§17-18. Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты

Оқу мақсаты:
- көші-қон саясатының ерекшеліктерін анықтау үшін «көші-қон», «эмиграция», «иммиграция», «репатриант», «диаспора», «ирредента» ұғымдарын пайдалану;
- қазақстандық заңнаманың және мемлекеттік бағдарламалардың негізінде көші-қон саясатының негізгі бағыттары мен басымдықтарын түсіндіру.

  1. Тәуелсіз Қазақстандағы көші-қон саясатының ерекшеліктері. Көші-қон мемлекет халқының санына, ұлттық құрамы мен қоныстануына, табиғи қозғалыстың үдерістеріне әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады. Сонымен қатар көші-қон еліміздегі ауыл мен қала тұрғындарының өзара үлес салмақ өзгерістерінде, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде және ұлттық қауіпсіздік жағынан маңызды рөл атқарады. Кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында республиканың ұлттық құрамында қазақтардың үлес салмағы төмен болды.

Ойлан
«Көшіп келу туралы» Заңды қабылдаудың қаншалықты қажеттілігі болды?

  Сондықтан Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайдың ерекшелігіне сәйкес көші-қон саясатын жүргізуге белсенді кірісті. Ең алдымен, шетелде тұратын этникалық қазақтардың ұлттық бірігуі және тарихи отанына оралуы үшін көші-қон саясатының басқару жүйесін жетілдіру қарастырылды. 1992 жылы маусымда отандастарымыздың тәуелсіз елімізге көшуінің құқықтық негіздері реттелген «Көшіп келу туралы» Заң қабылданды.

  1997 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңында көші-қон ағынын реттеу жүйесін жетілдіру, этникалық қазақтарды тарихи отанына қабылдау тәртібі мен азаматтық алу мүмкіндіктері нақтыланды. «Халықтың көші-қоны» заңында репатриант деп танылған адамдардың құқықтық мәртебесі анықталған.
  Тұжырымдаманың басты қағидалары бойынша адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау; нәсілі, тілі, діні, этникалық және әлеуметтік шығу тегі, көзқарасы, саяси сенімі сияқты белгілері бойынша кемсітушілікке жол бермеу басымдықтары айқындалған.
  2017 жылы «Қазақстан Республикасының 2017–2021 жылдарға арналған миграциялық саясаты» тұжырымдамасы қабылданды. Бұл шетелдерде тұратын қандастарымыздың тарихи отанына оралуына кеңінен жол ашты. Көші-қон саясатының негізгі бағыттары айқындалды. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша әркімнің республикадан тыс жерлерге кетуіне және кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар.

