Қазақстанның Ресей құрамына енуі, 1822–1824 жылдары хандық биліктің жойылуы елімізде күрделі полиэтникалық құрамның қалыптасуына әкелді. Бір ғасыр шеңберінде қазақ өлкесінің моноэтникалық құрамы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі 30%-ға дейін түсіп кетті.
Сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе жеке халықтарды республика аймағына күштеп жер аударды. Ашаршылық пен қуғын-сүргін әсіресе қазақтардың кемуіне әкелді. Тың игеру жылдары КСРО-ның еуропалық бөлігі мен республикалардан елімізге жүздеген мың адам келіп қоныстанды.
КСРО ыдыраған алғашқы жылдары кері көші-қон үрдісі, еуропалық ұлттардың елімізден тарихи отандарына көшіп кетуі басталды. Осы жылдары республика халқының саны 16 793,1 мыңнан 14 886,8 мыңға түсіп, 11,5%-ға кеміді. Елден 811,3 мың адам көшіп кетті. 1991–2008 жылдары республикадан жалпы 3,5 млн адам көші-қон қозғалысына түсті. 90-жылдардың ортасында көші-қон үдерістердің негізгі себептерінде, экономикадағы дағдарыстан басқа, азаматтардың ең алдымен атамекенмен табысуы тұрды. Оның үстіне психологиялық фактор да басым еді: көптеген адамдардың тарихи отанында тұрып жатқан туыстарымен байланыстары үзіліп, ертеңгі күндеріне деген сенімдері жоғалды. Сондықтан бұл этностар өз елдеріне оралуға, тездетіп көшуге кірісті.
Тәуелсіздік жылдары республикаға 1 миллионнан аса қандастарымыздың оралуы халық санында қазақтардың үлес салмағын 70%-ға жеткізді. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған әлемдегі бірегей құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Елде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, рухани келісім форумдары өткізіліп келеді.