Айтыс – пiкiрталастың өнер деңгейіне көтерілген өзгеше түрі. Сонау көне замандардан берi қарай жалғасып келе жатқан айтыс – сөз өнерiнiң, ой жарысының, сөз додасының мейлiнше көркем де күрделi, әсерлі де айшықты нұсқасы.
Пікірталастың бiр түрi болғандықтан, оған тән жалпы заңдылықтар айтыс кезінде де сақталады. Мысалы, айтысушылардың өзiндiк ой-көзқарастарын қорғауы, қарсыласын сынауы, сөз орамдарын қорғану құралы ретiнде тиiмдi пайдалануы, ұтқыр ой мен өткiр тiлдi қолдану шеберлiгiне ұмтылыс және т.б. айтыскер үшiн де маңызды.
Айтыскерлер – тыңдаушылардың, қалың қауымның көкейiндегi ойды жеткiзушi ел өкiлдерi. Олар қоғамда қалыптасқан пiкiрлерді ашық айтады. Жалған сөз, артық мақтан айтыскердi орға жықса, батылдық, өр мiнез, әдемi әдеп оның беделiн биiктетiп, кең танылуына әсер етедi.
Қазіргі айтыс жанрларында көне заманнан жалғасып жатқан дәстүрлер сақталғанмен, сөз мазмұны жаңа дәуiрдегi өзекті де келелі мәселелерге құрылады.
Айтыс соңғы жылдары даталы күндерге, ұлттық мейрамдарға арналып не белгiлi қоғам қайраткерлерiнiң, елге танымал тұлғалардың құрметiне орай ұйымдастырылып жүр.
Қазақ айтысындағы ең басты ерекшелiк – оның өлеңмен өрiлуi, саз аспабымен сүйемелденiп, әнмен, әуенмен астасуы. Бұл – айтыстың әсерлiлiгiн арттыра түседi, тыңдарманға жағымды көңiл күй сыйлайды. Әрине, айтыскердiң дауысы, ән айту қабiлетi қанша ғажап болса да, тыңдаушының күтетiнi – терең мағыналы, дәйектi сөз, салмақты ой, сөздi ұйқастыра, ұйыстыра бiлер шешендiк.
«Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы» басылымынан
Ә с е л х а н Қ а л ы б е к о в а :
Тілі жоқ күш қарулар жарылуда,
Полигон Қызылқұмда, Сарықұмда.
Исатай, Махамбеттей батыр болған,
Полигон Еділ, Жайық, Нарыныңда.
Полигон Сарыөзек пен Семейімде,
Сау жер жоқ, бәрін тізіп берейін бе?
Көк жалын күндіз-түні күркірейді,
Бұрқылдап Байқоңырдың көмейінде …
И м а н ғ а з ы Н ұ р а х м е т ұ л ы :
…Байқоңырдан «протон» ұшырғандар,
Арқаға құлатады үйінді ғып,
Құлаған протондар сұмдығымен,
Халықты жылатады күйіндіріп.
Бұл күнде протонның аты аталса,
Миынан өтеді елдің құйын жүріп …
«Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты»
электрондық оқулығынан
Ұл балаға берілетін бата
Ақылшы бол, дана бол,
Адасқанға пана бол.
Өркенің өссін, өрісің кеңейсін,
Ат жалын тартып мініп,
Халқыңның қамын жегейсің.
Құдай тілеуіңді беріп, бағыңды ашсын,
Талабың көкке өрлей берсін!
Әумин!
Қыз балаға берілетін бата
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Қылықты амал берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын.
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын.
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Әумин!
«Алаш айнасы» газетінен
Асылы, айтыста күй таңдалынбайды. Айтыс ақындары қандай жерде, қандай жағдайда кездессе де, бiр-бiрiмен ұстасып, айтыса кететiн қызық, тосын жайлары да болған.