  2. Көші-қон үрдістерінің негізгі кезеңдері. Бірінші кезеңде (1991–2003 жылдар) көші-қон республика аумағынан кейбір тұрғындардың үдере көшіп кетуімен сипатталды. Елімізден еуропалық этнос өкілдері өз тарихи отандарына көше бастады. КСРО ыдыраған соң алғашқы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыс, өндірістің құлдырауы көптеген ұлт өкілдері, соның ішінде орыстар – Ресейге, поляктар – Польшаға, немістер – Германияға т.б. елдерге көшіп кетуі нәтижесінде республикада аталған этностар өкілдері санының азаюы орын алды. Бұл жағдай республика тұрғындары санының кемуіне, еңбекке жарамды білікті кадрлар қатарының сиреуіне әкелді. Сондай-ақ жұмыссыздық өсіп, отбасыларда ажырасулар көбейді. Қылмыстар саны артты. Халықтың табиғи өсуі, бала туу көрсеткіші төмендеді.
  Осы жылдары республика халқының саны 16 793,1 мыңнан 14 886,8 мыңға кеміді. Сыртқы көші-қондағы жоғары шегі 1994 жылға сәйкес келеді. Елден 811,3 мың адам көшіп кетті. 1991–2008 жылдары республикада жалпы 3,5 млн адам көші-қон қозғалысына түсті. Сондай-ақ басым көпшілігі Ресейге – 1 550 мың, Украинаға – 52,6 мың, Белоруссияға – 39,7 мың адам көшіп кетті. Қазақстаннан тұрғындардың көшу үрдістерінің негізгі себебі ретінде 90-жылдардың ортасында орын алған экономикадағы дағдарысты, сонымен қатар азаматтардың атамекенімен қайта қауышу мақсатын айтуға болады. Оның үстіне психологиялық факторлар да басым болды: көптеген адамдар тарихи отанында тұрып жатқан туыстарымен байланыстары үзіліп, ертеңгі күніне деген сенімін жоғалтты, шегарадан өтудің қиындықтары туындауы мүмкін деген үрей мен тарихи отанында азаматтық алу мәселесі де алаңдатты. Сондықтан бұл этнос өкілдері өз елдеріне оралуға, тездетіп көшуге кірісті. Аталған мәселелерді ескере келе, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1998 жылы ТМД Саммитында «Қарапайым адамдарға қарай 10 қарапайым қадам» ұсынған болатын. Бұл бастаманың жүзеге асыруда азаматтық алу барысындағы жеңілдіктер, шегарада азаматтарымыздың, жүктердің, тауарлардың кедергісіз өтуі және ақпараттық байланыс аясын кеңейту т.б. мәселелер қарастырылды.
  2004 жылдан бастап көші-қон ағысының қарқыны төмендеп, халық саны өсіп, миграциялық үрдістің екінші кезеңі басталды. Өсудің негізгі көзі табиғи өсім болды. Бұл өсім мұсылман-түркі халықтарында (қазақ, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрік, түрікмен, ұйғыр, дүнген, тәжік) айқын байқалды. 2004–2009 жылдары республика халқының саны 826,9 мың адамға көбейді. 2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының саны 19 миллионға дейін жетті.
  3. Ішкі көші-қон ерекшеліктері. Тәуелсіздік жылдары ішкі көші-қонның негізгі бөлігі ауылдық жерлерден ірі қалаларға көшумен жалғасты. Еңбек мигранттарының едәуір бөлігін қазақ жастары құрады. 1994 жылдан 1998 жылға дейін ауылдық округтер саны 2522-ден 2042-ге қысқарды. Ұжымшарлар мен кеңшарлар таратылды, ауыл инфрақұрылымы өзгеріске ұшырады. Жұмыссыздық күшейе түсті.
  Экономикалық дағдарыс нәтижесінде қалалардың пайда болып, өсіп дамуына жол ашқан зауыт, фабрикалар тоқтап қалды. 1989–1999 жылдары шағын қалаларда тұрғындардың саны азая бастады. Мысалы, Лениногорск – 13,7 мың, Зыряновск – 18,4 мың, Арқалық – 20,3 мың, Шахтинск – 41,8 мың адамға қысқарды.
  Осы кездері халқымыздың демографиялық және әлеуметтік дамуы ірі бетбұрыстар мен күрделі өзгерістерге ұшырады. Қазақстан үкіметі 2008 жылы көші-қонды басқару жөнінде «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасын бекітті.

  «Нұрлы көш» бағдарламасының негізгі мақсаты – шетелдердегі қандастарымызды және еліміздің оңтүстік өңірінен солтүстік өңіріне қазақтарды ұтымды қоныстандыру. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында мемлекет ел тұрғындарын халқы тығыз, еңбек күші мол оңтүстік облыстардан республикамыздың солтүстік өңірлеріне көшіру саясатын қолға алды. Отанына оралған қандастарды да солтүстік аймаққа орналастыру шарасы жүргізілді. Бала туу деңгейі төмен және жұмыс күшінің тапшылығы бар өңірлердегі кадр мәселесін шешуде «Серпін» атты бағдарлама да сәтті жүзеге асырылып, үлкен маңызға ие болды.

Пікірің қажет
Ішкі көші-қонның басқа ерекшеліктері туралы не айта аласыңдар?

Анықта
«Серпін» бағдарламасына қандай мақсат қойылған?

  2014 жылдан бастап «Серпін» жалпыұлттық жобасы жүргізіліп келеді. Осы жоба бойынша мамандар даярланып, еңбек ресурстары мол аймақтардағы жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша батыс және солтүстік аймақтарға оқуға тартады.

