейді. 1993–1994 жылдары өнеркәсіптік өндіріс көлемі екі есе, ауылшаруашылықта – үш есе, транспорттық жүк тасымалдау үштен екіге қысқарды. Халықтың кірісі күрт төмендеді. Инфляция деңгейі шарықтады.

Ойлан
Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің экономикасы неліктен ауыр жағдайда болды?

  Нарықтық экономиканы қалыптастыру механизмдері тиімді жүргізілмей, бірқатар қателіктер жіберілді. Аталған жағдайлар экономикалық терең дағдарысқа ұшыраудың басты себептерінің біріне айналды. Осындай жағдайда шешуші әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қажет болды. Сондықтан егемендіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет басшылығы «алдымен – экономика, содан соң – саясат» деген жолды таңдады.

  2. Экономикалық даму кезеңдері. Қазақстан экономикасының дамуын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады:

  Бірінші кезең (1991–1994) Қазақстанда жоспарлы социалистік экономикадан нарықтық экономиканы құруға бағытталды. Бұл кезең экономикалық жағдай шиелінісіп, құлдырауымен сипатталады. Жұмыссыздық өршіді. 1992 жылдың қаңтарында баға босатылды, елімізде азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлар түрлерінің бағасы шарықтап кетті. Мемлекетке қарасты өндірістік объектілерді жекешелендіру үрдісі басталды. Кәсіпкерлікті өрiстету үшiн мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жағдай жасалды.
  Екінші кезеңде (1995–1999) Қазақстанның экономикалық даму стратегиялық жоспары және жаңа Конституция қабылданды. Ұлттық экономика тұрақталды. Колхоздар мен совхоздар мемлекеттік емес нысандарға айналдырылды. Еліміздің алдындағы басты міндеттердің бірі – шетелдік инвестициялар тарту арқылы нарықтық экономиканы қалыптастыру еді.

  1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан–2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты стратегиялық бағдарламасын ұсынды. Онда еліміздің қарқынды дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді міндеттер белгіленді.
  Үшінші кезеңде (2000 жылдан бастап – бүгінгі күнге дейін) – Қазақстан экономикалық өрлеу жолына түстi. 2003 жылдан индустриялдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Соңғы 20 жыл ішінде елімізде мыңнан аса жаңа кәсіпорын іске қосылды.
  3. Ұлттық валютаны енгізу. Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап республика басшылығы ұлттық валюта енгізу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізді. 1992 жылы Қазақстанда аса құпия жағдайда ұлттық валюта дайындалып жатқанда, Ресеймен келісімдер жүргізуді жалғастырды. Ресей ақша-валюта жүйесіндегі мәселелерді біздің республикамен келісіп шешетіні туралы уәдесін берді.

