§19–20. Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі

Оқу мақсаты:
- мемлекеттік стратегияларды және бағдарламаларды зерттеу негізінде ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін бағалау.

  1. Қазақстанның этносаралық саясаты. Қазақстан Республикасы – жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүретін полиэтникалық мемлекет. Бүгінде халқының саны 19 миллионға жуық адамды құрайды, оның ішінде мемлекет құраушы қазақтардың үлесі 70%-ға жетті.
  Тәуелсіздік тұғырын биік ұстаған Қазақстан түрлі этникалық топтардың арасындағы келісім мен татулықты сақтап қалды. Республикада посткеңестік кеңістікте ХХ ғасырдың 80–90-жылдар тоғысында орын ала бастаған ұлтаралық жанжалдардың қаупін дер кезінде бағалай алдық. Мұны терең түсінген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ұзақ мерзімді ұлтаралық саясат жүргізуді назарға алып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың тиімді жолдарын үйлестірді.
  Қоғамда тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің ішкі саясаты бағытының негізгі іргетасына айналды. Ұзақ уақыт бойы халықтар арасындағы өзара қатынастардың ерекше дәстүрі қалыптасып, кеңінен насихатталып келеді. Бүкіл әлемде «қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісі» туралы айтыла бастады. Оның негізі ретінде тағдырдың еркімен ортақ Отанымызға келген барлық этникалық диаспораларға қазақтардың толеранттық қатынасын атап өту орынды.
  Қазақстан Республикасының Конституциясында «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған.
  Конституцияда ұлтаралық келісімге іріткі салатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылған. Сепаратистер, террористер мен ұлтшылдардың лаңкестік әрекеттеріне орталық билік тарапынан қатаң түрде тыйым салынған. Елде үйлестірілген тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттің терең ойластырылған кадрлық саясаты барысында биліктің жергілікті және орталық органдарында еліміздің түрлі ұлт өкілдері қызмет атқаруда. Ең алдымен адамның іскерлік қасиеттеріне назар аударылады.

  Ұлтаралық қатынастар байыптылық пен жауапкершілікті және сақтықты қажет етеді. Ұлтаралық саясатты жүзеге асыруда Президент қазақ халқының діліне, оның басқа ұлттарға деген дәстүрлі төзімділігіне сүйенеді.
  Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен ішкі саяси тұрақтылығын сақтауда – еліміздегі әртүрлі конфессиялардағы халықтардың бейбіт қатар өмір сүруі басты мәселе саналады. Елімізде 820-ға жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар Бейбітшілік және келісім сарайы мен облыстық Достық үйлерінде орналасқан.

Ойлан
ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңындағы ұлтаралық қатынасқа сипаттама беріңдер.

  2. Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасы – маңызды стратегиялық құжат. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде саяси этносаралық қақтығыстар мен қарама-қайшылықтар орын алған тұста Қазақстан ішкі саяси тұрақтылықты сақтап қана қоймай, оны нығайта алды. Оның ішінде ұлтаралық қатынастар саласы да қамтылып, басым маңызға ие болды.
  Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасын қабылдауы халқымыздың бірігуі үшін маңызды рөл атқарды. Әлемде осы сияқты қоғам мен биліктің арасындағы келісім көрініс тапқан және ұлттың болашағын белгілейтін мемлекеттік деңгейдегі көптеген құжаттар бар. Солардың қатарында Конфуций мен Монро доктриналарын атап өтуге болады.
  Тәуелсіз Қазақстан тарихында өте маңызды, күрделі мемлекеттік тұрғыдағы ұлтаралық мәселенің болашағын белгілейтін құжат қабылданды. Ел бірлігі доктринасында басты міндетіміз – қолымызда тұрған ең бағалы құндылық – тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап, еліміздегі азаматтық бейбітшілік, саяситұрақтылық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді болашақ ұрпаққа тапсыру.
  Қазақстан халқы үшін доктринаның тарихи маңызы аса зор. Ұлт бірлігі доктринасының қабылдануы Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ішкі және сыртқы саясатының ашықтығын дәлелдеді.
  Ұлт бірлігі доктринасы үш маңызды бөлімнен тұрады. «Бір ел – бір тағдыр» атты бірінші бөлімінде елдің барша азаматын біріктіретін ең басты құндылық – тарихи тағдырымыздың ортақ екендігі басшылыққа алынады. «Ұлт бірлігін негіздейтін бірінші қағидат – әрбір азаматтың өзінің ортақ тағдыры мен Отанының – Қазақстан Республикасының – ортақ екенін ұғыну. Біздің ұлттық бірлігіміз этникалық шығу тегіне қарамастан, әрбір адамның жоғары деңгейде Қазақстанмен және оның болашағымен етене бірігуіне негізделген».

