МҰНАЙ ӨНДІРІСІ: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

1. Сұрақтарға жауап бер.

1) Мұнайдан қандай өнімдер алынады?
2) Қазіргі таңда мұнайдың орнына қандай энергия көздерін пайдалануға болады?
3) Еліміздегі ең көне мұнай кен орнын білесің бе?
4) Мұнайды дайын өнім ретінде шығару үшін не істеуге болады?
5) Әлемдегі мұнай алпауыттары қай елдерде орналасқан? Картадан көрсет.

2. Мәтінді тыңда. Термин сөздер мен ерекше тілдік оралымдарды жазып, түсініктемесін тап.

3. Үштік жұмыс. Тыңдалым мәтініне байланысты талқылау сұрақтарын құрастырып, сол сұрақтарға жауап беріңдер.

«А» оқушы – сұрақ құрастырады.
«В» оқушы – жауап береді.
«С» оқушы – сұрақтың дұрыс қойылуы мен жауаптың дұрыс болуын
қадағалайды. Қатесін түзетіп отырады.

4. Мәтінге тақырып қойып, автордың басты идеясын анықта.

5. Тыңдалым мәтіні бойынша «Дұрыс/бұрыс» ойынын ойнаңдар. Мәтін мазмұнына сәйкес келетін 5 сөйлем, жалған ақпарат болатын 5 сөйлем құраңдар. Жұптар оқып, дұрыс-бұрысын анықтайды. Өзара бағалаңдар.

6. Мәтінді қайта тыңдап, негізгі ақпараттарды іріктеп жаз.

7. Мәтінді оқып, термин сөздерге талдау жасаңдар.

    Бүгінде жер беті мен табиғи орта қарқынды түрде ластанып жатыр. Өнім өндіру төмендегенімен, қоршаған ортаның ластануы кеміген жоқ. Себебі нарықтық қатынастар жағдайында табиғатты қорғауға бөлінетін қаражат шығыны бұрынғысынан да үнемделе түсті.
   Пайдаланылмайтын ілеспе мұнайлы газ жанатын алаулар да (факельдер) экологиялық тұрғыдан қауіпті. Осындай қауіпті нысандарда өнім өндіру кезінде кездесетін зиянның алдын алу үшін мұнайды жинау және тасымалдау жүйесі бекітілуі тиіс. Бу және газ құбырларының ақауынан болатын апаттар жерді, топырақты, суды ластап, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Уақытша көлік жолдары, теміржолдар мен су жүйесі, әртүрлі мақсаттағы құбырлар бір-бірінен алыс орналасқандықтан, мұнай өндірісіне бөлінетін жердің жалпы аумағы өте үлкен болады. Сондықтан мұнай өндіру нысандары едәуір аймақты алып жатады.
     Табиғатқа зиянды әсері бойынша мұнай өндірісі халықшаруашылығы салаларының ішінде алдыңғы орында тұр. Ол жер бетін, атмосфера мен гидросфераны және геологиялық ортаны ластайды.
    Мұнай кешенінің құрамында 40-тан астам ластаушы зат бар, олар қоршаған ортаға кері әсер ету жылдамдығы және әртүрлілігімен сипатталады. Мұнай саласының кәсіпорындары мұнай өңдеуде, мұнайдан алынатын органикалық заттарды синтездеуде де табиғат аясына белгілі бір мөлшерде залалын келтіреді.
Мұнай өндірісі (барлау, бұрғылау, өндіру, қайта өңдеу, тасымалдау) қоршаған ортаға, топыраққа, өсімдік және жануарлар әлеміне айтарлықтай ықпал етеді.
    Қазіргі таңда экологиялық жағдай әрбір адамға тікелей де, жанама түрде де әсер ететін әлеуметтік-экономикалық мәселенің біріне айналыпотыр.


М. Диаров

8. Мәтіннің әр абзацы бойынша тезис жаз.

9. Ғылыми мақаладан өзіңе ой салған автор сөзін жазып ал. Оны дәйексөз ретінде келтіріп, шағын мәтін құрап жаз. Оған сілтеме жаса. Сілтеме бойынша мәтін соңына әдебиеттер тізімін рәсімде. Ол үшін, алдымен, келесі бетте берілген сілтеме жасау және пайдаланылған әдебиеттерді рәсімдеу туралы мәліметтерді оқы.