Сондай сыры да, салты да қызық айтыстарға Жамбылдың Бөлек байдың қызымен бетпе-бет, ашық аспан астында, көш бойында айтысуы жатады. 1870 жылдың орта тұсында жас Жамбыл Iле өзенiнiң солтүстiк- шығыс жағындағы Алтынемел тауындағы жалайыр руларының арасына барады, той-тамашаларға қатысады. Жамбылдың елге қайтатын уақыты болады. Жолда тауға беттеп бара жатқан Бөлек деген дәулеттi адамның көшiне кездеседi. Көш бастаған сұлу қыз әрi ақын дегендi Жамбыл қырда жүрген қойшылардан естидi. Ақын көрсе, әсiресе ақын қыз көрсе, арқасы қозып, өлең айтқысы келiп, шабыттанып кететiн жас Жамбыл әлгi көштiң бара жатқан бағытына бұрылады. Әрi қарай Жамбылдың өзi
былай дейдi: «Шеңгелдiден Қарашоқыға қарай бет алған қалың көшке жолықтым. Көш алдында тоғыз түйе жетелеген, құла қасқа атты қызға көзiм түстi. Ер-тұрманы саф күмiс, кигенi дүрия-торғын, салтанатты қыз екен. Не де болса, қатарласа жүргiм келдi. Жетегiмдегi торы шолақты қамшылап жiберiп, қызға қатарласа кеттiм. Бiр-екi рет салқын қарап қойды да, қыз өлеңдi қоя бердi. Бiраз айтысып едiк, шешесi тоғыз берiп тоқтатып қойды».
Жамбыл мен Бөлектiң қызының арасындағы айтыстың басталуы, беташары қандай қызық болса, оның аяқталуы да сондай ерекше. Жүрiп бара жатқан көштiң бойында қыз бен Жамбылдың жарыса айтысуы – халықтық ғажап дәстүр! Көш тауға беттеп бара жатыр: Жамбыл өлеңдi тау-тасты жаңғырықтырып, бастап кетедi. Бұл не деген салт?! Сiрә, қазақтардың «Сөз өнерi – аспан мен жердiң арасын жалғастырушы киелi күш» деп санауларына байланысты шығар?! Олардың ұғымынша, қай жерде өлең естiлсе, сол жерде басқа қозғалысқа рұқсат етiлмейдi.
«Көштi тоқтатып қойып, көлденең көк аттымен айтысқаның қалай?» – деп Бөлек қызына өкпе-наз айта алмайды.
Сөз өнерiн қастерлеу дегенде, осындай өмiрден алынған мысалдарды атаймыз.
С. Садырбаев
Дерек пен дәйек
• И. Сталин 1947 жылдың тамызында полигонды құру қаулысына қол қойды.
• 1949 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағы Шығыс Қазақстандағы Семей ядролық полигонында бірінші атом бомбасының сынағын өткізді.
• 1991 жылдың 29 тамызында Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаев өзінің Жарлығымен Кеңес Одағы құлауға төрт ай қалғанда Семей ядролық полигонын жапты.
• 1991 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан мен АҚШ кең ауқымды дипломатиялық қарым-қатынастар орната бастады. Қазақстандағы ядролық арсеналдың тағдырына қатысты мәселе екі ел басшылары үшін маңызды болды.
• 1991 жылдың 30 желтоқсанынан бастап, Кеңес Одағы формалды түрде өзінің өмір сүруін тоқтатты. Қазақстан 370 ядролық оқтұмсықты Х-55 қанатты зымырандармен жарақтандырылған 40-қа тарта ТУ-95 ауыр бомбалаушы эскадронға; әрқайсысының тротилдік баламасының қуаты 1 мегатонна болатын 1040 ядролық оқтұмсықты құрайтын әлемдегі 4-ші ядролық арсеналға ие болды.
• 1994 жылдың 14 ақпанында Президент Н.Назарбаев ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа Қазақстанформалды қосылатын ратификациялық құжаттарды Вашингтонда, Президент Б. Клинтонға табыс етті.
• 1996 жылдың 21 сәуірінде республика аумағынан 1216 дана ядролық қару-жарақты алып кету үдерісі аяқталды.
«Егемен Қазақстан» газетінен
1) Бүгін не үйрендің?
2) Сабақ бойынша қандай сұрақтарың бар?
3) Келесі сабақта қандай мәселелерге баса назар аудару керек?