  «Тегі басқа – теңдігі бір» деп аталған екінші бөлімде ұлттық бірлігімізге негізделген басты қағидат – этностық, басқа да шыққан тегіне, діни ұстанымына, әлеуметтік жағдайына қарамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер беріледі деп көрсетілген. «Әрбір Қазақстан азаматы өзінің жеке артықшылығы мен шығу тегіне қарамай, қабілетіне қарай барлық мүмкіндігін жүзеге асырып, жетістіктерге жете алады» және «оған ешқандай кедергі болмайды», – деп белгіленді. Қазақстанның барша аза- матына тең мүмкіндіктер мен лайықты өмір сүру жағдайын туғызуға ұмтылу сынды қағидаттар негізге алынды.

Ойлан
Тағы басқа елдерде қабылданған қандай доктриналарды білесіңдер?

  «Ұлт рухының дамуы» атты үшінші бөлімінде «рухани бастау – ұлтты біртұтастыққа біріктіретін күш. Халықтың рухы күшті болған сайын, оның мемлекеттілігінің де болашағы зор болмақ. Біздің ұлттық рухымызды көтеру үшін негізгі басымдықтар мыналар: дәстүр мен отансүйгіштік рухы, жаңару рухы, жарыс пен жеңіс рухы» деп көрсетілді.

  Қазақстан Республикасы Ұлттық бірлік доктринасының қабылдануы тарихи маңызды шара болды. Аталған құжат этнос-аралық қатынастар саласында тиімді шарттарды қалыптастыруға бағытталған заңнамалық және өзге де нормативтік актілерді әзірлеуге негіз қалады.
  3. Еліміздің тіл саясаты. Ұлттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі – тіл саясаты. 1970–1980 жылдары қазақ тілінің республикамызда қолданыс аясы тарылып, мемлекеттік тіл ретінде беделі төмендеді. Әрбір облыс орталығында бір-бірден ғана қазақ тілінде оқытатын мектеп жұмыс істеді. Қазақ тілінде шығатын газеттер әсіресе солтүстік, солтүстік-шығыс аймақтарда жабылды.
  1989 жылы қыркүйекте «Қазақ КСР-інің тілдері туралы» заң қабылданды. «Қазақ тілі республикада мемлекеттік тіл болып табылады» деп атап көрсетілді. Орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі ретінде бекітілді. Сонымен қатар елімізде басқа диаспоралардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасалып, мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
  Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы нақтылады. 1996 жылы «Қазақстан Республикасы Тіл саясатының тұжырымдамасы» қабылданып, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін дамытуға нақты міндеттер белгіленді. 1998 жылы ҚР Үкіметі «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» қаулы қабылдады. Осы жылы ҚР Үкіметінің жанында Мемлекеттік терминология комиссиясын құру туралы шешім бекітілді.
  1999 жылы республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ашылды. 2011 жылы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
  Мемлекеттің тікелей қолдауымен елімізде 88-ден аса ұлттық мектеп, 170 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, онда ұлттық тілдер оқытылады. Ұлттық жаңғырту мектептерінде ана тілін оқыту бойынша бөлімдер ашылды. Оларға үкіметтен және жергілікті бюджеттен қаржылық көмек көрсетіледі. Республикада 14 орыс, өзбек және ұйғыр, кәріс, неміс театрлары жұмыс істейді.
  Бүгінгі күні елімізде ақпараттық алаңда 15 ұлттық тілде этномәдени орталықтардың 35 газеті мен 26 сайты бар.
  2018 жылы мемлекеттің тапсырмасы бойынша тарихшы ғалымдар, географтар және ақпараттық технологиялар мамандары бірлесіп «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасын дайындады. Электронды картада ежелгі заманнан бастап қазіргі уақытқа дейінгі қазақ жерінде қоныстанған этникалық үдерістер тарихы көрсетіліп, елуден астам этностар туралы қысқаша деректер мен мағлұматтар берілді.
  4. Қазақстандағы этносаралық тұрақтылықтың негізгі факторлары. Бүгінгі күні Қазақстан – бейбітшілік пен келісім сақталған, этностар өзара ынтымақта өмір сүріп жатқан бірегей мемлекет. Этносаралық келісім мен бейбітшілік аясында әлемде баламасыжоқ қазақстандық үлгі қалыптасып, қарқынды дамуда. Этносаяси мәселелер мемлекеттік ұлттық саясаттың өзегіне айналды. Ол мемлекетті қалыптастырушы қазақ ұлтына этносаралық келісім мен ынтымақтастықты сақтауға, өзге этностар құқықтарының шектелмеуіне деген жауапкершілігін жүктейді.
  Қазақ халқымен еліміздегі барлық этникалық диаспоралар бейбітшілік пен келісім негізінде полимәдени қоғам болып құрылды. Халқымыз ынтымақ, бірлік пен діни тұрақтылықты қорғауға бар күш-жігерін салады.
  Елімізде дәстүрлі сүнниттік исламның ханафи мәзһабы қабылданған. Ханафи мәзһабы – сүнниттік бағыттағы құқықтық ілім, жергілікті наным-сенімдер мен ғұрыптарға, дәстүрлі ұлттық мәдениетке төзімділігімен ерекшеленеді. Қазақстан өзінің ұлтаралық және дінаралық ынтымақтастығы тәжірибесімен исламның дау-жанжалға себепші емес екендігін дәлелдеуде.

