СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН
(1894–1938)

  Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин 1894 жылы Қарағанды облысының Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Алғашқы білімін ауыл молдасынан алған Сәкен Сейфуллинді әкесі 1905–1908 жылдары Нілді зауытындағы орыс-қазақ мектебінде оқытады. Ол 1908–1910 жылдары білімін Ақмола (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласындағы приходская мектебінде жалғастырады. 1910–1913 қалалық училищеде оқиды. Ал 1913–1916 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Осы кездері ол «Бірлік» ұйымының жұмысына қатысып, қазақ жастарына сабақ берген. 

1917–1918 жылдары «Жас қазақ» ұйымын құрып, «Тіршілік» деген газет шығарды. 1918 жылы атаман Анненковтың азап вагонында тұтқында болады. Жазушы өз өмірінің осы кезеңін «Тар жол, тайғақ кешу» романында суреттейді. 1920–1925 жылдары Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болып қызмет атқарған.
  1925 жылы Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының (ҚазАПП) басшысы болып тағайындалды. 1927 жылы шыққан «Жыл құсы» альманағына басшылық етті. «Жаңа әдебиет» журналын ашуға (1928) атсалысты. 1932 жылы «Әдебиет майданы» журналының редакторы қызметін атқарды. Басшылық жасаған жылдары ол өзі басқарған мекемедегі барлық ісқағаздарды қазақ тілінде жүргізуді жолға қойған.
  С. Сейфуллиннің «Өткен күндер» деген алғашқы жыр жинағы 1914 жылы Қазан қаласында жарыққа шыққан. «Асығып тез аттандық», «Кел, жігіттер», «Жас қазақ марсельезасы» деген саяси тақырыптағы өлеңдерімен қатар «Туған жерім, өз елім», «Нұра», «Жайлауға көшу», «Қоштасқан жер», «Сағыну», «Далада», «Жазғы түнде» сияқты көптеген лирикалық өлеңдері халық арасында танымал. С. Сейфуллин – өз дәуірінде қазақ лирика жанрына жаңалық әкелген ақын. Өлең құрылысы мен тақырыптық ерекшеліктері жағынан да ақын лирикасында өзіндік қолтаңбасы айқын көрінеді.

  С. Сейфуллин жан-жақты өнер адамы болған. Оның өлеңдерімен қатар әндері де («Көкшетау», «Біздің жақта», «Тау ішінде») халық арасында кеңінен тараған. С. Сейфуллиннің «Көкшетау», «Аққудың айырылуы», «Альбатрос», «Қызыл ат», «Социалистан», «Лашын әңгімесі», «Советстан» және тағы да бірнеше поэмасы бар. Ақын поэмаларында әртүрлі тақырыптарды көтерген. Жаңа мен ескінің күресі тақырыбындағы шығармалары өте жоғары бағаланған. «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» пьесалары – алғашқы қазақ драматургиясы ретінде танылған туындылар. «Бақыт жолында» пьесасы жаңа өмірге қадам басқан жастардың жарқын болашағы туралы. «Қызыл сұңқарлар» пьесасында ел басына қиындық туғанда өз өмірлерін бостандық жолында құрбандыққа шалуға дайын жас қазақтар туралы айтылады. 1927 жылы «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи мемуарлық романы жарық көрді. Роман қазақ әдебиетіндегі алғашқы мемуар жанрындағы шығарма болуымен құнды. 1922 жылы жазылған «Айша» повесі 1935 жылы өңделіп, қайтадан жарыққа шықты. Повесте қазақ қызының ауыр тағдыры бейнеленеді. Айша – басына түскен қиындықты жұмысшылардың қолдауымен шешкен қазақ қызы. Бұл шығарма да жазушының өзі өмір сүріп отырған кезеңнің шындығын көрсетуімен ерекшеленеді. «Жер қазғандар» повесі 1928 жылы жазылған. Мұнда теміржол салушы жұмысшы қазақтардың тағдыры суреттеледі. Ауыр еңбек пен болашаққа деген үміт туралы шығарма тақырыбы да қазақ әдебиетінде өз кезінде тың жаңалық болды. «Бандыны қуған Хамит», «Жұбату», «Қыр балалары», «Сырын білмей – сыртына сенбе», «Екі кездесу», «Омар» т.б. әңгімелері бар. Жазушының көптеген публицистикалық мақалалары мен қазақ фольклоры тарихына арналған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Қазақ әдебиеті» (1932), «Батырлар» (1933) атты зерттеу кітаптары қазақ әдебиеті тарихындағы танымал ғылыми еңбектер ретінде бағаланады.
  С. Сейфуллиннің өмірі мен шығармалары туралы С. Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ. Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, Ә. Тәжібаев, А. Тоқмағанбетов, Қ. Бекхожин тағы басқа ақындардың поэмалары, Е. Ысмайылов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев сияқты ғалымдардың әдеби зерттеулері, естеліктері жарық көрген. 1937 жылы «халық жауы» деген саяси жала жабылып, 1938 жылы ату жазасына кесілген. Сәкен Сейфуллин 1958 жылы ақталған.

  Сәкен еңбегіне сыншы да, тарихшы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберсек, өзгеде жоқ екі түрлі қасиеті басымдап айқындала шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі – ақындық тәкаппарлығы.

Мұхтар Әуезов

  Сәкенді қызылдар жағында, ал біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізден гөрі әлдеқайда ұлтшыл еді.


Әлімхан Ермеков

  Тұла бойы тұнып тұрған ақындық еді, қара тырнағына шейін ақындық үшін жаратылған. Сәкен – қазақ совет әдебиетінің негізін бірден-бір қалаушы, көшбасшысы болды. Тарих оған жүктеген міндетті ешқайсымыз атқарған жоқпыз. Тарихқа зорлық жүрмейді.


Ғабит Мүсірепов

АЛЛЕГОРИЯ (ежелгі грекше, аллегория – пернелеп айту), пернелеу – оқырманның санасына, қиялына ерекше әсер ететіндей образ жасаудың бейнелеуші құралы, көркемдік тәсіл. Аллегорлау – көркемдік тәсілдердің ең көнесі. Мы с а л ы : түлкі – қулық, арыстан – зорлық, қасқыр – қастық, қоян – сужүректік, есек – ақымақтық, аққу – адалдық, махаббат т.б. түрінде бейнеленетін кейіпкерлерде адамдарға тән мінез пернелеп айтылса да, бірден санаға, қиялға әсер етіп, көз алдыңа елестейді.
СИМВОЛ – әдебиетте ойды астарлап, басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне. Жалпы халықтық тілде кездесетін символда бір нәрсені өз қалпынан басқаша сипатта көрсетіп, сондай-ақ нақтылы бір затты, нәрсені екінші нәрсенің не ұғымның жай баламасы ретінде алу арқылы жасалады. Мы с а л ы , гүл – жастықтың, ал көгершін бейбітшілік символы ретінде алынады. Бұл жағынан символ аллегорияға өте жақын келеді.


Зәки Ахметов

×
×

Корзина