1. ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Қазақстан халқы. 1917 жылы халық санағы жүргізілді. Санақ бойынша өлке халқының саны 6 млн адамнан асты. 1897 жылғы санақпен салыстырғанда халықтың саны біршама өскендігі байқалды. Республикада жыл өткен сайын этностық топ өкілдерінің құрамы да өсе түсті. Славян текті этнос өкілдері, негізінен, солтүстік, солтүстік-шығыс облыстарда өмір сүрді. Осы жылдардағы демографиялық ахуал көрсеткіші бойынша елімізде жергілікті қазақ ұлтының құрамы басым еді. Дегенмен олардың жалпы халық құрамындағы үлес салмағы айтарлықтай азайған. Оның себебі, ең алдымен, балалар өлімінің өсуі мен халықтың табиғи өсімінің төмендігі және соғыс салдарынан орын алған ауыр зардаптардың әсері болды.
1920 жылы тамызда Қазақ (Қырғыз – авт.) АКСР-і құрылды. Жаңа автономияның астанасы ретінде Орынбор қаласы бекітілді. Қазақ АКСР-і құрамына Семей, Ақмола, Торғай және Орал губерниялары, Маңғышлақ уезі, Красноводск уезінің, Каспий сырты облысының және Астрахан губерниясының, соның ішінде Бөкей Ордасының бір бөліктері енді. 1920 жылы қыркүйекте қазақ автономиясына Орынбор губерниясының бір бөлігі қосылды.
Зерттеу жүргіз
Не себепті 1925 жылға дейін «қазақ» атауының орнына «қырғыз» атауы қолданылып келді?
Азамат соғысы аяқталысымен алғашқы кеңестік санақ жүргізілді. Аталған шараның нәтижесі бойынша ол кезде автономия аумағында 3 млн-ға жуық адам өмір сүрген, олардың 91%-ы ауылдық жерде мекендеді, қалғаны – қалалар мен қалалық елді мекендерде тұрақтаған. «Ақтар» мен «қызылдар» қарсыластығы елде әлі де кейбір ошақтарда басылмағандықтан, бұл санақ Қазақстанның барлық аймағын қамтымады. Басқа ұлт өкілдері санының көбеюіне байланысты халық құрамы елеулі өзгерістерге ұшырады. Ұлттық саясатта интернационализм ұғымы орнықты.
Азамат соғысынан кейін азық-түлік салғыртының нәтижесі, шаруашылық күйзеліс, аштық салдары 1917–1920 жылдар аралығында халық санының кемуіне әкелді.
1918 жылғы кеңестердің Бүкілтүркістандық V съезінде «Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы» туралы ереже бекітілді. Қазақтардың басым бөлігі ТАКСР-інің Сырдария және Жетісу облыстарында шоғырланды.
1924 жылы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеуге байланысты ТАКСР-і таратылды. Сол жылдың қазан айында Түркістан АКСР-інің құрамындағы қазақтар мекендеген жерлердің (Сырдария мен Жетісу) Қазақ АКСР-іне қосылғандығы туралы қаулы бекітілді.
2. ҚазАКСР-і полиэтникалық қоғамының өзгеріске ұшырауы.
Оңтүстік облыстарды қосу нәтижесінде Қазақстан аумағы ұлғайды. Қазақ АКСР-і одақтас республикалар арасында көлемі жағынан екінші орын алды (РКФСР-дан кейін – авт.). Қазақ халқының аумақтық бірігуі мемлекеттілікті нығайтып, республиканың экономикалық және мәдени дамуы үшін маңызы зор болды. Қазақстанның халық саны ұлғайып, аумағы кеңейді, күш-қуаты артты.
1925 жылы сәуірде Орынбор губерниясы Қазақ автономиясы құрамынан шығарылды. Республика астанасын Орынбор қаласынан Ақмешіт қаласына көшіру және Ақмешітке Қызылорда атауын беру туралы қаулы қабылданды.
