КӨШІ-ҚОН – ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰБЫЛЫС

1. «Ассоциограмма» әдісі. «Көші-қон» дегенде ойыңа қандай мәселелер келеді? Ойыңды диаграмма түрінде жинақтап жаз. Сенің болашақ мамандығыңның көші-қонмен қандай байланысы болуы мүмкін? Пікіріңді айт.

2. Сұрақтарға жауап бер.

1) Қазіргі қоғамда қандай әлеуметтік мәселелер бар?
2) Көші-қон әлеуметтік мәселеге жата ма? Неліктен?
3) Көші-қон қандай жағдайда орын алады деп ойлайсың?
4) «Қызыл крест», «Қызыл жарты ай» ұйымдары туралы не білесің?
5) «Қызыл крест» ұйымының көші-қонға қандай қатысы бар?
6) Жаратылыстану және математика бағытындағы мамандықтардың аталған ұйымдардың жұмысын жандандыруға қандай ықпалы болуы мүмкін?
7) Эмиграция мен иммиграцияның (көші-қон) бір-бірінен қандай айырмашылығы бар?

3. Суреттерге қара. Осы жағдайлардың қайсысы адамның сырттан жұмыс іздеуіне немесе өзге елге қоныс аударуына себеп болады деп ойлайсың? Пікіріңді тұжырымдап жаз.

4. Мәтінді мұқият тыңда.

5. Әлемдік деңгейде жұмыс жасайтын ұйым басшысымен жүргізілген сұхбаттан үзіндіні тыңдадыңдар. Әңгіме қай қоғамдық ұйымның жұмысы туралы болды? Тыңдалым мәтіні бойынша талқылау сұрақтарын құрас- тырыңдар. Өзара ой бөлісіңдер.

6. Тыңдалым мәтіні бойынша аталған ұйымның адамзаттық мәселелерді шешудегі рөлі туралы шағын мәтін жаз. Мәтінде көтерілген қоғамдық- саяси, әлеуметтік мәселенің қазіргі таңдағы өзге де ғаламдық мәселелермен байланысына назар аудар.

Сөзталас

     Сөзталас – пікірталастың ең қарапайым түрі. Ол бейресми, ресми қарым-қатынас жағдайларында қолданылады. Арнайы дайындықсыз, күнделікті қарым-қатынас үстінде кездейсоқ туатындықтан, сөзталастың мазмұндық-құрылымдық жүйесіне, онда қолданылатын тілдік құралдарға талаптар қойылмайды. Оның түпкі нәтижесі де өзге пікірталас түрлері сияқты алдын ала болжанбайды, белгілі бір тілдік құралдарды қолдану маңызды емес. Сөзталас ауызекі сөйлеу стилінде жүзеге асады.  Сөзталаста әзіл-қалжың да, құнды дәйексөздер де ретіне қарай қолданыла береді. Сонымен қатар әріптестерді құрметтеу, сыпайы тілдесу талап етіледі.
    Сөзталастың ұлттық ділге сай көркем үлгілері қазақ ортасында жеңге мен қайны, жезде мен балдыз, нағашы мен жиен, құрдастар арасында жиі кездеседі.

7. Мәтінді оқып, қажетті ақпараттарды жазып ал.