  4. Шетелдердегі қазақтардың туған Отанына қайта оралуы. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мәліметтері бойынша ХХ ғасырдың 90-жылдары қазақтар әлемнің 40 елінде тұрды. Олардың ішінде 3 млн 137 мың қазақ – жақын шетелдерде, 2 млн 529 мың қазақ – алыс шетелдерде мекендеген. Қазақтар көп тұратын елдер: Қытайда – 2 млн 260 мың адам, Өзбекстанда – 1 млн 750 мың адам, Ресейде – 1 млн 100 мың адам, Моңғолияда – 150 мың адам, Түркіменстанда – 150 мың адам, Қырғызстанда – 95 мың адам, Ауғанстанда – 30 мың адам, Түркияда – 15 мың адам шоғырланған.

  1991 жылы ақпан айында республикаға Моңғолиядан еңбек квотасы бойынша 97 қазақ көшіп келді. Олар бұрынғы Талдықорған облысына орналасты. 1991 жылдың тамыз айында 1492 отбасы Семей, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарында мекен етті. Жалпы 1991–1993 жылдары Қазақстанға Моңғолиядан 60 мыңға жуық адам көшіп келді.
  1993 жылы қазақтардың елге оралуы үшін арнайы квота бекітілді. Мысалы, 2009 жылы көшіп келу квотасында – 20 мың отбасы қарастырылды. Тәуелсіздік жылдары республикаға 1,5 млн-ға жуық қазақ қайтып оралды. Ең үлкен бөлігі Өзбекстаннан, Моңғолия мен Қытайдан келді.
  5. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы және отандастарымыздың елімізге оралуының маңызы. 1991 жылы республикада жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағы 40%-ды құрады. Қазақ халқының азшылыққа айналуына қуғын-сүргін, күштеп қоныс аударту, депортация, өлкедегі ашаршылық секілді оқиғалар әсер еткен. Сарапшылардың пікірінше, кез келген елдің ішкі этносаралық тұрақтылығын сақтау үшін жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағы 75–80% болуы керек. Осы тұрғыда иммиграция, ирредента, эмиграция мәселелеріне зор көңіл бөлініп отыр.

Туған жермен қауышу

  Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін, елде саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде көбінесе жергілікті ұлт пен көптеген диаспоралардың өзара түсіністікке негізделген арақатынасы және жалпы халық санындағы қазақтардың үлес салмағының өсуі маңызды рөл атқарады. Бұл мәселеде шетелдегі қазақ диаспораларының өз отанына көшіп келуіне жол ашу, елде орналасу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету анағұрлым оңтайлы шешім болып табылды. Біріншіден, отандастарымыздың тарихи отанына көшіп келуі демографиялық үдерістерді шешудің тиімді жолдарының бірі саналады. Өйткені оларда көпбалалы отбасын қалыптастыру ұстанымы берік сақталған. Екіншіден, Қазақстандағы жұмыс күшінің жетіспеушілігін жоюға жәрдемдеседі. Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан елдерінен арзан жұмыс күшінің үнемі және жаппай ағылуы экономикалық жағынан өте тиімсіз. Сондықтан олардың орнына этникалық қазақтардың келуі, тапқан табысты өз елімізде жарату мен салық төлеу республика бюджет қорын толықтырады. Үшіншіден, шетелдердегі қазақтардың туған Отанына қайта оралуы қазақ тілі мәртебесін көтереді. Өзбекстан, Қытай, Моңғолия қазақтары мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ресей қазақтары да ана тілін меңгеруге аса ниетті. Төртіншіден, белсенді көші-қон ағымы арқылы тарихи әділдікті орнатуға мүмкіндік аламыз. Бесіншіден, экономикалық, мәдени, спорт табыстарына қол жеткіземіз. Отандастарымыздың еліміздің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми, мәдени, саяси өмірінде елеулі өзіндік үлес қосып жүргені мәлім. Мысалы, Өзбекстаннан елге оралғандардың бірі – сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков. Түркиялық Халифа Алтай – Құранды араб тілінен қазақ тіліне алғаш рет аударды.

