Батырлар – Отанымыздың қорғаны. Билер – Ұлы Даланың даналары

– қазақ батырлары мен билері туралы білетін боласың.
– батырлардың қару-жарағын сипаттауды, батырлардың өміріндегі оқиғаларды салыстыруды, жалпы батырлардың бойындағы ерекше қасиеттерді таба білуді үйренесің.

  Батырлардың қалай қаруланғанын сипатта. Бұлай қаруланудың басты себебі неде?

  Көшпелілер ержүрек, батыр жауынгер халық болды. Ел қорғаудағы асқан батырлығы, әскери жорықтағы ерлігіне сай халық батыр атады.
  ХVІІІ ғасырда Қазақ хандығына жоңғарлар шабуыл жасады. Жау қазақтың кең-байтақ даласына көз тікті. Олар қазақтың жерін басып алып, халқын құлдықта ұстағысы келді. Осындай сын сағатта қазақтың ержүрек батырлары өз Отаны мен елін қорғау үшін жанкештілікпен күресті. Жауынгерлерді Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай сияқты батырлар бастады. Мұндай ауыр шайқастарда қазақтар жауды елден аластап, өз жерлерін қорғап қалды.

Салыстырып үйрен

  Мәтінді оқып шық. Үш батырдың бойынан қандай ортақ қасиеттерді байқадың? Олардың бойындағы батырлық белгілерін сипаттап бер?

  Бөгенбай – қазақтың қаһарман ержүрек батыры, 13 жасынан жаумен шайқасты. Жүзден астам шайқасқа қатысып, жеңіске жеткен.

    Қабанбай – атақты қолбасы. Жүзден астам шайқасқа қатысып, жекпе-жекте жеңіске жеткен. Абылай хан батырға «Дарабоз» есімін берген.

    Наурызбай – қазақ-жоңғар соғысының батыры. 10 мыңдай әскерді басқарған. Бөгенбай сияқты Абылай ханның үш туын ұстайтын батырларының бірі болған.

  Қазақтардың тарихында билер де маңызды рөл атқарды. Би «халық сайлаған сот» мағынасын береді.

  Билер даулы істерді шешіп, халықты бірлікке шақырып отырған. Кез келген адам би бола ала ма? Олардың бойында қандай қасиеттер жоғары болуы керек?

  Қазақтың атақты дана билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би. Олар «Жеті жарғы» заңын құрастыруға қатысып, елде әділ билік жүргізді. Жоңғарлармен соғыста билер халықты бірлікке шақырды. Қазақтың үш жүзі өзара ынтымағының арқасында жоңғарлармен шайқаста жеңіске жетті. Ұлы үш бидің есімдері тарихта қалды.

  Сол заманның батырлары мен билерін қандай сөздермен дәріптеп сипаттауға болады? Не себепті?
  Ержүрек, күшті, дана, қаһарман, әділетті, батыл, шешен, парасатты.

  Әртүрлі дереккөзден (Интернет желісінен, қосымша әдебиеттерден) өз жеріңнен шыққан батырлардың есімін анықта. Олар туралы шағын әңгіме құрастыр.

×
×

Корзина