Көне қобыз сарыны

1-тапсырма. Талқылау.

Ұлттық мәдени мұрамыздың ішінде қобыз аспабының алатын орны ерекше. Қобыз – скрипка, виолончель сияқты еуропалық ыспалы аспаптардың арғы атасы болып саналады. Қобыздың жасалуына шеберлер аса үлкен мән берген. Мысалы, жазушы І. Жақанов атақты қобызшы Ықыласқа арнаған шығармасында қобыздың жасалуын өте көркем суреттеген. Шығармадан берілген үзіндіні оқып, қобыздың жасалу тәсілін сипатта.

Ықылас

(«Ықылас» романынан үзінді) Ілия Жақанов

   Ықыластың атасы Алтынбек үш жыл бұрын Тоқ-моқ базарынан бұж-бұж безі бар діңгектер әкелді. Оны үш жыл кептіріп, діңгектерді жеке-жеке ұрып көрді.
– Жоқ! Үні әлі маңқа. Кепкен жоқ!
Уақыты келгенде атасы шанақты ойып, оны үңгуге кірісті. Еш асықпай үңгіді. Атасы сөзден тыйылды. Нағыз үндеместің өзіне айналды. Бір күні ол жымиып:
– Енді шанаққа ыстық күл саламыз.
Шанақтың күлін төгіп тастаған соң, атасы:
– Қане, ұстап көріңдерші! – деді.
– Жеңіл! – деді әкесі аршаны салмақтап көріп.
– Жеп-жеңіл, – деп Ықылас таңғалды.
– Маған кесенің не аққұманның сынығы керек! Әкеле ғой, Ықылас!
Атасы шыны сынығымен қобыздың сыртын ысылдатып қырды, жылтыратты!
– Дүкен, мынамен қобызды ысқыла. Ықылас, сен де!
Үшеуі ескі киізбен қобызды шиқылдата ысқылады. Атасы шанақтың бетіне көнді керіп қондырды.
– Енді қыл керек!
Атасы, әкесі – үшеуі жылқы ішін ұзақ аралады.
– Кәрі биеге жолама, Ықылас.
– Білем, әке. Оның қылы жарықшақтанып, үзілгіш келеді.
– Мықты, әлді жылқыдан ал. Ол берік, жұмыр болады.
Асаулардың қылы қолына тиген де, атасы риза болып, оны тұзды суға малып:
– Ширасын! – деп жеті күн күтті. Бұл іске де көңілі толды.

– Маған енді тиекті әкел.
Атасы шанақ бетіндегі көнге тиекті отырғызды.
Зың еткен дыбысты тыңдай қалып:
– Көрдің бе, балам, тиек дірілді шанақтың екі қабырғасына берді. Тыңдашы, ашық, сазды үн! Таза! Бұрап көрші, Ықылас! – деді.
Ықылас қобыздың құлағын үш-төрт күн ауық-ауық бұрады. Ол бір айға созылды. ЬІқылас тағатсыздана күтті. Бірақ атасының сөзі – сөз! Бір айда қыл бекіді. Атасының көңілі тасыды.
– Ә, неше жылғы бейнетім! Зейнет болшы енді сен, –  деді атасы.
Ықылас бала кезінен қобыз аспабына, Қорқыт атасының күйлеріне қызықты. Бір күні Ықылас түс көреді. Түсінде Қорқыт атасы Ықыласқа қобыз береді…

   Шанақ – қобыздың негізгі бөлігі.
   Арша – хош иісті, ақ, қызғылт түсті, жасыл ағаш.
   Ағашты үңгу – ағашты құралмен ою.
   Діңгек – ағаштың кесілген бір бөлігі.

• Алтынбек ұста қобыз жасағанда қай ағаштың түрін пайдаланған?
• Шанақты қалай ойған?
• Қобыздың бетін қай малдың терісімен қаптаған?
• Қобыздың ішегі қалай жасалған?
• Дыбыс шығару үшін шанақ пен ішектің арасында не орналасады?
• Ысқышты неден жасаған?
• Ықыластың түсіне енген Қорқыт туралы не білесің?

   Қобыз аспабы Қорқыт ата есімімен қатар аталады. Қорқыт ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, ғұлама ойшыл, күйші, жырау. Қорқыт есімі ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

   Ықылас Дүкенұлы (1843–1916) – композитор, күйші, қобызшы. Жезқазған облысында дүниеге келген. Қобыз өнерін заманымызға жеткізген ұлы күйші. Ықыластың «Жезкиік», «Аққу», «Қасқыр», «Ерден» күйлері күні бүгінге дейін үлкен сахналарда орындалады.

2-тапсырма. Тыңдау.

Жезкиік

Ықыластың күйі

• Ықыластың «Жезкиік» күйін екі нұсқадан да тыңда (жеке қобыз, оркестр).
• Екі орындаудағы киік бейнесін қалай елестетер едің (тастан тасқа секіріп ойнақтайды, желіп жүреді, жайылымда жүр)?

3-тапсырма. Орындау.

«Жезкиік» күйінен үзіндіні ля буынына салып орында.

4-тапсырма. Шығармашылық жұмыс.

   Екі топқа бөлініңдер.
1-топ. «Жезкиік» күйін нотаға қарап, ля буынымен айтады.
2-топ. Берілген үлгіге қарап, күй ырғағын соғады.

5-тапсырма. Бағалау.

Әр топ өз тапсырмаларын таныстырады және бірін-бірі бағалайды.

×
×

Корзина