Билікке большевиктер келгенімен, Ресейдің еуропалық бөлігінен орыс шаруалардың қоныстануы жалғасып жатты.
1926 жылы Бүкілодақтық халық санағы өткізілді. Қазақстанның демографиялық көрсеткіші халық санағының қорытынды мәліметі бойынша 6,2 млн адамды құрады. Полиэтникалық республикамызда 86 ұлт пен ұлттық топтар өмір сүрді. Қазақтардың халық құрамындағы үлесі – 58,5%, орыстар – 20,6%, украин – 13,9% құрады. Қазақтар негізінде Сырдария, Орал, Ақтөбе және Жетісу губернияларында тұрды. Орыстар Ақмола және Семей губернияларында шоғырланды. Қостанай округі мен Ақмола губернияларында украиндардың үлкен топтары орналасты.
Талқыла
Қазіргі таңдағы ауылдан қалаға көшу үдерісіне салыстырмалы талдау жасаңдар.
3. 1937 және 1939 жылғы халық санақтары бойынша Қазақстан халқының саны мен ұлттық құрамы. 1928 жылы байларды тәркілеу, саяси қуғын-сүргін, 30-жылдардағы жаппай етек алған ашаршылық жалпы халық санының әсіресе қазақтардың кемуіне жеткізді. Тек ашаршылық кезінде республика 2 миллионға жуық жергілікті тұрғындарынан айырылды.
Ойлан
Не себепті халық санының азаюы ұлт өкілдерінің «көшіп кетуімен» түсіндірілді?
1937 жылғы халық санағы бойынша 5,1 млн адам тіркелді. Оның ішінде қазақтар – 42,6%, орыстар – 37,4%, украиндар – 10,7% адамды құрады. 1937 жылы қаңтарда өткізілген бір күндік санақ қорытындысы дұрыс емес деп танылып, мәліметтері құпия сақталып, жойылды. Халық санының азаюын көшіп кеткен ұлт өкілдері санымен түсіндірген. Санақ жүргізгендердің біразы қуғын-сүргінге ұшырап, көпшілігі атылды. Бұл санақ материалдары жарияланбай, ұзақ уақыт бойы КСРО мұрағаттарында сақталып қалды.
1939 жылғы санақ бойынша республикадағы қазақтар саны 2,3 млн адам болды. Қазақстанда этностардың жаңа көрсеткіші қалыптасты. Ұлттық құрамындағы қазақтардың үлесі 37,8%-ға азайды. Ал, жалпы халықтың үлес салмағының 40%-ын орыстар құрады.
Қазақстанның ұлттық құрамы өзгеруінің үрдісін қанша кезеңге бөлуге болады?
4. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықтар депортациясы. ХХ ғасырдың 30–40-жылдары КСРО басшылығы жеке халықтарды республика аймағына депортациялау, күштеп жер аударуды жүзеге асырды. 1936 жылы «арнайы қоныс аударылғандар» деп аталғандардың саны 360 мың адамға жетті. 1936 жылы Қазақстанға Украинаның батыс аудандарынан 15 мың поляк және неміс отбасылары жер аударылды.
Қуғын-сүргінге ұшыраған халық өкілдері қазақ жерінде екінші отанын тапты. Солардың бірі белгілі жазушы Герольд Бельгер Солтүстік Қазақстандағы Есіл өзені жағасында орналасқан шағын ауылға көшірілген неміс отбасында өсті.
1937 жылы Қиыр Шығыстан корей халқы да жаппай күштеп қоныс аударылды.
Түркия мен Иран шегараларына жақын орналасқан аз ұлттарға сенімсіздік күшейе түсті. 1937–1938 жылдары Кавказдан шегара аймақтарында тұратын күрд, ирандықтар мен түріктер «сенімсіз халықтар» деген желеумен көшірілді.