Алғашқы теңгелер

  ТМД басшылары өз елдерінде ұлттық валюталарын енгізер алдында бұрынғы одақтас республикаларды 3 ай бұрын хабардар ету міндеті туралы келісімге келді. 1993 жылы шілде айында Ресей өз валютасын енгізді. Ресей 1993 жылғы жаңа рубль негізінде ортақ, бірегей рубльдік аймақты құруды ұсынды. Гиперинфляция жағдайында баға шарықтай түсті. Қазақстанға ескі үлгідегі кеңес ақшаларының ағыны қаптап келді. Дүкен сөрелерінде азық-түлік және тұрмысқа қажетті тауарлар азайды. Қазақстанға едәуір экономикалық шығын әкелді. Елдегі экономикалық дағдарыс өрши түсті. Ескі рубльдің құнсыздануы басталды. Сондықтан Қазақстан ұлттық валюта енгізуге кірісті. Дер кезінде қамданып үлгерген Қазақстан өзінің экономикалық, саяси тәуелсіздігін сақтап қала алды.
  Алғашқы ұлттық ақша Ұлыбританияда басылды. Ақша номиналдарында Ш. Уәлиханов, А. Құнанбайұлы, әл-Фараби, Абылай хан т.б. тарихи тұлғалардың суреттері бейнеленді.
  1993 жылы 15 қарашада ұлттық валюта – теңге енгізілді. Елдегі инфляция өрісін ырықтандыруға «ҚР Ұлттық банк туралы» Заң ықпал етті. Соған сәйкес Ұлттық банк Президентке ғана есеп береді және өзіне белгіленген өкілеттік шегінде тәуелсіз қызмет етеді. Қазақстан бұрынғы КСРО орталық құқықтарын иемденуші көрші Ресей мемлекетінен ақша-қаржы саясатында толық тәуелсіздікке қол жеткізді. Ұлттық валюта енгізудің зор тарихи маңызы бар. Ол Қазақстан Республикасы экономикалық тәуелсіздігінің айқын көрінісі болып табылады. Шынайы егемендікке қол жеткізген қазақстандықтардың патриоттық рухы өсті. Ұлттық валютаның енгізілуі терең әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізуге жол ашты. Халықаралық валюталық операциялар жүргізуге мүмкіндіктер кеңейді. Елімізде 200-ге жуық жаңа банктер құрылды. Жаңа жағдайда мемлекет басшылығы зейнеткерлер, студенттер, мүгедектерді әлеуметтік қорғау мен қолдау іс-шараларын жүргізуге белсенді түрде кірісті.
  4. 1995 жылғы Қазақстан Конституциясы және жаңа нарықтық экономика. 1993 жылы қабылданған Қазақстанның Конституциясы уақытша еді. Елге қажетті заңдарды қабылдау үдерісі баяулады, бұл нарықтық реформалардың қарқынын бәсеңдетті. Үкімет пен Жоғарғы Кеңес арасында келіспеушілік орын алды. Осы жағдайда жергілікті, сондай-ақ Жоғарғы Кеңестің өзін-өзі тарату үдерісі басталды. Президент мемлекет басшысы ретінде заңнамалық тұрғыда өзіндік шешімдер қабылдау құқығын алды.
  1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция қабылданды. Қазақстан президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет ретінде жарияланды. Парламент екі палатадан: Мәжіліс пен Сенаттан құрылды. Жаңа Конституцияның еліміздің тәуелсіздігін нығайту және әлеуметтік-саяси реформаларды жүргізу үшін тарихи маңызы зор болды.

ҚР Парламенті

  Қазақстан нарықтық экономика жолымен дамуға бет алған тәуелсіз ел ретінде белгіленді. Республикада мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру бағдарламасы қабылданды. Шетелдік инвестицияларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту тетіктерінің құқықтық негіздері бекітілді. Банк және қаржы жүйесі реформалары жүзеге асырылды. Аграрлық салада колхоздар мен совхоздар фермерлік шаруашылықтарға айналдырылып, мемлекет монополиясы жойылды.
  5. 2015 жылы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға ресми өтінішті Қазақстан 1996 жылдың қаңтарында жіберіп, 2015 жылдың маусымында келісімдер аяқталды. Қазақстан ДСҰ-ға кіру үшін 20 жылдай үлкен дайындық жүргізді.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі – отандық дипломатияның және Елбасының жетістігі. Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде: «ДСҰ-ға кіру Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциялануына, әлемдегі дамыған бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруіне және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға ықпал етеді», – деп атап көрсетті. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының 162-ші мүшесі болып енді. Сыртқы сауда көлемі 120 млрд долларды құрады. Әлемнің 185 елімен сауда қарым-қатынас жүргізе бастады.
  ДСҰ-ға кіру Қазақстанға қандай артықшылықтар берді? Біріншіден, болашақта бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер мен кәсіпорындар ашуға жол ашылды. Екіншіден, елге қосымша шетелдік инвестициялар тартылды. Үшіншіден, қарапайым азаматтар сапалы тауарларға ие бола алды. Төртіншіден, қазақстандықтар ірі сыртқы нарыққа шығуға қол жеткізді. Бесіншіден, ел экономикасында ауқымды реформалар жүргізуге мүмкіндік алды. Қазақстан әлемдік сауданы реттейтін заңдар дайындау арқылы ұлттық мүддені қорғады.

Испиджаб қаласы орнынан табылған мыс теңгелер (қалпына келтiрiлген)