Халифа Алтай
Мұстафа Өзтүрік

    Моңғолиядан шыққан ғалым-түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы – көне түркі жазбаларын еркін оқитын санаулы зерттеушілердің бірі. Мұстафа Өзтүрік – таэквондо спортынан әлемге әйгілі шебер. Қытайдан атажұртқа оралған Нәбижан Мұхаммедханұлы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қытай жазба деректерінен ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заман тарихына қатысты құнды мәліметтерді қазақ тіліне аударды. Өзбекстаннан көшіп келген Бақыт Сәрсекбаев бокстан 2008 жылы Пекин олимпиадасында жеңімпаз жалғыз қазақ болды. Қытайдан көшіп келген Майра Мұхаммедқызы «Ла Скала», «Гранд Опера» сынды әлемдегі әйгілі опера театрларында ән шырқады. Бүгінгі таңда шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың тарихи отаны – Қазақстанға оралу мәселесі мемлекеттік деңгейде қаралып, заңды негіздер жасалуда.
  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен, ҚР Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевтың қолдауымен отандастарымызды көшіріп әкелу үшін барлық жағдай қарастырылып, қамқорлық көрсетіліп келеді. Жыл сайын шетелдегі қазақ ұлты өкілдері үшін Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға белгіленген 2% мөлшерінде квота беріледі.

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы

Ойлан
Неге кейбір мемлекеттер шетелдегі қандастарын қайтаруға ерекше көңіл бөледі?

  Ұлт игілігі үшін Алматы қаласында 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының Бірінші құрылтайы өтіп, шетелдердегі қандастарымыз атажұртта бас қосты. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, төрағалығына Н.Ә. Назарбаев сайланды. Құрылтайдың басты мақсаты – қазақтарды этникалық-мәдени біріктіру. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайлары одан кейінгі жылдары Түркістан, Астана (Нұр-Сұлтан) қалаларында өткізілді.

  Құрылтай сияқты басқосулар тарихи тағдыр жазмышымен төрткүл дүниеге тараған қандастарымыздың атамекеніне оралуына жол ашып, тарихи отандарына көшіп келушілердің бейімделу мәселелерін шешті. ТМД елдерінің арасында бірінші болып біздің мемлекет алыс-жақын шетелдердегі қандас бауырларына құшағын айқара ашып, олардың елге оралуына кеңінен мүмкіншілік жасады. Шетелдегі отандастарын туған жеріне қайтаруға қамқорлық жасап отырған дүниежүзіндегі мына мемлекеттер: Қазақстан, Германия, Израиль болып табылады.
  Аталған шара Қазақстанды әлемдік қауымдастық алдында тарихи тағдыр тауқыметімен өзге елге кетуге мәжбүр болған өз ұлтының болашағына алаңдап, қамқорлық танытатын және жаңа мыңжылдықта бейбітшілік пен гуманизмді қалыптастыру жолымен нық қадам басқан ел ретінде танытты. Алғаш рет 30 жыл ішінде қазақтардың үлес салмағы 40%-дан 70%-ға жетті.
  Бұдан кейінгі өткен құрылтайлар қазақтардың жаңа дәуірдегі біртұтас ұлт ретінде бірігуге ұмтылысын көрсетті. Жыл сайын құрылтай үлгісі бойынша еуропалық қазақтардың кіші құрылтайлары өткізіледі.

  6. Қазақстандағы қазіргі этнодемографиялық жағдай. Қазақстандағы этнодемографиялық үдерістерге сәйкес 1991–2003 жылдары халықтың саны күрт азайды, ал 2011 жылы республика тұрғындарының саны 1991 жылғы көрсеткішке жақындады. Тұрғындар саны күрт төмендеуінің басты себептерінің бірі азаматтардың Қазақстаннан тыс елдерге көші-қон нәтижесі еді. Негізінен еуропалық этнос өкілдері қоныс аударды. Олар Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан кетіп, осы өңірлерде халық саны азайды.

Анықта
Ерлерге қарағанда әйелдердің пайыздық үлесінің басым болуының себептерін анықтаңдар.

  Бүгінде республика тұрғындары қатарында әйелдердің ерлерден басым көрсеткіші сақталып келеді. Еуропалық ұлт өкілдерінің қартаюы көрініс табуда, жастары Қазақстаннан тыс елдерге оқуға және жұмысқа орналасуға кетуде. Қазақтар республика тұрғындарының басым бөлігін құрайды.
  Қазақстанда аймақтық орналасуда өзгерістер байқалады. Ауыл жастары қалаға бет бұруда. Көші-қонның негізгі ағыны тұрғындарының саны 1 млн-нан асқан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына бағытталған.