Қазақстан аумағына күштеп қоныс аударылғандар
1937 жылдың соңында Әзірбайжан, Армения КСР-і елдерінен мыңнан астам күрд, түрік отбасылары Қазақстанға әкелінді. Оларды, негізінен, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысының ауылдарына орналастырды. 1938 жылдың қазан-қараша айларында Әзірбайжаннан осы облыстарға ирандық 2000 отбасы қоныстандырылды.
Анықта
Неліктен Қазақстан аума-
ғына өзге ұлттар күштеп
қоныс аудартылды?
КСРО ХКК қаулысымен 1940 жылы Қазақстанға Украинаның батыс аудандарынан – 6478, Батыс Белоруссиядан – 203 қоныс аударушы-поляк отбасы және Бессарабиядан 8 мың адам көшірілді.
Қазақстан аумағына күштеп қоныс аударылғандар
5. Соғыс жылдарындағы кеңес өкіметінің депортациялық саясаты. Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қазақстанның этнодемографиялық жағдайы үлкен өзгерістерге ұшырады. Қазақстанға жүздеген мың адам еріксіз көшіріліп әкелінді. Жалпы соғыс жылдары алпыстан астам ұлт өкілдері күштеп қоныс аударылды.
Ойлан
Қоныс аударылған ұлт өкілдерінің басым бөлігі неліктен Қазақстан аумағына көшірілді?
КСРО-ға шабуыл жасаған «фашистік Германия әскеріне көмектесуі мүмкін» деген сылтаумен 1941 жылы қыркүйек айында депортацияның алғашқы легі кеңестік немістерді көшіру науқанынан басталды. 1939 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 92 мың неміс ұлтының өкілдері тіркелсе, соғыс жылдары 462 мың неміс күштеп көшіруге жоспарланды.
1941 жылдың аяғына дейін Қазақстанға 420 мың неміс жер аударылды. Оның ішінде 30 мың неміс ұлты – Алматы облысына, 60 мың – Ақмола облысына, 30 мың – Қарағанды облысына, 40 мың – Қостанай облысына, 50 мың адам – Солтүстік Қазақстанға қоныстандырылды.
Арнайы қоныс аударылғандар көбінесе тек елді мекендерге орналастырылды. Үй-жай, мал-мүлігін тастап, көшу кезінде оларға өзімен бірге тек қажетті заттарды ғана алып кетуге рұқсат берілді. Ұлты неміс әскери басшылар мен әскер қатарындағылар армиядан аластатылды. Неміс халқы республиканың облыс орталықтарынан көшіріліп, соғыс кезінде өндіріс орындарындағы ауыр жұмыстарға жаппай жұмылдырылды, МТС, совхоздар мен колхоздарға жіберілді.
Көшірілген халықтардың арасында адам өлімі көп болды. Ауру мен аштық жиі орын алды. Адамдар бір ауылдан екінші ауылға қатынаса алмады. Жеке құжаттары болған жоқ. Бәрі де арнайы комендатураның қатаң бақылауында еді. Барлық құқықтарына тыйым салынды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді, олардың қатарында қазақтардың саны 200 мыңға жетті. Мәселен, 1942 жылы қыста Магнитогорск металл балқыту пештерінде 10 мың қазақ жұмысшы істеген. Еңбек армиясындағы адамдардың өмірі өте ауыр еді. Шақырылғандардың негізгі бөлігі ауыл тұрғындары болды, оларды қара жұмысқа пайдаланды.
1943 жылы қазанда Қарашай автономиялық облысы таратылып, қарашайлар күштеп көшіріле бастады. Облыстан 14 774 отбасы, жалпы 70 мыңдай адам депортацияланды. Сол жылы Еділ қалмақтары елдің шығыс, солтүстік аудандарына және Оралға жер аударылды. Жалпы 100 мыңға жуық адам көшіріліп, оның 648 отбасы немесе 2 268 адамы Қызылорда облысына қоныстандырылды.
