Домбыра – асыл мұра

1-тапсырма. Ойтолғау.

   Адамзаттың ақыл-ойымен және қолымен жасалған құндылықтардың барлығы мәдениет  деп аталады.

• Берілген суреттегілер неге мәдени мұраға жатады?
• Музыка өнеріне жататын өзіңе таныс қандай мәдени мұраларды атар едің?

2-тапсырма. Тыңдау және талқылау.

Ақсақ құлан

(қазақтың халық күйі)

   «Ақсақ құлан» аңыз күйі – халық арасына кең таралған асыл мұрамыздың бірі. Күйдің қысқаша мазмұнын есіңе түсір.
   «Ертеде аң аулауға шыққан хан баласы мертігіп, қайтыс болады. Хан: «Ұлымның қазасын айтқан адамның көмейіне қорғасын құямын», – деп жарлық шығарады. Қаралы хабарды жеткізуге ешкімнің батылы жетпейді. Сонда бір қарт домбырашы хан баласының өлімін күй арқылы естіртеді. Күй арқылы баласының өлімін естіген хан домбыраның шанағына қорғасын құяды».

• Бейнетаспадан белгілі күйші Мағауия Хамзиннің жеке орындауында «Ақсақ құлан» күйінен үзінді тыңда.
• «Тұран» этнофольклорлық ансамблінің орындауындағы «Ақсақ құлан» күйін мұқият тыңдап, бейнебаянға зейін салып қара.
• Екі нұсқадағы күйдің орындалу ерекшеліктерін сипатта.
• «Ақсақ құлан» күйі мазмұнының негізгі түйіні неде (құландардың шабысы, садақтың атылуы, домбыраға қорғасын құйылуы, қазалы хабарды домбыра тілімен жеткізуі)? Сен таңдаған жауаптың қайсысы домбыраның ұлылығын көрсете алады?

   Президенттің Жарлығымен 2018 жылдан бастап домбыра аспабына көрсетілген құрмет ретінде шілде айының бірінші жексенбісі мемлекеттік деңгейде тойланатын «Домбыра күні» мерекесі болып белгіленді.

3-тапсырма. Әнді орындау.

Домбыра болып сөйледім

Өлеңін жазған: Б. Қарағызұлы
Әнін жазған: И. Елубаева

1. Ей, домбыра!
Бабамнан қалған үні едің,
Тәңірге аян тілегі.
Аңыра, ағыл, домбыра,
Қазақтың бағы, жүрегі.
Төгілткен жанның жаңбырын,
Егілткен бойдан жан мұңын,
Қазақтың ары-намысы,
Домбырам – менің тағдырым.
Ақ дұға дарып халқынан,
Ақ дыбыс нұры шалқыған.
Шырқалды көк ту астында
Әнұран болып алтын ән.
Е-е-е-е-ей, әнұран болып алтын ән.

2. Ай! Қазағым!
Аталы сөзге тоқтаған,
Қайранда, қайран сақ бабам.
Алдаспан сүйіп серт етіп,
Атаның салтын сақтаған.
Жар болып жалғыз Жаратқан,
Төгілді күй, ән шанақтан.
Айға да жетті айбоз ұл,
Арайлап атып әр ақ таң.
Кейде түн көңілім, кейде күн,
Мәртебем биік, ей, менің.
Абыз тіліммен дәуірге,
Домбыра болып сөйледім.
О-о-о-оу!
Домбыра болып сөйледім.

• Ән мазмұнына мән беріп, жазылу формасын анықта (шумақ-қайырма, шумақ).

• Орындаушылық ерекшеліктерін ата (Қай жанрға жақын?).

• Әнді үйрен және көркем орында.

4-тапсырма. Шығармашылық жұмыс.

Шешендік өнер (ойын сайыс)

Бейнебаянда музыкалық аспаптар шеберінің домбыра жасаудағы өнері көрсетілген.

Сайысқа қатысатындар: 1-топ – әділқазылар, 2-топ, 3-топ – қатысушылар.

Сайыс шарттары:

1. Сайысқа қатысушылар бейнебаянды бір рет көреді де, өз тобымен домбыра аспабының құралымын жазады.

2. Әр топ өзінің ішінен сөз шеберін таңдайды. Сөз шебері (шешен) бейнебаянды көре отырып, аспаптың жасалу тәсілін тоқтамай, мәнерлеп, мағыналы баяндай отырып жеткізуі керек.

5-тапсырма. Бағалау.

Әділқазылар шарт талаптарына сәйкес әр аталған домбыра аспабының құрылымына ұпай береді. Шешендік өнерсайысындағы сөз шеберлерін бағалайды.

×
×

Корзина