МҰНАЙ ҚАЛДЫҚТАРЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯҒА ӘСЕРІ

1. Төмендегі мақалдардың мәнін түсіндір.

1) Ер елімен жақсы,Жер кенімен жақсы.
2) Ер күйігінен жер күйігі жаман.
3) Жер екеш жер де ауырады.

2. Суреттерге қара. Осы экологиялық мәселелерді шешудің қандай жолдарын ұсынар едің?

3. Мәтінді мұқият тыңдап, сұрақтар дайында.

«А» оқушы – сұрақ құрастырады.
«В» оқушы – жауап береді.
«С» оқушы – сұрақтың дұрыс қойылуы мен жауаптың дұрыс болуын
қадағалайды. Қатесін түзетіп отырады.

4. Рөлдік ойын. «Маманмен сұхбат». Дайындаған сұрақтарың бойынша сол сала маманы мен оқушының диалогін құрыңдар.

5. Мәтінді түсініп оқы.

    Заман өзгерді, техника дамыды деп қанша айтсақ та, адамзат топырақты алмастыра алатын жасанды дүниені әлі күнге дейін ойлап тапқан жоқ. Біз тіршілікке керектінің бәрін дерлік топырақтан аламыз. Бірақ Жер-ананы аялауды ұмытып кете береміз. Мысалы, мұнай және мұнай өнімдері қалдықтарынан табиғи экожүйенің бұзылуы экологиялық қауіп-қатердің ықтималдығын жоғарылатады.
    Әрине, кен орындарын игерген жақсы. Ал экономиканы ғана ойлап, экологияны назардан тыс қалдыру бүгін болмағанмен, күндердің күнінде зардабын тарттыратыны анық. Ғалымдар мұнай қалдықтары топырақ қабатына сіңбей, жер бетінде тұратынын, оған өсімдік те шықпайтынын дәлелдеген. Жаңбыр жауса жағдай тіпті қиындайды, ластанған аумақтың көлемі ұлғаяды. Сондай-ақ топырақ жамылғысының бүлінуі биосфераға ғана емес, адамзат денсаулығына да зиянды әсерін тигізеді.

«Егемен Қазақстан» газетінен

6. Мәтінді қайта тыңдап, негізгі ақпараттарды іріктеп жаз.

1) Мұнайдың бағасы неге байланысты өзгеріп отырады?
2) Мұнай қалдықтары табиғатқа қалай әсер етеді?
3) Мұнай өндірісінің қандай пайдалы жақтары бар?
4) Мұнай өндірісінің шығу тарихын білесің бе?
5) Еліміздің қай өңірлерінде мұнай өндіріледі?
6) Мұнайдан не өндіреді?
7) Мұнай төгілген топырақ қалпына келе ме?
8) «Мұнай өндірісінің пайдасынан зияны көп» деген пікірмен келісесіңбе? Келіспесең, ойыңды дәлелде.

7. «Қос диаграмма» әдісімен ядролық жарылыс және мұнай қалдықтарының себептері мен салдарын салыстырыңдар.

8. Оқылым мәтінінің мазмұнына сәйкес тілдегі көркемдегіш құралдарды орынды қолданып, тұжырым жасаңдар.

9. Әртүрлі дереккөздерден алған білімдеріңді қолдана отырып немесе үйдегі үлкен кісілерден естіген аңыз-әңгімелерге сүйеніп, «Табиғат-ана» тақырыбында ойтолғау жазыңдар. Ескерту: ойтолғауда көркемдегіш құралдарды қолданыңдар.

10. Мәтінді оқы. Адам мен Табиғат арасындағы байланыстың мәні туралы көпшілік алдында сөйленетін сөз мәтінін (150–170 сөз) жаз. Онда төмендегі мәліметті кірістір. Шешендік сөз тәсілдерін қолдан.

      Бақытсыздық оған атақ-даңқы шыққан кезде тап болады. Композитордың саңыраулығы күн сайын күшейе түседі. Людвиг ван Бетховен енді бұрынғыдай көпшілікпен араласып, қарым-қатынас жасай алмайды. Ендігі жерде бала кезіндегідей шет аулақта, табиғатпен жеке «тілдесу» ғана оның көңілін қуанышқа бөлей алады. Өмірдегі сан алуан дыбысты, үнді ол ести алмайды, тек іштей ғана сезінеді. Осы бір ғажайып дыбыс әлемі оның «Пасторальдік симфониясының» музыкасында көрініс табады. Музыка үнінен мөлдір бұлақтың сылдырын да, құстардың у-шуын да, күн көзін басқан қалың бұлт арасындағы сатыр-сұтыр найзағай үнінде, бақташы сыбызғысының сызылтқан әсерлі әуенін де естуге болатын еді.
   «Шынайы суреткерге паңдық та, астамшылық та жат, өйткені ол өнердің шексіз екенін біледі, сезінеді», – деп жазды ұлы композитор.


«Ұлы адамдар өмірі» жинағынан

11. «Оймоншақ». Сыныптағы оқушылар бес топқа бірігіңдер. Әр топтағы оқушылар осы бөлім бойынша алған білімдері туралы біртұтас мәтін құрап айтуы тиіс. Ол үшін бір оқушы бір сөйлем айтады. Оны екінші оқушы әрі қарай жалғастырып, бір сөйлем айтады. Осылайша топтағы барлық бала сол ойды жалғастырып отырады. Соңында біртұтас мәтін түзілуі тиіс. Ой жалғастығы үзілмеуі үшін алдыңғы сөйлем мен кейінгі сөйлемдер логикалық жағынан байланысты болуы шарт.

×
×

Корзина