«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» – ТАРИХ ПЕ БОЛАШАҚТЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ

1. Сұрақтарға жауап бер.

1) «Мәңгілік ел» деген сөздің мағынасын қалай түсінесің? Оның көне түркі ескерткіштерімен қандай байланысы бар?
2) Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен таныссың ба? Ол жайында не білесің?

2. Төмендегі суретке қарап, «Ұлы даланың жеті қыры» туралы шағын мәтін құрап жаз.

                                          Шешендік сөзге қойылатын талаптар

      Шешендiк сөзде оның адамға эстетикалық, этикалық жағынан әсер етуiмен бiрге, тәрбиелiк, тағылымдық мәнi де жоғары болуы қажет.
      Шешендік сөздiң сапасы үш мәселеге айрықша назар аударуды талап
етедi: 1) сөйлеу стилi; 2) сөзге қойылатын негiзгi талаптарды сақтауы; 3) сөз мәнерлiлiгiн арттыратын тілдік құралдардың қолданылуы. Әрбiр шешеннiң жеке өзiне тән, оның сөйлеуiндегi өзiндiк ерекшелiктерiн айқындайтын, танытатын, сөйлеу дағдысын аңғартатын стилi болады. Ол үздiксiз iзденудiң, шешендiктiң үздiк үлгiлерiн оқып-үйренудiң нәтижесiнде қалыптасады.
Шешендік сөзге қойылатын талаптар:
– сөз мазмұнының тереңдiгi;
– ойдың жүйелi берiлуi;
– пiкiрдiң дәйектiлiгi, дәлелдiлiгi;
– сөз мағыналарының дұрыс қолданылуы;
– сөздiк қордың байлығы;
– мақал-мәтелдер мен тұрақты тiркестердiң орынды кіріктірілуі және т.б.
                                                                                                                                            «Шешендік өнер» кітабынан

3. Теориялық материалдан шешендік сөзге қатысты ғылыми терминдерді теріп жазып, олардың мағынасын сөздіктің көмегімен анықтаңдар.

4. Майқы би айтқан шешендік сөздердің көркемдік ерекшелігіне сипатта- ма бер. Мазмұнын өз сөзіңмен әңгімелеп айт.

     Майқы би айтыпты дейтін, ел есінде сақталып, мақал, нақылға айналып кеткен аталы сөздерден адамгершілік, ар-намыс, ел бірлігін сақтау самалы есіп тұрады. Ондай ойлы, сары алтындай салмақты сөздердің көбісі өз тұсындағы хандарға, би, бектерге бағыштай айтылғаны да аңғарылады. Сондай нақылдардың ел аузынан хатқа түскені мыналар:

Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Жаман еркек жер қадірін білмес,
Жайсыз әйел ер қадірін білмес.
Жалқау адам тер қадірін білмес,
Жетесіз жігіт ел қадірін білмес.

Бірлік түбі – береке,
Береке түбі – мереке.
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,
Ел болуды ойлаңдар.

                                   «Қазақтың би-шешендері» кітабынан

5. Төмендегі суреттерге назар аудара отырып, мәтінді мұқият тыңда. Қажетті мәліметтерді жазып ал.

6. Қосымша ақпарат көздеріндегі ғылыми деректерге сүйене отырып, атқа міну мәдениеті мен ежелгі металлургияның қазақ жерінен бастау алатынын дәлелдеп беріңдер.

7. Тыңдалым мәтіні бойынша екі тезис жаз. Тыныс белгілерінің қойылуына мән бер.

8. Мәтінді мәнерлеп оқы. Мәтіндегі ақпараттарға қатысты қосымша мәлімет жинап, оларды салыстыр.

                                              Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны

    Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы дәмді жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі «Алматы» деп аталды.
    Қазақстан аумағындағы Шу-Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау ерекше гүлдер әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.
    Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі.

                                                                                                          Н. Назарбаев. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан

9. Мәтін мазмұны бойынша аннотация жазыңдар.

10. «Нағыз шешен». Мәтіндегі негізгі деректерді пайдаланып, шешендік сөз мәтінін құрап жаз. Оның тақырыбы мен қайда сөйленетінін өздерің таңдаңдар. Сыныпта бір-біріңнің сөздеріңді тыңдап, ең үздік шешен оқушыны анықтаңдар.

                                                        Ойталқы

    Ойталқы (дискуссия) (discussion – латын тілінен аударғанда «зерттеу», «таласу», «талдау» деген мағынаны білдіреді) – белгілі бір мәселені арнайы жиылған топ алдында талқылайтын полилогтік сөз түрі. Мақсаты – өзекті мәселе төңірегінде әртүрлі көзқарастарды талқылай отырып, сол мәселені шешу мүмкіндіктерін қарастыру. Онда ортақ бір шешімге келу міндетті емес. Бірақ сол айтылғандардың негізінде бір түйін жасалады.
   Ойталқыда ғылыми не қоғамдық тақырып төңірегінде пікір таластары жүреді. Бір мәселе жөнінде ой, идея алмасатын адамдар тобының арасындағы таласты мәселе проблемалық сипатқа ие болады. Сондықтан оған қатысушыларға қорғануға да, қарсы пікір айтуғада ерік беріледі. Сөйлеушілердің оң немесе теріс пікір беруіне шек қойылмайды.
   Белгілі бір мақсатты көздеп, арнайы тақырыпта айтылатын ой талқылауға ұсынылу үшін, әрине, онда жеке адам баяндама жасайды.
   Ойталқының түрлеріне ғылыми диссертациялар қорғайтын кеңес мәжілістері, белгілі бір шығарманы талқылау жиындары жатады. Ойталқыға қатысушылар талқыланатын мәселе жөнінде өз еріктерімен сөйлейді. Талас полилог түрінде өтеді. Төраға талқылауға ұсынылатын тақырыпқа қысқаша түсінік береді. Ойталқыға кемінде үштен бастап он-он бес адамға дейін қатысады.
   Әр сөйлеуші баяндама жөнінде пікірін тікелей (дербес) айтуына құқылы. Онда біреуді мақұлдау міндетті емес.
P.S.: Ойталқыда баяндамашы айтылған пікірлерге жауап береді. Түйінді сөзді төраға қорытады.

                                              «Сөйлей білу – өнер» кітабынан

11. «Рухани жаңғыру» идеясы қалай жүзеге асады?» тақырыбында ойталқы ұйымдастырыңдар. Ойталқыға дайындық барысында осы тақырыпқа қатысты еңбектерді қарап шығыңдар.

12. Алматының алмасы немесе қызғалдақтар туралы өнер туындылары (өлең, ән, сурет және т.б.) бойынша шағын көрме ұйымдастырыңдар. Өзің қосқан экспонатты таныстыр. Шешендік сөзге қажетті көркемдегіш құралдарды (троптар, мақал-мәтелдер, фразеологизмдер және т.б.) қолдан.

13. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын басшылыққа алып және өзге де дереккөздерді қолданып, өзің қалаған бір қыры бойынша тұсаукесер жаса. Тұсаукесерге қойылатын талаптар: – тақырып ашылуы керек; – 4–5 слайд болуы қажет; – таныстырылым шешендік сөз түрінде (1,5–2 минуттық) болуы тиіс.

14. Сабақ тақырыбы бойынша өз тұжырымыңды жаз. Тұжырым көлемі 55–60 сөз болуы керек.

×
×

Корзина