Ынтымақ, бірлігі жарасқан Қазақстан халқы

  Олардың бәрі де қазақтың даласында ұлтымызбен бірге жасап келеді. Осыған орай, 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы барлық ұлттың бір-біріне және әсіресе қазақтарға алғыс айту күнін бекітуді ұсынған еді.

  5. Конфессияаралық қатынастар саласындағы саясат. Қазақстан көне заманнан бері сан алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Еліміздің тарихында дінаралық қақтығыстар мен жанжалдар орын алған емес. Бұл аймақ әртүрлі діндердің тоғысқан жері. Ежелден бері көптеген мешіттермен қатар, иудей синагогалары, христиан шіркеулері және будда храмдары қатар өмір сүрді. Олардың көпшілігі еліміздің аумағы арқылы өтетін Ұлы Жібек жолының бойындағы қалаларда орналасқан еді.
  Патша және Кеңес үкіметі дала тұрғындарына тән емес, өзгеше дін саясатын жүргізді.
  Ресей империясы отаршылдық саясатымен қоса православие дініне көшіруге үлкен көңіл бөлді. Христиан дінін кеңінен таратуға кедергі болған ислам дінін әлсірету саясатын да ұстанды. Дала қазақтарын шоқындыру мақсатында 1881 жылы Қырғыз миссиясы құрылған еді. Ол Семей облысының кеңбайтақ аймағындағы қазақтарды шоқындыруға кірісті. Көшпелі қазақ қауымы Қырғыз миссиясына қатты қарсылық көрсетті.
  Кеңес өкіметі әсіресе алғашқы онжылдықтарында, дінге тыйым салып, молдаларды қуғындаудың түрлі тәсілдерін пайдаланды, жер аудару шараларына дейін қолданды. Дінге қарсы саясат «атеизм» енгізілді.

  Қазіргі таңда Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мемлекеттің дінге қатысты саясатыконфессияаралық татулық пен төзімділікті нығайтуға бағытталған. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Жалпы екі нәрседен – діни фанатизм мен діни көрсоқырлықтан бірдей сақтанған жөн», – деп ескертеді.

Ізден
Кеңес заманында атеизмді қазақтар қалай қабылдады?

