Музыкадағы көңіл күй (мұңды)

(жалғасы)

1-тапсырма. Тыңдау және талдау.

Елім-ай

(қазақтың халық әні)

   1723 жылы бейқам жатқан қазақ еліне жоңғарлар тұтқиылдан шабуыл жасап, аяусыз қырды. Қазақ тарихында бұл – «Ақтабан шұбырынды» деп аталған аса қасіретті босқыншылық кезең. Қазақ халық әні «Елім-ай» да осы тұста туған, халқымыздың мұң-зарын жеткізген тарихи ән.

• Сурет және бейнежазбадағы тарихи кезең туралы пікіріңді ортаға сал.
• Неліктен бұл кезеңді «Ақтабан шұбырынды» деп атайды?
• Ән сурет пен бейнежазбадағы көріністерді қандай әуен арқылы жеткізді (қаһарлы, жігерлі, мұңды, зарлы)?

2-тапсырма. Ән үйрену.

Елім-ай

(қазақтың халық әні)

Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Елім-ай, елім-ай.

 

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Елім-ай, елім-ай.

 

Мына заман қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман,
Елім-ай, елім-ай.

 

Көк аспаннан топырақ, шаң борайды,
Күні суық қаңтардан, қыстан жаман,
Елім-ай, елім-ай.

• «Елім-ай» халық әнінің мәтініне назар аудар, әуенін үйрен.
• «Елім-ай» әні неше музыкалық бөлімнен тұрады (шумақ, қайырма, шумақ-қайырма)?
• «Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең жолдарының мазмұнын қалай түсінесің?

   «Елім-ай» әні минорлы ладта жазылған. Минор дегеніміз көңілсіз, мұңды деген мағынаны білдіреді. Минорлық ладта көтеріңкі көңіл күйді сипаттайтын әндер де кездеседі. Мысалы: «Күміс құмған-ай», «Қоғалай» қазақтың халық әні.

3-тапсырма. Орындау.

• «Елім-ай» әнінің алғашқы өлең жолын нотамен орында.
• Әндегі ля, си төрттік ноталарының жазылуына көңіл бөл.

   Әуеннің соңғы нотасы жартылық нота – . Жартылық нотаның ұзақтығы 1-еу, 2-еу деп саналады.

4-тапсырма. Таныстыру.

• Берілген әндер қандай ладта жазылған?

«Жүгіріп шықтым
белеске »

«Сыбызғы, сазсырнай»

«Елім-ай»

«Кемпір-қосақ»

• Сыныптастарыңмен бірге мажор және минор ладтарындағы өзіңе таныс әндерді орындап, таныстыр.

×
×

Корзина