1944 жылы қаңтарда Мемлекеттік қорғаныс комитеті қаулысымен Қазақ КСР-і және Қырғыз КСР-і жеріне шешен және ингуш халықтарын көшіру туралы шешім қабылданды. Аталған халықтарды көшіру 1944 жылы ақпанда басталды. Шешен-Ингуш АКСР-і таратылды. Архив құжаттары бойынша 1945 жылы қазан айында республикаға 400 мыңнан астам адам, жалпы 90 мыңдай отбасы көшірілді.
Ойлан
Қоныс аударылған ұлт өкілдерін қазақтар қалай қарсы алды?
Мемлекеттік қорғаныс комитетінің 1944 жылы қаулысымен Қазақстанға балқар, месхетиялық түріктер, күрдтер қоныстандырылды.
1946 жылы Кеңес одағы бойынша қоныс аударылғандардың жалпы саны 2 463 940 адам, оның жартысы (1 миллион 200 мың адам) Қазақстанға көшірілді.
Депортацияланған ұлт өкілдеріне өздерімен бірге 200 кг жүктен артық алмау ескертілді. Өз жерінде қалған үй-жайын, мал-мүлкін жергілікті билік органдарына өткізіп, жаңа жерде сол үшін өтемақы алуға тиісті еді. Бірақ іс жүзінде тиісті көмек көрсетілмеді. Көшірілген халықтардың материалдық-тұрмыстық жағдайы өте ауыр болды, қаржы жетіспеді. Олардың материалдық мұқтажына байланысты мәселелер толық шешімін тапқан жоқ. Жергілікті өкімет билік органдары жер аударылғандарға қаражат пен азық-түлікті дұрыс бөлмеді. Суықтан, аштықтан, аурудан көптеген адам қырылды. 1944–1948 жылдар аралығында 101036 шешен, ингуш, балқар ұлт өкілдері қаза тапты. Келген 462 мың неміс ұлт өкілдерінен соғыс аяқталған кезде 330 мың адам қалды.
Кеңес өкіметінің ұлтаралық озбырлық саясатына қарсы наразылық өрши түсті.
6. Бүкілодақтық санақ қорытындылары бойынша халықтың ұлттық құрамындағы өзгерістер. Саяси қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс республиканың 600 мыңға жуық адамының өмірін жалмады. Дегенмен соғыстан кейінгі жылдары республика халқының саны қалпына келе бастады. Тұрғындардың табиғи өсімі еселенді. Әсіресе 50-жылдардың ортасында КСРО-ның одақтас республикаларынан ағылған жүздеген мың тың игерушілер есебінен көбейді.
Кеңес халқының миллиондаған адамға кемуіне байланысты санақ тек 1959 жылы өткізілді. 1959 жылғы санақ бойынша республика аумағындағы халық саны 9,3 млн адамды құраған.
1959–1970 жылдары Қазақстанға сырттан келушілердің көші-қоны азайып, ұлттық құрамында қазақтардың үлесі ұлғайғаны байқалады.
1950 жылдардың соңы – 1960 жылдардың басында республикадағы бала туу көрсеткіші жалпы одақтық көрсеткіштен 2 есе жоғары тұрды. Сонымен бірге халықтың өлім-жітімі, сәбилер өлімі біртіндеп төмендеді. Медициналық қызмет көрсету жақсарды. Қазақстан халқын 13 млн адам құрады.
Жұптық жұмыс
1970–1989 жылдардағы Қазақстандағы этно-демографиялық жағдайға қандай баға бересіңдер?
1970–1989 жылдары Қазақстандағы қазақтардың негізгі этнодемографиялық сипаттамасы: халық аштықтың және 30-жылдардың қуғын-сүргін салдарынан қалпына келе бастауы еді. Қазақстанның барлық облыстарында қазақтар саны көбейді. Ұзақ жылдар бойы солтүстік және шығыс аймақтарда азшылықты құраған қазақтардың үлесі артқаны байқалды.
