ЕСТЕ ҚАЛАР ТЕҢІЗ

    Егер сен теңізді жақсы көрсең, бөлмеңе сән беретін қызықты кәдесый жасай аласың. Мұндай кәдесыйды досыңа сыйлауыңа болады.

       Саған пішіні ерекше кішірек бөтелке, қақпақ, бір қорап ірі тұз, гуашь бояуы, бір рет қолданылатын шағын ыдыс пен қасық керек.

ЖҰМЫСТЫҢ РЕТІ

1. Бір уыс тұзды ыдысқа сал. Қасықтың ұшымен көгілдір немесе көк түсті гуашь пен бірнеше тамшы су (3–5) қос. Оларды араластыр.

2. Тұзды қағаздың бетіне аударып, әбден кептір. Тұз кепкенде, ірі бөліктерін қолыңмен ез.

3. Теңіздің басқа реңктерін де осы жолмен шығар. Тұзға гуашь бояуының басқа түсін қос (көк, күлгін). Түстерді араластырып, қажетті түстерді ал.

4. Құм түстес тұзды қосуды ұмытпа. Егер саған ашық түс керек болса, онда тұзды көбірек қос.

5. Бөтелкені тұзға толтыр. Түбіне құм түстес тұзды сеп. Біртегіс себуге тырыс. Ол үшін бөтелкені сілкіп, бірінші қабатты тегісте.

6. Келесі қабаттарын мұқият сеп. Тұзды сепкен сайын бөтелкені бір қырына қисайтып, тұз бір жағында көбірек болатындай етіп сал.

7. Бөтелкені әртүрлі реңкті тұзбен толтыр.
Соңғы қабатында ақ тұз болсын. Бөтелкені
қисайтпа. Тұз араласып кетпеу керек. Бөтелкенің
қақпағын жап. Сенің кәдесыйың дайын!

     Егер сен бөлмеңді сәндегің келсе, тұтас теңіз натюрмортын жасауға болады. Бөтелкенің жанына бір-екі ұлу қабыршағын және тағы басқа заттарды қой. Сенің натюрмортың теңізді еске түсіріп, көңіл күйіңді көтереді!

×
×

Корзина