Табиғатты аялайық!

1-тапсырма. Сыныпта талқылау.

• Берілген суреттердегі оқушылардың іс-әрекетін қалай бағалар едің (дұрыс, бұрыс, жақсы, жаман)?
• Өзіңді осы оқушылардың орнына қойып көр. Мұндай
жағдайда сен не істер едің?
• Оқушылардың іс-әрекеттеріне қарай суреттерді жұппен біріктір.
• Өмірде жақсыдан үйренетін, жаманнан жиренетін қандай мысалдар келтірер едің?

   Байқайсың ба, өмірдің бәрі қарама-қайшылықтан тұрады: күн – түн, ақ – қара, жақсылық – жамандық, жаз – қыс. Қарама-қайшылық музыкада да кездеседі. Мысалы, көңілді – мұңды, тез – жай, форте – пиано.

2-тапсырма. Музыка тыңдау және талдау.

Жүгіріп шықтым белеске

(қазақтың халық әні)

Аққу көлден ұшады шаңырқанып, ай-хой,
Естіген жұрт әнімді таңырқаған, хәләулім-ай.
Ойын-тойда азырақ өлең айтып,
Көтерейік көңілді жабырқаған, хәләулім-ай.


Қайырмасы:

Жүгіріп шықтым белеске,
Белес жақын емес пе?!
Осы отырған отырыс
Бір ғанибет емес пе-ай?!

Ән шығады ақынның айқайынан, а-хау,
Күн көрінер сұлудың маңдайынан, халәулім-ай.
Қайда жүрсең жақсының жаттығы жоқ, а-хау,
Балдан тәтті сөз тамған таңдайымнан, хәләулім-ай.

Қайырмасы:

• «Жүгіріп шықтым белеске » халық әнінің әуенін тыңда.
• Ән әуені саған қандай көңіл күй сыйлады (қуанышты, мұңды, көңілді, көңілсіз)?
• «Жүгіріп шықтым белеске» халық әні қанша музыкалық бөлімнен тұрады (шумақ, қайырма, шумақ-қайырма)?
• Бейнежазбадан «Жүгіріп шықтым белеске» халық әнінің толық нұсқасын тыңда, алған әсеріңмен бөліс.

3-тапсырма. Ән үйрену.

• «Жүгіріп шықтым белеске» қазақтың халық әнінің қайырмасын үйрен .
• Әнді көңілді, қуанышты күйде орында.
• Өзіңе таныс көңілді күйде орындалатын әндеріңді есіңе түсір.
• Берілген әндер қандай көңіл күйде (көңілді-мұңды) орындалады?

«Кемпірқосақ»

«Көңілді саяхат»

«Болайықшы осындай»

«Кел, билейік!»

   Қуанышты көңіл күй сыйлайтын музыканы мажор деп атайды. Мажор – көңілді, қуанышты деген мағынаны білдіреді. «Жүгіріп шықтым белеске» қазақтың халық әні мажорлы ладта жазылған. Лад деген іміз дыбыстардың өзара үйлесімділігі (келісімділігі, жарасымдылығы).

4-тапсырма. Орындау және импровизациялау.

Ән сайыс

(ойын)

Жүгіріп шықтым белеске ,
Белес жақын емес пе ?!
Осы отырған отырыс
Бір ғанибет емес пе-ай!

   Ойынның шарты. Екі топқа бөлініңдер. Әр топ өзінің дирижёрін сайлайды. Дирижёр өз тобының ән тармақтарының контрасты (қатты – ақырын, жай – тез) орындалуын қадағалайды.


   1-ойын (қатты-ақырын)

   • 1-топ – әннің бірінші, үшінші тармағын қатты дауыстап (forte) орындайды.

   • 2-топ – әннің екінші, төртінші тармағын ақырын (piano) орындайды.


   2-ойын (тез-жай)

   • 1-топ – әннің бірінші, үшінші тармағын жылдам орындайды.

   • 2-топ – әннің екінші, төртінші тармағын баяу орындайды.

5-тапсырма. Таныстыру және бағалау.

• Топтық орындауларды салыстыр, бағала.

×
×

Корзина