Қазақстандағы қазақтардан кейінгі көпшілікті орыс ұлты құрады. 1970 жылы – 42,4%, 1979 жылы – 40,8%, 1989 жылы – 37,8% болды. Саны бойынша көрсеткіш жоғарылағанымен, республикадағы жалпы халық санының құрамында пайыздық үлесі төмендегенін байқаймыз.
Украин халқының саны 1959 жылдан бері азая бастады. 1970 жылғы санақ бойынша 933 мың украин (7,2%) тіркелсе, 1979 жылғы санақ дерегінде – 898 мың адамды (6,1%), 1989 жылы бұл көрсеткіш одан әрі азайып 5,5%-ды құрады. 1970–1989 жылдар аралығында украиндер саны Қазақстаннан кері кету есебінен азайды.
ХХ ғасырдың 30–40-жылдары кеңестік биліктің қысымымен Қазақстанға қоныс аударылғандар мен жергілікті тұрғындар арасында мәдени тұрғыда қарым-қатынас орнықты. Қоныс аударғандар қазақ тілін меңгерді, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысып, ұлттық тағам мен киім кию салтын да қабылдай бастады. Өз кезегінде жергілікті қазақтар жаңадан көшіп келгендердің музыкасы, тағам мәзірі, бау-бақша өсіру тәсілдерін меңгерді.
1. Әр облыстағы ұлттардың қоныстану ерекшеліктерін анықтаңдар.
2. Тоқырау жылдарында не себепті ауыл халқы қалаға көшті?
3. Кеңестік билік кезінде республикалар дербес ұлттық саясатын жүргізе алар ма еді? Зерттеу жүргізіңдер.
Ұлттық саясат – бір мемлекетте тұратын әртүрлі этностардың, этникалық топтар мен диаспоралардың арасындағы қарым-қатынастарды реттеу.
Полиэтникалық қоғам – бірнеше этникалық және ұлттық топ- тардан, диаспоралардан тұратын қоғам.
Депортация (лат. – қуу) – 1920–1940 жылдардағы жаппай қуғын- сүргін кезеңінде КСРО-ның бірқатар халықтарын тарихи мекендеген жерлерінен қуу. Депортация ауыр қылмыстардың қатарына жатады.
Шығармашылық тапсырмалар.
1-тапсырма. Қосымша материалдарды пайдаланып, ХХ ғасырдың 30–40-жылдарында Орталық Азияның қай мемлекеттеріне қандай ұлттардың жер аударылғандарын (сандық мәлімет) анықтаңдар.
2-тапсырма. Тарихи деректер мен көркем әдебиеттер негізінде «Қазақстанға жер аударылған немістердің тағдыры» тақырыбында шағын эссе жазыңдар.
Жүздеген шешендер мен ингуштер Ембі кәсіпшілігінде, таулы Алтай, Қоңырат, Текелі кеніштерінде жұмыс істеді. «Жұмысшы колонналарының» еңбек жағдайы туралы НКВД Челябинск металлургия құрылысы лагері тұтқындарының бірі кейіннен былай деп есіне алады: «1942 жылы 9 ақпанда болашақ комбинаттың құрылыс алаңына 25 мыңнан аса жұмысқа шақырылған кеңес немістері келді…» Осы арада біз тоң жерден жертөлелер қаздық, даладан гөрі сәл жылы болатын және түнде көрпелеріміз сыз еденге жабысып қалатын. Әр күні таңертең «подъем» (тұрыңдар) және «бегом» (жүгіріңдер) командасымен шамасы келгендер жуындыға өте ұқсас қоймалжың сұйық «баландаға» жүгінетін едік…»
Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы. 2010, 512-бет.
Қосымша материалдарды пайдалана отырып, еңбек армиясындағы қоныс аударғандардың әлеуметтік-құқықтық жағдайын анықтаңдар.