1. Дүниежүзі қазақтары құрылтайын өткізу мен қандастарымыздың елге оралуының негізгі себептері мен алғышарттары қандай?
2. Қазақстан қандастардың елге жаппай қоныс аударуынан қандай жеңілдіктер мен артықшылықтар алды?
3. Қосымша деректерді пайдаланып, өздерің тұратын аймақтағы қандастардың бейімделуі туралы айтып беріңдер.
4. Жаңа деректер негізінде «Серпін» бағдарламасының мақсаты мен жүзеге асырылу барысы жайлы айтыңдар.

Диаспора – өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгi (этникалық қауымдастық).
Ирредента – өз тарихи отанында тұрып жатқан, алайда ол аумақ түрлі себептермен өзге ел құрамына еніп, сонда қалып қойған этникалық топ.
Иммиграция – қоныстанушылық, келімсектік, бір мемлекет азаматтарының екінші бір мемлекетке тұрақты немесе уақытша тұру үшін көшіп келуі.
Репатриант – тарихи отанына қайтқан қандастар.
Эмиграция – өз еліндегі тұрғылықты мекенін бөтен елдегі тұрғылықты жерге айырбастау.

Жандарбек Мәлібеков (1943) – Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, белгілі сәулетші.
Майра Мұхаммедқызы (1965) – қазақтың атақты опера әншісі (сопрано, бельканто). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі. Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Париждегі «Гранд Операда» Қазақстан атынан өнер көрсеткен тұңғыш опера әншісі.
Мұстафа Өзтүрік (1954–1995) – таэквондо спортынан есімі әлемге әйгілі шебер.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. Қосымша материалдарды пайдаланып, Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының мақсатын анықтаңдар.

2-тапсырма. Берілген сызба бойынша әңгіме құрастырыңдар.

3-тапсырма. Қазақстаннан басқа елдердің (Ресей Федерациясы, ГФР, Израиль т.б.) көші-қон саясатына талдау жасаңдар.

  Дүниежүзі қазақтары құрылтайы. Шетелдерге тарыдай шашырап кеткен қазақтар:
    Әй, Алтай, әттең Алтай, көркем Алтай,
    Кір жуып, кіндік кескен өлкем Алтай.
    Армансыз бұл дүниеден өтер едім,
    Бір иіскеп топырағыңды өлсем, Алтай! –
деп туған елін-жерін аңсаумен өмірін өткізіп жатты. Еліміз тәуелсіздігін алғанына жарты ай өткенде, яғни 1991 жылдың 31 желтоқсанында Президент радио арқылы шетелдердегі қазақ диаспорасының өкілдеріне арнап сөз сөйледі. Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шет елдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сөйтіп, атамекенге келем деген ағайындарға жол ашылды.
  1992 жылы 29 қыркүйекте азаттығымыздың алтын бесігі – Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы ашылды. Құрылтайға – Түркия, Германия, Франция, Швеция, Норвегия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және басқа елдерден, барлығы – 33 елден, сондай-ақ Қазақстан облыстарынан келген өкілдер – 800-ден астам кісі қатысты.
  Мәжілісті Дүниежүзі қазақтары құрылтайын ұйымдастыру комитетінің төрағасы, сол жылдардағы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков ашты. Түркиядан келген Дәлелхан Жаналтайға сөз кезегі келгенде: «Мен бұл күнді көрем деп ойлаған жоқ едім. Құдайға шүкір, өшкенім жанды, өлгенім тірілді! Енді арман жоқ!» – деді. Осы сөз құрылтайдың өзегіне айналды. Күн тәртібінде – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құру, оның жарғысын қабылдау, басшы органдарын сайлау талқыланды.

Аяған Б.Ғ., және т.б. Қазіргі Қазақстан тарихы. – Алматы, 2010, 332-бет.

1. Дүниежүзі қазақтары құрылтайының тарихи маңызы неде?
2. Бұдан кейінгі өткен құрылтайларда қандай мәселелер көтерілгенін анықтаңдар.

×
×

Корзина