    Халықаралық «Қызыл крест» және «Қызыл жарты ай» ұйымы федерациясының бас хатшысы Эльхадж Ас Си еңбек миграциясын дұрыс басқаруды қажет ететін мәселе ретінде қарастыру керек деп санайды.
    Журналист: Ас Си мырза, Таяу Шығыстағы көші-қон дағдарысы, Ирак пен Сириядағы оқиғалар «Қызыл крест» және «Қызыл жарты ай» ұйымының жұмысына қалай әсер етті?
    Эльхадж Ас Си: Қазір Таяу Шығысты ауқымды дағдарыс жайлап тұр. Сирияда өте көп адамды үйін тастап кетуге мәжбүрлеген соғыстың жалғасып жатқанына бірнеше жыл болды. Болашақта жағдай түзеліп, үйімізге оралармыз деген үмітпен алты жарым миллион адам Сирияның өз ішінде босып жүр. Ал көрші Ливанда бір миллиондай сириялық босқын бар. Қазір Ливан халқының үштен бірін босқындар құрайды. Иордания – Сириядан миллионнан астам, ал Ирак пен Палестинадан 500 мың босқын қабылдаған ел. Түркияда үш миллиондай сириялық босқын жүр.
    Бұл сандар көші-қон дағдарысының ауқымы қандай екенін түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан босқындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қақтығыс болып жатқан елдерде, транзит елдерде, мигранттар барып жатқан елдерде «Қызыл крест» және «Қызыл жарты ай» қызметкерлері жұмыс істейді.
    Ауызсу, тамақ, санитарлық-гигиеналық құралдар сияқты ең зәру заттармен қамтамасыз етуден бөлек, біз босқындардың құқығын қорғауды да ұмытпауымыз керек. Оның ішінде халықтың ең қорғансыз топтары – балалар мен әйелдердің құқығын қорғауға тиіспіз.
    Журналист: Орталық Азия елдерінен Қазақстан мен Ресейге келген еңбек мигранттары үшін ең үлкен мәселе қандай? Қай проблеманы дереу шешу керек деп ойлайсыз?
     Эльхадж Ас Си: Егер көші-қон туралы айтар болсақ, әрине, оларды бөліп қарастыруымыз керек. Тұратын жері қауіпті болғандықтан, қоныс аударатын және экономикалық мүмкіндіктер үшін елінен кететін мигранттар болады. Қазір бүкіл әлем бойынша еңбек мигранттары санатына жататын 150 миллионнан астам адам бар. Олар халықтың біраз бөлігін құрайды. Бұл – Орталық Азияға да тән құбылыс. Аймақта еңбек мигранттарының құқықтық мәртебесін мойындау проблемасы кездеседі. Заңсыз әрекеттердің құрбанына айналмай, оларға медициналық және әлеуметтік қызмет түрлері қолжетімді болып, еңбек нарығында заңды түрде тіркеліп, еңбек қанауына тап келмеуі үшін мигранттар мен олардың құқығын қорғау – аса өзекті мәселе.
    Еңбек мигранттарын қорғау жұмысы оларды қабылдаған елдер үшін де маңызды. Қоғам еңбек миграциясынан қорқады. Бұл – қате түсінік. Оның ұтымды жағы да бар. Біріншіден, мигранттар өздері жұмыс істейтін елдің экономикасына үлес қосады. Екіншіден, еліне ақша жібереді. Егер бәрі заң аясында ұйымдастырылса, тиімді нәтиже береді. «Қызыл крест» ұйымының негізгі міндеті – мигранттардың жұмыс істеп жүрген елге де, өз еліне де пайда әкелуі үшін олардың құқығы мен ар-намысын қорғау. Сондықтан көші-қонды дұрыс басқаруды қажет ететін мәселе ретінде қабылдау керек.
Журналист: Сұхбат бергеніңізге рақмет!


М. Асаутай

8. Тыңдалым, оқылым мәтіндерінің негізінде «Қызыл крест» және «Қызыл жарты ай» ұйымы айналысатын мәселелерді ретімен жаз.

9. Берілген сұхбаттың құрылымына, журналист пен сұхбат берушінің сұрақ-жауабындағы сөздің коммуникативтік сапасына (сөз түсініктілігі, дәлдігі, анықтығы, тазалығы, жүйелілігі) шағын жазбаша талдау жаса. Сұхбаттың рәсімделуіне көңіл бөл. Пікіріңді айт.

10. Сұхбаттың жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай тілдік құралдарды орынды қолданып, берілген сұхбат бойынша тезис жаз. Ол үшін төмендегі тезиске байланысты берілген ережеге назар аудар.

   Тезис – абзацтың, лекция мен баяндаманың негізгі мәселелерінің жинақталып, қысқаша тұжырымдалған нұсқасы. Мәтіндегі тезис саны берілген негізгі ақпараттар санымен бірдей болады.
   Тезис екі түрлі: түпнұсқа тезисте автор өз мақаласында айтылатын ойды жинақтап жазады. Қосалқы тезисте өзге автордың еңбегіндегі ой тұжырымдалып беріледі. Қосалқы тезис жазуға қойылатын талаптар:
– мазмұнға сай болуы;
– тақырыптың дамуы қысқа және өзара логикалық байланыста жазылуы;
– әр ой қысқаша абзац түрінде жазылуы;
– автордың сол мәселеге қатысты ойы көрсетілуі тиіс.
   P.S.: тезис ықшам болу үшін мысалдар, дәйексөздер, салыстырулар, сипаттаулар, риторикалық сұрақтар, фразеологизмдер, өлең жолдары қолданылмайды.

