Әуелеген әсем әуен

1-тапсырма. Музыка тыңдау және талқылау.

Құсни-Қорлан

Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Табиғат берген екен Күн мен Айын.
Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,
Дариға, арманым көп, не қылайын?

Қайырмасы:
Ахау, арман!
Құсни-Қорлан,
Екеуі туған екен бір анадан,
Екеуі туған екен бір анадан.

• Әннің сөзі мен әуеніне көңіл бөл.
• Екі нұсқада орындалған «Құсни-Қорлан» әнінің ерекшеліктерін талқыла.
• Әнші, ақын Естай махаббат сезімін әуен арқылы қалай жеткізген (жігерлі, баяу, жылдам, көңілді, лирикалық)?

2-тапсырма. Зерттеу.

   Естай Беркінбайұлы (1874–1946) – композитор, ақын-әнші. Павлодар өңірінде дүниеге келген. «Майда қоңыр», «Дүние» – әншінің қазақ халқына белгілі әндері. «Құсни-Қорлан» әні әлемге танымал. Әнші, ақын Естай – Біржан сал, Ақан серінің өнерлерін жалғастырушы ірі тұлға.

3-сыныптағы сал, сері ұғымдарын есіңе түсір. Естайдың шығармашылығы жөнінде ғаламтордан ақпарат іздестіріп толықтыр.

3-тапсырма. Әнді үйрену.

Қоғалы-ай

(қазақтың халық әні)

Бозбеткейлім-ай, ендеше, бозбеткейлім, ахау,
Бозбеткейден-ай, ендеше, мал кетпейді-ай.

Қайырмасы:
Қоғалы-ай,
Қоңырсалқын-ай,
Малға жай.

Шөбі жұмсақ-ай, шаруа, шөбі шүйгін, ахау,
Бағланы мыңғырған жер жетпейді-ай.

Қайырмасы:
Қоғалы-ай,
Қоңырсалқын-ай,
Малға жай.

Маусым-мамыр-ай болғанда, маусым-мамыр, ахау,
Мал құдықтан су ішер абыр-сабыр-ай.

Қайырмасы:
Қоғалы-ай,
Қоңырсалқын-ай,
Малға жай.

   • «Қоғалы-ай» әні – ел арасына кең тараған жиі орындалатын халық әні. Қобыз аспабының сүйемелдеуімен орындалатын «Қоғалы-ай» әнін тыңда, алған әсеріңмен бөліс.
   • Дуэтпен (екі дауыс) айтылатын заманауи (эстрадалық) орындаудағы «Қоғалы-ай» әніне көңіл бөл, алдыңғы тыңдаған орындаушымен салыстыр.
   • Өлеңдегі жер атауы «Қоғалы» қалай сипатталған? Қазақтың қандай тұрмыс-тіршілігі баяндалған?
   • Әнді үйреніп, көтеріңкі көңіл күйде орында.

4-тапсырма. Шығармашылық жұмыс.

«Қоғалы-ай» әнінің қайырмасын нотаға қарап, екі дауыста орындаңдар.

5-тапсырма. Бағалау.

Ең үздік екі дауыста орындаған орындаушыларды анықтап, бағалаңдар.

×
×

Корзина