Көшпелілер мен отырықшылардың өмір салты

– көшпелілердің маусымдық жайылымдары туралы білесің.
– көшпелілер мен отырықшылардың өмір салтын салыстыруды үйренесің.

  Ерте замандардан бері адамдар көшпелі-малшылар және отырықшы-егіншілер болып бөлінді. Олардың өмір салты мен тұрмысы қандай кәсіппен айналысуға негізделгенін есіңе түсір.

  Егіншілер отырықшы өмір сүріп, жер өңдеумен айналысты. Малшылар көшпелі өмір салтын ұстанды. Олар жыл бойы малын бағып, жайылымдарын ауыстырып отырды. Мал жыл бойы маусымдық жайылымдарда жайылды. Көшпелілер қой, жылқы, түйе өсірді.

  Сызбаға қарап, сұрақтарға жауап бер: Маусымдық жайылымдар қалай аталады? Ол қай жыл мезгілдеріне сай келеді?

  Суретке қара. Малшылардың маусымдық жайылымдары қалай аталады? Ол қандай жыл мерзімдеріне сәйкес келді? Жайлау мен қыстау қай жерде орналасқан?

Жайлаудағы қой отары

Қыстаудағы жылқы үйірі

  Көрнекті қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Көшпелі елдің тұрмысында азығы да, сусыны да, киімі де малдан…», – деп жазды. Ғалымның сөзін мысалдармен дәлелде.

  Өзен бойындағы жазықтар егіншілікке пайдаланылды. Сырдария өзенінің жағасы – ежелгі замандардан бері адамдарға өмір нәрін сыйлаған құтты мекен. Оның жағалауындағы егіншілер отырықшылық өмір салтын ұстанды. Олар тары, бидай, арпа, жеміс-жидек өсірді. Сонымен қатар олар сиыр, жылқы, қой малын бақты.

  1. Сен суретшісің. «Егіншілер не өсіреді?» немесе «Малшылар не бағады?» тақырыбына сурет сал.

  2. Малшы мен егінші кездесе қалса, не жайлы әңгімелесер еді? Малшы мен егіншінің арасындағы сұхбатты сыныптасыңмен бірге құрастыр.

  3. Малшы мен егінші арасындағы тауар алмасу ойынын ойнаңдар. Өз тауарыңды мақтап, мадақтап, жетістігін айтып, саудалауға тырыс.

×
×

Корзина