Бірінші бөлімге қорытынды

  Ежелгі заманнан бері Қазақстан бірегей өркениет үлгісі ретінде басқа аймақтардан айрықша ерекшеленеді. Еуропа мен Азияның тоғысында орналасқан Қазақстанның кең-байтақ даласында көшпелі және отырықшы мәдениет қатарласа дамыды. Қазақстан жері теңдесі жоқ дәулетті көшпелі малшаруашылығымен қатар, бай қала мәдениетінің де ошағы болды. Шығыс пен Батысты ұштастырған Ұлы Жібек жолында Қазақстан маңызды рөл атқарды. Дала мен қала өзара қарым-қатынастарында әлеуметтік-экономикалық байланыстары арқылы бір-бірінің мәдениетін байытты.
  Алайда ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың дәстүрлі шаруашылығы ХХ ғасырдың 20–30-жылдарында большевиктердің экономикалық саясаты нәтижесінде дағдарысқа ұшырады. Қазақ халқы дамуының табиғи үрдісі большевиктердің әрекеттерінен жасанды түрде бұзылып, оның зардаптары дәстүрлі шаруашылыққа үлкен апат-қасірет әкелді. Жер мен малдың нақты иесі ғасырлар бойы орын алып келген шаруашылық жүргізу тәсілінен шеттетіліп, оның орнына ұжымдық және мемлекеттік шаруашылықтар құрылды. Қуатты және дербес қожалықтардың мал-мүлкі тәркіленіп, мемлекет меншігіне өткізілді. Елдің экономикасы Кеңес мемлекеті мүддесіне орай дамыды. Экономикалық жүйенің басты қағидасы – жоспарлы экономика етіліп бекітілді.
  Кеңес одағы ыдыраған соң, Қазақстан нарықтық экономика жолымен дамуға бет алған тәуелсіз ел ретінде қалыптасты. Экономиканы мемлекеттің иелігінен алу және жекешелендіру бағдарламасы қабылданды. Шетелдік инвестицияларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту тетіктерінің құқықтық негіздері бекітілді. Банк және қаржы жүйесі реформалары жүзеге асырылды. Аграрлық салада колхоздар мен совхоздар фермерлік шаруашылықтарға айналдырылып, мемлекеттің монополиясы жойылды.
  2015 жылы Қазақстан ДСҰ құрамына еніп, әлемнің 185 елімен сауда қарым-қатынас жүргізді. Елімізде индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қабылданып, стратегиялық бағдарламалар бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі негізгі бағытымыз – бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру.
  Тәуелсіздік жылдары еліміз экономикалық, рухани-мәдени дамуында ірі жетістіктерге жетті.

×
×

Корзина