  Тәуелсіздік алысымен елімізде 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Заң қоғамдық тәртіпке нақты қатер төндіретін секталар мен ағымдарға қатысты либерализммен ерекшеленді. Заңда Қазақстан Республикасы әрбір азаматының наным-сенім бостандығы құрметтеліп, діни бірлестіктердің өзара сыйластық қарым-қатынасына негіз қаланды.
  1992 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен І Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өтті. 2011 жылы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» қабылданған жаңа заң бойынша еліміздің аумағында қызмет ететін барлық діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізу рәсімдері мен олардың қызметтерін реттеу қарастырылды. Қазақстанда дінтанушылар конгресі белсенді қызмет атқарады. 2014 жылы Дін істері агенттігі мен ҚМДБ, елдегі православие шіркеуі қоғамда үйлесім мен төзімділікті сақтау, ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.
  Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Конституция конфессионалдық, этникалық және өзге де белгілердегі кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады. Біздің мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды, діни сенімдерге құрметпен қарайды.
  Қазақстан адам құқықтары аясындағы маңызды халықаралық келісімдер мен шарттарға қосылды. Республиканың конфессионалдық саясатында діни төзімділік пен бейбітшілік басты ұстанымдар болып табылады.
  6. Қазақстан – дінаралық диалог орталығы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу жауапкершілігін алды. Елбасының игі бастамасын Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер секілді беделді саясаткерлер қолдады.

Талқыла
Түрлі дін өкілдерінің бейбіт өмір сүруі қоғам дамуына әсер ете ала ма?

  Дінаралық форумдардың қатысушылары – әлемнің ірі конфессиялары басшылары, белгілі саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу Қазақстанның ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті қолдау механизмдерінің бірі ретінде өркениет және мәдениетаралық диалогтің ғаламдық үдерісіне қосқан елеулі үлесі болып табылады.

  2006 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының конгресін өткізу мақсатында елордамызда арнайы Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида) салынды. Сарай түрлі діндердің, этностардың және мәдениеттердің әлемдік орталығына айналды. Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы осы Бейбітшілік пен келісім сарайында орналасқан.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайы

  Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы шетел мемлекеттерімен байланыстарды кеңейтіп, серіктестік орнатып келеді.
  Қазақстандық бірегей тәжірибе жаһандық деңгейде қолдау тапты, сондықтан елордамыз дін көшбасшыларының кездесетін орнына және диалог алаңына айналды. Қазіргі күні Қазақстан жаһандық деңгейдегі діндер мен өркениеттер диалогі ұстанымын бекіту туралы мәселені көтере отырып, Шығыс пен Батыс арасындағы көпірге айналып отыр.
  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі 2003 жылы 23–24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Форумның жұмысына Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Африканың 13 елінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, синтоизм, даосизм және басқа конфессиялардың, 17 діни ұйымдардың өкілдері қатысты.

  Съезде түрлі дін өкілдері әлем халықтарының бейбіт және лайықты өмір сүруі жолындағы ынтымақтастық пен бірлік идеяларының өзектілігін, оны іске асырудың қажеттілігін талқылады. Съезд шешімдері Декларацияда көрініс тапты, атап айтқанда, әділдік, ақиқат, имандылық, төзімділік сияқты рухани құндылықтарды уағыздау әрбір діннің мақсаты болуға тиіс деп атап көрсетілді. Діннің атын жамылып жасалатын экстремизм, лаңкестік және күш көрсету мен қаскүнемдіктің басқа да түрлерінің шынайы дінге еш қатысы жоқ екені айтылды.

Пікірің қажет
Съездердің Қазақстанда өтуінің әлем мемлекеттері үшін маңызы бар ма?

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының 17-отырысы. 2018 жыл

  Съездің үлкен жетістігі – Қазақстанның бүкіл әлем алдында шынайы қоғамдық және дінаралық келісім мен бірлікке қол жеткен ел ретінде танылуы еді. І съезд барысында қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұдайы түрде өткізу және оның жұмыс органы – Хатшылықты құру туралы шешім қабылдады.
  Съездердің жұмысы барысында адамзаттың өзекті мәселелері: «Діни және саяси басшылардың адамзат алдындағы жауапкершілігі»; «Діннің жастарға әсер ықпалы»; «Дін және саясаттың өзара әсерінің жаңа үдерістері мен перспективалары»; «Бейбітшілік, қауіпсіздік пен үйлесімділік үшін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасында өзара құрмет пен түсіністікке негізделген үнқатысу» деген тақырыптар төңірегінде жан-жақты пікір алмасылды.
  Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің тарихи маңызы зор. Қазақстан Еуразияның географиялық қана емес, жаһандық рухани-конфессионалды орталығына айналды. 2008 жылы АҚШ конгресмені Дана Рорабахер: «Қазақстан қазіргі таңда тек Азия орталығы емес, әлем орталығына айналды», – деп жоғары баға берді.