11. Сұхбат мәтінінде көтерілген мәселе бойынша ұйым басшысының пікірі- не талдау жаса. Оны дәлелдеу үшін 4 себеп жаз. Автордың ойын сыни тұрғыда бағала.

12. Берілген анықтамаларды оқы. Олардың қай стильде жазылғанын нақты тілдік құралдар (терминдер, ұғымдар) мен сөйлемнің синтаксистік құрылымы арқылы дәлелдеп айт.

    Көші-қон – географиялық қозғалыс, яғни өзге мемлекет пен аймақтық территорияға демалыс және т.б. кез келген мақсатпен 7 күннен көп уақытқа қоныс аудару. Оның басқа демографиялық үрдістерден айырмашылығы – көші-қон территориялық және уақыт көлемінде бірыңғай өтеді. Ұзақтығы мен мақсаттарына, жиілігіне қарамай, кез келген территориялық қозғалысты, әртүрлі мекенжай, аймақтар арасында жүзеге асатын көші-қон үрдісін кең мағынада «миграция» деп атайды. Тұрғындар миграциялық қозғалыстар нәтижесінде материалдық жағдайын реттейді, сол себептен ол әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан сипатталады.
   Демография – халық санын, өсімін және құрамын зерттейтін ғылым.
   Әлеуметтану – адамзат қоғамын, әлеуметтік топтар мен әлеуметтік өзара әрекеттерді жүйелі зерттейтін ғылым.
   Урбанизация – халықтың қалаға шоғырлануы. Артта қалған елдерде урбанизация қарқынды жүзеге асады және ондағы ірі қалалардың көлемі он жыл ішінде екі есеге артады.
   Субурбанизация – қала маңындағы аймақтардың өсуі.
    Ішкі көші-қон – тұрғындардың ел ішінде жаңа жерлерге қоныс аударуы.


Д.Бринкерхоф. «Әлеуметтану негіздері» кітабынан

       Р.S. Бұл кітап – «Рухани жаңғыру» идеясына сәйкес «100 жаңа оқулық» бағдарламасы бойынша ағылшын тілінен аударылған еңбектің бірі.

13. Ақпарат құралдарынан «Қызыл крест» ұйымы туралы мәліметтерді тап. Бұл ұйымның жаһандық көші-қон жағдайында атқарып жатқан істері туралы әлеуметтік-тұрмыстық деңгейдегі сөзталас сипатында шағын мәтін жаз.

14. Рөлдік ойын. Топқа бірігіп, ғаламдық көші-қон жөнінде сөз- талас ұйымдастырыңдар. Рөлдер мен сөз мазмұнын әр топ өз қалауына қарай шешеді. Ең қызықты әрі мазмұнды сөзталасты сынып оқушылары анықтайды.

15. Графиктік суретті пайдаланып, Қазақстандағы көші-қон мәселесіне қатысты негізгі үрдістерді анықта. Көрсетілген мәліметтерді биылғы ақпараттармен салыстыр. Кестедегі пікірді толықтырып, мәтін құрап жаз. Мәтіндегі деректерге талдау жаса.

16. Осы тақырып бойынша меңгерген біліміңе сүйеніп, «Көші-қон – ғаламдық мәселе» тақырыбында эссе жаз. Алдымен жазба жұмысының идеясын, жоба-жоспарын құр. Ойыңды дұрыс жүйелеп, мәтінді абзац пен бөліктерге бөл.

17. Жазған эсселеріңді өзара алмасып, бір-біріңнің жұмыстарыңа ауызша талдау жасаңдар. Қажетіне қарай логикалық және стильдік түзетулер енгізіп, редакциялайтын тұстарын атаңдар.

18. «Менің сабақтан кейінгі әсерім» кестесін толтыр.

×
×

Корзина