  Еліміздің ауылшаруашылығын дамытуға ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнім) 8,5% көлемінде субсидиялар бөлінген болса, Ресей, Украина, Қырғызстан, Молдова және Грузия сияқты елдерде бұл 5%-дан аспайды. Мемлекетіміз ауылшаруашылық кәсіпорындарына ірі тауар нарығына енуге көмектеседі.
  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2015 жылғы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына еліміздің алдағы өсіп өркендеуінің бағыттарын белгілеп берді.
  6. «ЭКСПО–2017». 2011 жылы Қазақстан көрме өткізуге өтініш берді. Бізбен бірге бельгиялық Льеж, канадалық Эдмонтон және франциялық Лилль қаласы да өз кандидатурасын ұсынды. Соңғы екі қала кейін бас тартты да, бельгиялықтармен бәсекеге түстік. Бельгиялықтардың көптеген артықшылықтары болды. Олардың кең таралған дипломатиясы, түрлі көрмелер мен форум, симпозиумдар өткізуде тәжірибесі де мол еді. Бельгия – көптеген еуропалық мемлекеттермен ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды орнатқан ел. 2012 жылғы ЭКСПО халықаралық симпозиумында Қазақстан өз жетістіктерін көрсете білді. Экономикасы дамыған және өзін бейбіт мемлекет ретінде танытты. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі еліміздің әлемдегі абыройы мен орнын жоғарылатты. 2012 жылы 22 қараша күні Парижде ЭКСПО штаб-пәтерінде жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстанды 103 мүше ел қолдады.

ЭКСПО–2017

  2017 жылы жазда Астанада ЭКСПО– 2017 көрмесінде барлық қатысушы мемлекеттер инновациялық, технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін көрсетті. Қазақстан ТМД кеңістігінде ЭКСПО көрмесін өткізген ең алғашқы мемлекет болды. Бұл кездейсоқ таңдау емес. Қазақстан және оның елордасы Астананы (Нұр-Сұлтан) бүкіл әлем мойындады.

Ойлан
ЭКСПО өткізу еліміз үшін қаншалықты маңызды болды?

  Еліміз адамзаттың «Болашақ энергиясы» өзекті мәселелерінің біріне шешімдер ұсына алды. ЭКСПО–2017 көрмесін 3 айдың ішінде 4 млн адам келіп тамашалаған. Қазақстан энергетика саласында жаңа технологияларға қол жеткізді. Елімізге жаңа инвестициялар, бүкіл әлемнің шағын және орта бизнесі тартылды. ЭКСПО–2017 келешекте іс-шаралар өткізуге мүмкіндігі бар қуатты алаңға айналды. Көрменің өткізілуі дағдарысқа қарсы ірі жоба ретінде де жұмыс атқарды. ЭКСПО–2017 елімізге отандық кәсіпорындарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік бюджетке қосымша кірістер әкелуге мүмкіндіктер берді.

1. ДСҰ-ға ТМД-ның қандай мемлекеттері кірді?
2. Үлкен кісілермен сөйлесіп, 90-жылдары елімізде тағы қандай әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар болғанын анықтаңдар.
3. Қосымша материалдарды пайдаланып, Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттеріндегі ұлттық валютаны енгізудің ерекшеліктерін түсіндіріңдер.

Референдум – мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу.
Интеграция –
экономикалық субъектілерді біріктіру, олардың арасындағы байланыстарды дамытып, өзара ынтымақты іс-қимылын тереңдету.
Дүниежүзілік сауда ұйымы –
халықаралық сауда ережелерін либерализм принциптеріне қарай реттейтін халықаралық экономикалық ұйым.

Шығармашылық тапсырмалар.

Кез келген экономикалық стратегияны алып GROW әдісі арқылы талдау жасаңдар:
Goal – мақсаты
Reality – іске асырылуы
Options – мүмкіндіктері
Way forward – алға қарай әрекет ету

  Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы
  Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгiзу туралы
  Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабына және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1993 жылғы 29 қазандағы қаулысына сәйкес қаулы етемiн:
  1. Қазақстан Республикасының аумағында 1993 жылғы 15 қарашада сағат 08.00-ден бастап (жергiлiктi уақыт) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгiзiлсiн.
  2. 1993 жылғы 18 қарашада сағат 08.00-ден бастап (жергiлiктi уақыт) теңге Қазақстан Республикасындағы бiрден-бiр заңды төлем құралына айналады. Теңге 100 тиыннан тұрады. Қазақстан Республикасында қолдағы ақша банкноттар мен монеталар түрiнде айналыста болады.
  3. Теңгенi Қазақстан Республикасының аумағында меншiк нысандарына қарамастан барлық жеке заңды тұлғалар төлемдердiң барлық түрiнде, сондай-ақ ешқандай шектеусiз салымдар мен шоттарға қосу үшiн банктер қабылдауға мiндеттi.
  4. Осы Жарлық қол қойылатын сәтiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының Президентi Н. Назарбаев. Алматы қаласы, 1993 жылғы қарашаның 12-сi. Қазақстан Республикасы. 10 жыл шежiресi. – Алматы, 2001, 170-б.

Ұлттық валютаны енгізудің экономикалық және саяси маңызы неде?

×
×

Корзина