Азаттық үшін күрескендер

– қазақ халқының азаттығы үшін күрескен ерлер туралы білетін боласың
– азаттық үшін күрескендер туралы өлең шығаруды, сурет салуды үйренесің.

Бұл ескерткіштер Астана, Орал, Атырау, Алматы қалаларында орнатылған. Қалай ойлайсың, бұлар кімдердің құрметіне орнатылған ескерткіштер?

  Кіші жүздің ханы Әбілқайыр 1730 жылы Петерборға елші жіберді. Олар жаудан қорғану үшін Ресейдің қолдауын іздеді. 1731 жылы Ресей императрицасы Кіші жүздің Ресей қол астына кіргені туралы грамотаға қол қойды. Осылайша, қазақ жерлерінің біртіндеп Ресей империясының қол астына өтуі басталды.

  Картадан Қазақ хандығының Ресейге қосылғанға дейінгі алып жатқан аумағын тап (62-бет). Өз ой пікіріңді дәлелде.

Дәлелдеуді үйрен

  Қазақстанның Ресейге қосылуының жағымды және жағымсыз тұстарын көрсет.
  Қазақтардың көшіп-қонып жүруіне шығыстан кімдер кедергі жасады? Дәлел келтір.

  Біртіндеп Ресей қазақ жерлерін басып алып, қамалдар сала бастады. Ресей империясы қазақтардың Жайық пен Ертіс өзендерінің оң жағалауында көшіп-қонып жүруіне тыйым салды. Хандардың өз жеріне билігі жүрмеді.
  Бұл халықтың Ресейдің отарлау саясатына қарсылығын туғызды. Қазақ халқы қайта-қайта өз бостандығы үшін көтеріліске шығып отырды. Бұл көтерілістердің басында Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, Амангелді Иманұлы, тағы басқалар тұрды. Олар өз елінің бостандығы үшін күресіп, Қазақ елінің тәуелсіздік алатын күнін жақындата түсті.

  Өз таңдауың бойынша:
  1. «Еркіндік – ел мұраты» тақырыбында эссе жаз.
  2. «Тәуелсіздік үшін күрескер» тақырыбында сурет сал.
  3. «Қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресі» тақырыбында көрнекілік дайында.

  Өз жеріңдегі тәуелсіздік үшін тер төккен күрескерлердің есімдерін анықта. Олардың бірі туралы шағын мәтін құрастыр.

×
×

Корзина