1. Көптілді саясаттың қандай артықшылықтары бар?
2. Бірнеше мемлекеттік тілдері бар елдерді атаңдар.
3. «Елдегі конфессияаралық бейбітшілікті қалай нығайтуға болады?» деген тақырыпта эссе жазыңдар.

Атеизм – құдайға, дінге сенбеушілік.
Доктрина – іс-әрекет жасауға бағыт беретін нақтылы нұсқаулар жиынтығы.
ҚМДБ – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Сепаратистер – өздері өмір сүріп отырған елден жеке мемлекет ретінде бөлініп шығуға немесе сол мемлекетке тиесілі аумақты басқа бір мемлекетке қосуға ұмтылған белгілі бір саяси топ.
Сунна, сунниттер (араб. – жол, іс-әрекет) – сүнетті ұстанушылар, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың үлгі-өнегесі мен өсиетіне сай ислам дініндегі адам орындайтын амалдар.

Джеймс Монро (1758–1831) – АҚШ-тың саяси және мемлекет қайраткері, бесінші президенті (1817–1825). 1823 жылы Монро доктринасы жарияланып, «Америка тек американдықтарға» қағидаты бойынша Америка және Еуропа бір-бірінің ішкі істеріне араласпауға тиісті деп атап көрсетілді. Монро қағидаты АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатында көптеген жылдар бойы пайдаланып келеді.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. Қосымша материалдарды пайдаланып, Ұлт доктринасы мен Монро қағидатына салыстырмалы талдау жасаңдар.

2-тапсырма. Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда тағы қандай бағдарламалар мен құжаттар қабылданғанын анықтаңдар.

3-тапсырма. Сабақта жинақтаған білімдеріңді қолданып, Қазақстандағы қазіргі діни ахуалға SWOT талдау жасаңдар.

  АСТАНА – ӘЛЕМ ДІНДЕРІ ҮНҚАТЫСУЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ
    (2003 жылдың қыркүйегінде өткен діни съезд жайлы ой)

  2003 жылғы 22–24 қыркүйекте Астанада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер лидерлерінің кең ауқымды халықаралық құрылтайының өткеніне де екі жыл болды. Бұл аз да, көп те емес. Әйтсе де осы бір ерен оқиғаға ой жүгіртіп, бағамдап, қорытындылайтын да мезгіл жеткен сияқты.
  Астанадағы жиынға дейін де мұндай форумдар әлемнің әр жерінде өтті. Бірақ олар санаулы ғана дін өкілдерін жинаудан аса алмады. Дей тұрғанмен жалпы осындай басқосулардың мақсаты – сан алуан өркениеттер мен мәдениеттер жағдайында адам баласының өзара тіл табысып, бірлік пен ынтымақта өмір сүруін баянды ету жолдарын қарастыру. Өйткені туындайтын проблемаларды шиеленістірмей шешуде дін қайраткерлерінің де қосар үлесі аз емес. Ал бұл ретте биік деңгейлі алқалы съезд өткізуге көпұлтты, бірнеше конфессиялы, ынтымағы мен бірлігі өзгеге үлгі Қазақстанның қолайлы да лайық болғандығы күмәнсіз еді.
  Астанадағы діни үнқатысуға дүниежүзінен 17 діни делегация және Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері, БҰҰ жанындағы Бүкіләлемдік діндер лидерлері кеңесінің президенті Шри Шри Сугендра Тиртха Свами Мадхавачгарьян, Жапонияның экс Премьер-министрі Цутому Хата, Италияның Ассизи қаласының бас министрі Томас Геремек һәм 250 отандық және 60-қа жуық шетелдік журналистер қатысты.
  Әлемде өркениеттер үнқатысуы көкейкесті мәселеге айналы отыр. Қазір біз мүдделердің кең көлемдегі қақтығысы мен өзара шиеленіскен күрделі мәселелер уақытында өмір сүрудеміз. Сол себепті де, – дейді дін қайраткерлері, – оларды реттеудің немесе жоюдың бірден-бір жолы – діндердің үнқатысуы. Өйткені дін – татулық пен ынтымақты сақтаудың үлкен кепілі де. Діндер тату болса, мемлекеттер де тыныш екені дәлелдеуді қажет етпейді.

Дербісәлі Ә. Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері. – Алматы, 2008, 201–204-беттер.

Астанада өткен діни үнқатысудың мәні мен маңызы неде?

×
×

Корзина