       Дәйексөзге сілтеме жасау және пайдаланылған әдебиеттерді рәсімдеу талаптары

       Дәйексөз – мәтін авторының өз ойын дәлелдеу үшін өзге бір автордан сол қалпында өзгертпей алынған сөзі. Дәйексөз – ойдың шегесі. Дәйексөз бөгде адамның төл сөзі болғандықтан, ол арнайы тыныс белгілерімен ерекшеленіп көрсетіледі.Дәйексөз алынған сөйлемнің соңына сілтеме беріледі. Сілтеме тік жақшамен рәсімделеді. Жақшаның ішіне, алдымен, дәйексөз алынған еңбектің пайдаланылған әдебиеттердегі рет саны, содан кейін еңбектің сол сөйлем алынған беті жазылады.
     Пайдаланылған әдебиеттер тізімін рәсімдеудің де өз талаптары бар. Алдымен дәйексөз алынған еңбек авторының тегі және атының алғашқы әрпі жазылады да, нүкте қойылады. Содан кейін еңбектің аты толық жазылады. Келесі кезекте сызықша арқылы еңбек жарияланған қала атауынан кейін қос нүкте қойылып, бас әріппен баспаның аты, одан соң үтір қойылып, шыққан жылы жазылып, нүкте қойылады. Содан соң тағы да сызықша қойылып, еңбектің жалпы бет саны жазылады.
    Мысалы: Абай ғылымның адам өміріндегі маңызын ашып көрсете келіп: «Ғылым таппай мақтанба», – деп тұжырым жасайды [1, 12-б.].
   

                      Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Құнанбайұлы А. Сен де бір кірпіш дүниеге. – Алматы: Атамұра, 2014. – 288 б.

10. Өлеңді мәнерлеп оқы.

Мұнай теңізі

Кең даланың астында
Ғажап теңіз бар екен.
Жер бетіне тасқындап
Бір шығуға зар екен.
Мұнай-теңіз сол екен,
Қасиеті оның мол екен.
Сонау дала төрінен
жанады екен от болып.
Есіңде сақта!
Ракета да сонымен
зулайды екен оқ болып.

Онсыз бәрі тұрады,
мотор істен шығады.
Ойыншық та сендерге
жасалады мұнайдан.
Егін өсер жерлер де
сол арқылы тыңайған.
Мұнай-теңіз сол екен,
қасиеті оның мол екен.
                                                               

                                                                 Ф. Оңғарсынова

11. «Салыстыр!» Мұнайға қатысты ғалым М.Диаровтың және ақын Ф.Оңғарсынованың жазған мәтіндерінің тақырыбына, автор көзқарасына, мақсатты аудиторияға сәйкес қызметіне, құрылымына, тілдік ерекшелігіне байланысты салыстырмалы талдау жасаңдар. Оны диаграмма түрінде рәсімдеңдер.

12. «Ең әдемі тақырып» ойыны. Өлеңге өзгеше тақырып қойыңдар. Топпен ең үздік тақырыпты таңдаңдар.

13. Қазақстанның қай өңірлерінде мұнай өндірілетінін картаға сызып көрсет. Қосымша дереккөздерді қолдан.

14. Сыныптастармен айтыс. Табиғат, экология, мұнай, ядролық өндіріс сөздерін және тыңдалым, оқылым мәтіндерінде айтылған негізгі мәліметтерді пайдалана отырып, сыныптасыңмен айтысу үшін өлең жолдарын шығар (бірнеше оқушы бірлесіп айтысуға да болады).

15. Айтысқа қатысқан оқушыларға сыни пікір білдір

1) Айтыс жанрына қойылатын талаптар сақталды ма? Дәлелде.
2) Берілген тірек сөздер қамтылды ма? Дәлелде.
3) Айтылған ақпараттар шынайы ма? Дәлелде.
4) Тыңдалым, оқылым мәтініндегі ақпараттар айтылды ма? Дәлел келтір.

16. «3-2-1» тәсілі бойынша өз ойыңды жаз.

• Сабақтан алған маңызды 3 ақпарат.
• Сабақта ұнаған 2 іс-әрекет.
• Сабақта қиындық тудырған 1 мәселе.

×
×

Корзина